Бірегей театрға біртуар ақын келгелі қандай жұмыстар атқарылды?

3279
Adyrna.kz Telegram

Айтыскер ақын Ринат Заитовтың 2021 жылғы 8 ақпанда «Алатау» дәстүрлі өнер театры» КМҚК-ның директоры болып тағайындалғаны белгілі. Қазақстанда, тіпті әлемде баламасы жоқ бірегей Театрға есімі алты Алашқа мәшһүр біртуар ақын келгелі қандай іс-шаралар атқарылды деген сұрақ көбінің көкейінде жүргені сөзсіз.

Кез-келген мекеменің институтционалдық жүйесін қалыптастыру, жетілдіру керек екені анық. Ринат Заитов бұл бойынша былай дейді: «Бұл Театрдың мақсатын, жалпы бағытын айқындау үшін біз ең бірінші кезекте дәстүрлі ән өнерін, күй өнерін даралауға тырыстық. Мысалы, «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылым-концертте қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі бес мектеп (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) қамтылды. Ал «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешінде бір дәстүрлі әнді, яғни «Сарыарқаны» үш әнші орындады. Бұған дейін мұндай тәжірибені тек опера орындаушылары, атап айтқанда Лучано Паваротти, Пласидо Доминго және т.б. тенорлар қолданатын. Біздің дәстүрлі әндеріміз кейбір эстрада әндері сияқты жолай шығарыла салған әндер емес, әрбіреуінің артында бір-бір тарих тұр. Сол тарихты көрініс арқылы қысқаша баяндап, әннің табиғатын жеткізуге жұмыс істеп жатырмыз. Қазір де, алдағы уақытта да негізгі акцентті дәстүрлі халық әндері, халық композиторларының шығармаларына береміз».

Осы бағытта қолға алынған дәстүрлі өнермен синтезделген театрлық қойылымдардың бірі – 30 мамырда Алматы қаласы әкімдігі және Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасының қолдауымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында» өткен «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылым-концерт (Қоюшы-режиссер – Жұлдызбек Жұманбай, құрастырушы автор – Ардақ Беркімбай). Бұл қазақ театрының тарихында сөз болмаған тың жаңалық болды. Қойылым-концертте саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қапез Байғабылұлы, Сұлубай, Аманғали сынды өнер тұлғалары және Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлттық саяси-мәдени элитаның әндері айтылып, рухты мұралары насихатталып, сахналанды.

Сонымен қатар жоспарда халқымыздың мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірінде аса маңызды рөл атқарған, Қажымұқан, Балуан шолақ, Иманжүсіп сияқты талант иелері өнер көрсеткен атақты Қоянды жәрмеңкесін өткізу бар екенін ерекше атап өткен жөн.


«Алатау» дәстүрлі өнер театры жайлы бір ауыз сөзбен айтатын болсақ, бұл Театр «Ұлттық» статус алуға әбден лайық деген ойдамын. Бұл халықтың пікірі десе де болады!

8 ақпаннан кейін атқарылған іс-шаралар төмендегідей:

9 ақпан – «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық кеші.
(Ақиық ақын М. Мақатаевтың 90 жылдығына арналған)

13 ақпан – «Айтыс» (Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойына арналған «Assyl dombra» 2021 айтыс бәйгесінің тұсаукесері)

14 ақпан – «Алатау алабында» («Алатау» дәстүрлі өнер театрының дәстүрлі әншісі, Қазақ өнерінің қайраткері Алма Аманжолованың шығармашылық кеші)

27 ақпан – «Мен өмірді сүйемін» (Көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандардың қайырымдылық концерті)

8 наурыз – «Анаға тағзым» (Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты іс-шара)

Ұлыстың ұлы күні Алматы қаласының әкімдігінің және Мәдениет басқармасының қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театры сауықтық-танымдық бағдарламар топтамасын онлайн ұсынды.
20 наурыз – «Қыдырбектің қызықты күні немесе Алматы Наурызымен танысу» танымдық тележобасы.
21 наурыз – «Айтыс түрлері» атты сауықтық қойылым.
22 наурыз – «Қош келдің Наурыз» атты дәстүрлі музыкалық концерт.

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған «Бір шаңырақ астында» атты онлайн байқау (Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халық әндерін орындаулары бойынша). Сондай-ақ осы күнге орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театры «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты сазды және сауықтық онлайн іс-шараны өткізді.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр Ұлы жеңіс күніне орай ұйымдастырылған онлайн «Айтыс» (Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен)

9 мамыр – Ұлы жеңіс күніне арналған мерекелік концерт. (Онлайн форматта Алматы телеарнасымен)

30 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Кез болған кер заман» атты музыкалық қойылым-концерт өтті.

1 маусым – Балалар күніне орай бейнесюжеттер түсіріліп, Театр атынан «Алатау» тәттілері ұсынылды.

4 маусым – «ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне» орай Театр ұжымы ҚР Мемлекеттік Гимнімен жұмыс күнін бастады. Сондай-ақ Қазақ әуендерімен біріге отырып, Алматы Мәдениет басқармасына қарасты Алматы ТВ телеарнасында өткен Мемлекеттік концертке Театр ұжымы атынан 5 өнерпаз бен Ансамбль музыканттары қатысты.

20 маусым – Халықаралық әкелер күніне орай арнайы сюжеттік видеоқұттықтаулар болды. Театрдың шығармашылық тобымен қатар Театрдың әкімшілік қызметкерлері де қатысты.

23 маусым – «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші өтті. Аталмыш қойылым Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» аясында іске асырылды.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының әлеуметтік желілер арқылы атқарған жұмыстары (Қаралым бойынша):

YouTube: 1 200 557
Facebook : Орта есеппен 30 000
Instagram: 71 552
Жалпы саны: 1 302 109
Аудиторияны қамту бойынша шамамен 1 952 109

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің басшысы

Пікірлер