23 млн теңге: ұры ұсталды ма?

3640
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында ер адам сауда орталығын тонап, 23 млн теңгенің затын алып кеткен деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Polisia.kz-ке" сілтеме жасап.

Сарыағаш АПБ-ның кезекші бөліміне 102 телефоны арқылы хабарлама келіп түскен. Онда Сарыағаш қаласының көшелерінің біріндегі сауда орталығында тонау қылмысы орын алғаны жайлы көрсетілген. Сауда орталығына белгісіз азамат келіп, 93 дана ұялы телефон мен екі дана ноутбукті жымқырып, жалпы 23 миллион теңге шығын келтірген.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеп, қылмысты ашу үшін жедел-тергеу тобы құрған. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден сұрастырып, оқиға болған жердің жан-жағын аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тұрғылықты үйінен қолға түсті. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.

Белгілі болғандай, күдікті азамат түнгі сағат 03:00 шамасында сауда орталығына есік арқылы кіріп, қарауылды қорқытып, әжетханаға қамап қойған. Содан соң қолына ілінген ұялы телефондар мен ноутбуктерді алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Ұрлық жасаған ер адам қолды еткен заттардың барлығын сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер