Қырғызстан мен Тәжікстан шекарада болған тағы бір қарулы қақтығысты тексеруге кірісті. Осы оқиға кезінде 27 жастағы қырғыз шекарашысы оққа ұшты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, атыс 8 шілде күнді кешкі сағат бестің кезінде Чашмагильдан асуына жақын жерде болған. Қырғызстанның шекара қызметі қарулы қақтығысты тәжік әскерилері бастады деп отыр.
«Шамамен, сағат 17:00-де Қырғызстан Республикасының атпен жүретін шекарашылар жасағы Баткен облысы Лейлек ауданындағы Наумин асуының маңайында шекара бойымен қызмет атқарған. Ал Чашмагильдан асуының жанында Тәжікстан шекарашылары кенеттен шабуыл жасады. Жарақат алған адамдар бар», - делінген Қырғыстанның шекара қызметі таратқан ресми хабарламада.
Артынан атыс кезінде жарақат алған қырғыз шекарашысы Хуснидин Хожиевтің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
Тәжікстанның шекара қызметі осы оқиғаның мүлдем басқаша басталғанын мәлімдеді. Қырғызстан әскерилер шекараны бұзып қана қоймай, атысты өздері бастаған.
«Қырғыздың төрт шекарашысы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен. Қару асынған сарбаздар Деваштич ауданы тұрғындарының тоғыз жылқысын ұрлап, Қырғызстан жаққа алып кетпекші болды. Тәжік шекарашылары олардың мемлекеттік шекараны бұзғаны жайында ескерту жасады. Бірақ олар оқ атты. Тәжік шекарашылары да қару қолданды. Шекараны бұзған екі адам жараланды», - деді шекара қызметінің мамандары Sputnik Тәжікстан тілшісіне берген сұхбатында.
Қазіргі кезде оқиға орнына екі елдің шекара өкілдері аттанды. Олар мәселенің мән-жайын анықтайды.
"Адырна" ұлттық порталы