Кәсіпкерлер вакцинация мерзімін кейінге шегеруді ұсынды

4116
Adyrna.kz Telegram

Шілденің ортасынан бастап вакцина алмаған қызметкердің жұмыс істеуіне рұқсат берген басшыларға 1,5 миллион теңге айыппұл салынады. Қызметкердің өзі кем дегенде 15 мың теңге төлеуі мүмкін. Алайда бизнесмендер қысқа уақыт ішінде бәрін вакциналау мүмкін еместігін айтады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

"Қазақстанның бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына бағынбай, қызметкерге вакцина алмай немесе жеті күн сайын ПТР-сынама тапсырмай жұмыс істеуіне рұқсат берген басшылар ӘҚБтК-нің 462 немесе 425-бабы бойынша жазаланады", - деп түсіндірді санэпидембақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Алайда кәсіпкерлер мұндай шараға дайын еместігін айтады. Олар қызметкерлерді міндетті вакциналау мерзімін ұзартуды сұрайды. Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану саласында екі миллион адам жұмыс істейді. Жарты айда бәріне екпе салып үлгеруі мүмкін емес. Оның үстіне бизнесмендер бәрін вакцина алуға мәжбүрлей алмайды.

"Біз вакцинацияны қолдаймыз, бірақ мұндай қысқа мерзімде емес. Ол мүмкін емес. Қазір кәсіпкерлер өз есебінен скрининг жүргізіп жатыр. Кем дегенде 1-15 қыркүйекке дейін мерзімді ұзарту қажет", - деді Қазақстанның қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Айта кету керек, 2 шілдеден бастап елімізде барлық қызметкері вакцина салдыруы тиіс нысандардың кеңейтілген тізімі шыққан болатын. Олардың қатарына базарлар, сұлулық салондары, дәмханалар, мейрамханалар, қызмет көрсету нысандары және жаппай баратын басқа да орындар кіреді.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер