Журналист - билік пен халық арасындағы, қала мен шалғайдағы ауыл арасындағы «алтын көпір» десек артық болмас. Көптің ауызында «төртінші билік өкілдері» деп аталатын мамандықтың бағасы қашан да биік. Күні кеше ғана елімізде БАҚ өкілдерінің төл мерекесі тойланған болатын. Қаламына қанат біткен қаһармандарға халықаралық, әлемдік деңгейде көптеген мерекелер мен атаулы күндер қарастырылған. Солардың бір топтамасына үңіліп көрейік.
13 ақпан - Бүкіләлемдік радио күні
Көптеген конфликттер мен қақтығыстар жағдайында радио біздің қорғаушы шығыршығымыз секілді. Бұл сөзді Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун айтқан болатын, және 2013 жылғы өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысында 13 ақпан датасын ресми түрде Бүкіләлемдік радио күні деп бекітті. Атаулы күннің 13 ақпанға бекітілуі тегін емес, 1946 жылы 13 ақпанда тұңғыш рет «БҰҰ Радиосы» атты радиолық хабарлар басты ұйымның штаб пәтерінен таралған болатын. Сол себепті ЮНЕСКО ұйымы қазіргі уақытта мерекенің аясын кеңейту мақсатында көптеген мемлекеттерді дәл осы мейрамды атап өтуге шақыруда.
7 наурыз - Халықаралық балаларға арналған телерадио хабар тарату күні
ЮНИСЕФ-тың шешімімен 1991 жылы енгізілген бұл мереке тележурналистика саласындағы ең бір жарқын мерекелердің бірі болып саналады. Балалардың сапалы ақпараттармен қоректенуі қай заманның болмасын басты талабы болып табылары хақ. Наурыз айының бірінші жексенбісіне жоспарланатын бұл мереке биылғы жылы 7 наурыз күні өз жалғасын тапты. Бұл мерекені әлемнің 100-ден аса мемлекеті жыл сайын атап өтеді және мереке күні балаларға арналған телеканалдар мен радиоларға арналған көптеген мерекелік бағдарламалар жүргізіледі. Мерекенің басты мақсаты жасөспірімдер мен балалар құқығын қорғаудағы шаралардың маңыздылығын арттыру екендігін ЮНИСЕФ ұйымы ескертуден шаршаған емес.
3 мамыр - Бүкіләлемдік жазу бостандығы күні
БҰҰ адам құқықтары туралы декларациясында зайырлы қоғамның кез келген өкілі өзінің қалауын және пікірін хат жүзінде немесе ауызекі түрде жеткізуіне толықтай мүмкіндіктер қарастырылған. Әр адам әлемде болып жатқан жағдайларға өз ықпалын тигізуі үшін жазу бостандығының ауадай қажет екендігін теріске шығара алмаймыз. Сол себепті 1991 жылы 3 мамырда ЮНЕСКО, БҰҰ және Виндхук семинарында «Жазу бостандығы» күнін бекіту туралы шешім қабылданды. Бұл атаулы күннің тағы бір мағынасы Виндхук конференциясына тікелей қатысты. Дәл осы конференцияда африка халықтарының жазу бостандығы мен тәуелсіздігі талқыланып, бекітілген болатын. Көптеген халықаралық ұйымдар жыл сайын мерекені атап өтіп қана қоймай, «жазу бостандығының дұшпандары» атты тізім құрастырады. Бұл тізімге БАҚ өкілдеріне немесе қарапайым халықтың жазба хаттарына кедергі жасаушы топ өкілдері енеді.
2 шілде - Халықаралық спорт журналистикасы күні
Халықаралық спорт журналистикасы күні 1995 жылы Халықаралық спорт баспасөзі құрылымының шешімі бойынша шілде айының 2 жұлдызына бекітілді. Дәл осы күні 1924 жылы Париж қаласында Халықаралық Спорт Баспасөзі Ассоциациясы құрылған болатын. Халықты ұлтына қарамай, діні мен нәсіліне бөлмей бірдей қабылдайтын спорттық шаралар мен сайыстардың жаршылары саналатын мамандарға бүгінгі уақытта құрмет ерекше. Сол себепті де халықаралық ассоциация да жыл сайын осы мерекеде өз ісінің майталмандарын арнайы жүлделермен марапаттап отырады.
21 қараша - Бүкіләлемдік телевидение күні
ХХ ғасырдың аяғындағы көптеген мемлекетаралық қақтығыстар кезінде телехабарлар мен телеарналардың елдерді келісімге келтіру жолындағы еңбегі орасан зор болды. Әлемдік оқиғаларға деген өзгерістердің бағасын БҰҰ әділ берді. 1996 жылы өткен БҰҰ Бас Ассамблеясында аталған мәселелер талқыланып, 21 қараша күнін ресми түрде Бүкіләлемдік телевидение күні деп бекітті. Бұл дата 1996 жылы өткен Бүкіләлемдік Телевизиялық форуммен де байланысты болды.
1933 жылы орыс ұлтынан шыққан американдық инженер Владимир Зворыкиннің ашқан жаңалықтарының нәтижесінде Ұлыбритания, Германия мемлекеттері тарихтағы алғашқы телехабарларды таратты. Бастапқыда өз уақытының жаңалықтарын ғана жариялап отырған телевидение қазіргі уақытта ұлт пен ұлтты, ел мен елді байланыстырып отырған ұғымға айналды. Тіпті өзге елдің мәдениетін сіңіру үшін сол мемлекеттің телеканалдарын қарасаңыз әбден жеткілікті. Халықаралық мереке телеарналардың дәл осы философиялық ұстанымдары үшін қабылданған болатын.
Уақыт өткен сайын маңызы ұлғайып жатқан БАҚ өкілдеріне деген мерекелердің бір шоғырымен сіздерді таныстырдық. Заманның жаршысы саналатын бұл тұлғаларға деген халықтың құрметі азайған емес. Біз де күні кеше өткен мерекемен еліміздің қалам тербеген баспасөз қызметшілерін шын жүректен құттықтаймыз. Қаламдарыңыз талмасын, тек бейбітшіліктің жаршысы болыңыздар!
Қуандық Көргенов