Мажарлар ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы заң қабылдады

3764
Adyrna.kz Telegram

Венгрия мектепте ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы заң қабылдады. Бұл Еуропа мемлекеттерінің арасында үлкен дау туғызып жатыр. "Егер Венгрия демократиялық құндылықтар мен теңдікті ұстанбаса, онда оған ЕО тарапынан жобаларын қаржыландыру тоқтатылуы тиіс", - деп мәлімдеді ЕО комиссары Элен Далли.  Далли бұған дейін Польшаның өзін "ЛГБТ-дан азат аймақ" деп жариялағанын да еске алып, Варшаваға ескерту жасады. 

Венгрия парламенті Будапеште ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы заңды оппозиция, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың қысымына қарамастан қабылдап жіберген еді. Құжат оқу орнында ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салады, сондай ақ ірі сауда орталықтарында олардың жарнамаларын ілуге рұқсат етпейді. Жобаны Венгрия премьері Виктор Орбанның партиясы жасап, парламентке жіберген еді.

Венгрия қабылдаған заңды Еуропаның 13 мемлекеті айыптады. Олардың ішінде Бельгия, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Германия, Ирландия, Латвия, Литва, Люксембург, Нидерланды, Испания және Швеция бар.  Заңға ЛГБТ өкілдері қарсылық білдіріп, түрлі үндеулер жасауда. Олар Еуропа елдері Венгрияны қысымға алып, түрлі экономикалық санкциялар салуын сұрауда.

Венгрия ЛГБТ өкілдеріне қарсы емеспіз, алайда баланың миын улауға қарсымыз дейді. Адам 18 жастан асқан соң ғана өз еркі бойынша таңдау жасауы тиіс, оған дейін оны түрлі насихатпен улау қателік дейді заңды ұсынушылар. Венгрия өзінің ішкі ісіне араласқан Еуропа елдеріне наразылық танытты.

"Мен өз ұлым мектептен миы шайылып, насихаттың құрбаны болып келгенін қаламаймын, 18 жасқа дейін олай болмауы тиіс", - дейді Петер Сиярто. Венгрияның шешімін айыптаған ЕО елдері Будапештке қандай қысым жасауға болатынын ойластырып жатыр. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер