6 шілде күні елорда күні тойланып, Түркістан қаласында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Ұлы дала ұлы» атты ескерткіш бой көтерді. Бұл жағдай ел ішінде екіұшты пікірлерді де тудырғаны белгілі. Ғаламтор беттерін ақтарсаңыз пікірдің сан түріне куә боласыз. Осы орайда сіздерге өзге де мемлекеттердің патшаларына және таңдаулы саясаткерлеріне арнаған ескерткіштері және олардың кейінгі тағдырлары туралы сыр шертпекпіз.
«Үлкен үштік» ескерткіші. Рузвельт-Черчиль-Сталин, Ялта қаласы
Ескерткіш 2005 жылы Мәскеу қаласында мүсінші Зураб Церетелидің жетекшілігімен жасалған болатын. Туындының тарихына үңілер болсақ 1945 жылы Ялта қаласының жанындағы Ливадия сарайында өткен антигитлерлік коалицияның (КСРО, АҚШ, Ұлыбритания) көшбасшыларының басқосуы өткен. Үлкен үштіктің басшылары Йосиф Сталин, Уинстон Черчиль және Теодор Рузвельттың бейнелері ескерткіште көрініс тапқан. Тастұғыр аталған басқосудың 60 жылдық мерейтойына орай жоспарланғанымен, жергілікті украин халқы ескерткіштің қойылуына қарсылық білдірген. Ескерткіш жоспарланған уақытында жүзеге аспады және 2014 жылы Қырым халқының қарамағына берілді.
2015 жылы «Қырым 1945: Өткені, бүгіні, келешегі» атты ғылыми-конференция ұйымдастырылып, ескерткіштің салтанатты түрде ашылу салтанаты өтті. Туынды Қара теңіздің жағасында орналасқан, Ялта қаласынан 3 км қашықтықтағы Ливадия ауылынан орын тапты.
«Барри арманы», Джакарта, Индонезия
2009 жылы Индонезия астанасы Джакартада АҚШ президенті Барак обаманың құрметіне «Барри арманы» атты ескерткіш бой көтерді. Туындыда 9 жасар Обаманың қолына кішкентай құсты қондырып, күлімсіреген бейнесі көрсетілген. «Обаманың достары» қоғамдық ұйымының басшысы Рон Мюллер бір сұхбатында ескерткіштің ешқайндай саяси сарыны жоқ, тек Джакарта және бүкіл Индонезиялық балаларға «бейбітшілік сүйгіш» басшыны үлгі қып көрсету мақсатында ғана бой көтергенін жеткізді.
Биіктігі 110 см-ды құраған мүсіннің авторы болу құрметіне индонезиялық мүсінші Эди Чаниаго ие болды. Неліктен Барри арманы деген атау алды деген сұраққа келер болсақ, Барак Обаманы жергілікті халық Барри Сутуро деп те атайды. Себебі 1967-71 жылдар аралығында Барак Обама өзінің анасымен бірге Индонезияда өмір сүрген екен.
«Республика» монументі, Стамбул, Түркия
Аталған композиция тек Түркия еліндегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ерекше, көп қырлы туындылардың бірі болып табылады. Ескерткіштің басты қаһарманы-ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік. Ескерткіш 1928 жылы Стамбул қаласындағы Таксим алаңында итальяндық мүсінші Пиетро Канониканың бастамасымен бой көтерді. Көп қырлылығына қайта оралсақ, биіктігі 11 метр саналатын ескерткіште ұл көсемі Ататүрік және оның жақтастары Исмет Иненю мен Фивзе Чакмак бейнеленген. Ескерткіштің ең ерекше тұсы, екі жағының екі түрлі мағынада қатарласа салынуы. Оңтүстікке қараған жағында Ататүрік пен оның жақтастары заманауи іскерлік киімдерді кисе, солтүстікке қараған жағында түрік халқының азаттығы жолындағы күрестердегі әскери киіммен бейнеленген. Бұл монументті көру арқылы кез келген адам Ататүріктің әрі қол бастаған батыр екендігіне, әрі елдің даму бағдарын айқындаған саясаткерлігіне де қанық бола алады.
Американдық туынды немесе Рамшор тауы, АҚШ
Кез-келген салада ерекшеліктің иісін аңқытатын американдықтар өз президенттеріне ескерткіш орнату жағынан да топ ішінен қара үзіп шықты. Дакота Қара тауларынан Американдықтар төрт бірдей президентінің бейнесін жасап, барша әлем жұртшылығын елең еткізді. Төрт басшысын төріне шығарған бұл таулар ежелгі заманда «Алты баба» деген атауға ие болған. 1927 жылы меценат Чарльз Рамшордың пәрменімен бастау алған ескерткіш 1941 жылы толығымен жасалып бітті және 1931 жылы мемориалға меценат Рамшордың атауы берілді. Негізгі еңбек американдық мүсінші Гудзон Борглумның үлесінде.
Америкалық керемет саналатын бұл туындыны сіз әр түрлі фильмдерден көрмеуіңіз мүмкін емес. Ескерткіш жүзден аса фильмдар мен мультфильмдарда, түрлі плакаттарда бейнеленген. Рамшор тауынан төрт президенттің бас мүсінін көресіз. Бұл тұлғалар Америка халқында бұрын-соңды болмаған ерекшеліктерді сыйға тартқаны үшін ел арасындағы ең сыйлы президенттердің бірі болып саналады. Атап айтар болсақ Джордж Вашингтон Рамшор тауында Америка халқын демократияға жеткізгені үшін көрініс тапқан. Және де Тәуелсіздік Декларациясын енгізгені үшін Томас Джефферсон, құлдықты жойғаны үшін Авраам Линкольн, Панама каналдарын салып, мемлекеттің және бизнестың өркендеуіне зор үлес қосқаны үшін Теодор Рузвельт бейнелері салынған.
Дүние жүзінде ескерткіштер саны өте көп болғанымен, мемлекет басшыларына арналған тас тұғырлар ел назарын бірден өзіне аударары сөзсіз. Қызығы кейбір тұлғаларға мүсін тым ерте жасалса, кейбір саясаткерлер көптің көзінен тыс қалып қойып жатады. Кейбір ескерткіштердің елдің рухын көтерер ұлттық символға айналып, ал кейбірінің жағдайы мүлдем керісінше боп жататыны да баршамызға аян. Десек те, тұлғаға да, оның құрметіне салынған ескерткішке де шын төреші тек уақыт екендігін ұмытпайық.