Коронавирус ежелгі тілдерді қалай жоюда?

2806
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус тек қана экономика мен сауда-саттыққа соққы жасап, әлем халқы арасында өлім санын арттырып қана қоймай, тұтас ұлт пен ол сөйлейтін тілді де жойып жіберудің алдында тұр.

Оңтүстік Америкада гуато атты халық бар. Саны өте аз. Эуфразия мен Висенте атты қос азамат осы халықтың өкілі. Олар Боливия шекарасына жақын маңда орналасқан Пантанал аймағында өмір сүреді. Қос азамат ежелгі гуато тілінде сөйлейді. Егер бұл екі азамат вирустан көз жұмса, онда ежелгі гуато тілі мәңгілікке жоғалмақ. Лингвистер аталмыш тілді жақында зерттеуді бастап, бұл тілге жеке әліппе жасауды бастаған еді.  Эуфразия мен Висентенің жасы жетпісті алқымдаған. Ең қауіптісі бұл екі азамат бүгінгі таңда вирустың ошағына айналған Бразилияның Мату-Гросу-ду-Сул штатында тұрады. ДДСҰ мәліметі бойынша бұл штатта соңғы екі аптада вирус жұқтырғандар саны 86%-ға артқан. Сұмдық көрсеткіш. Нағыз трагедия.

Гуато тілі сынды әне-міне жойылуы мүмкін тілдер Оңтүстік Америка құрлығында өте көп. Бразилия жүздеген аз ұлттардың тілі жойылу алдында тұрған ел. Әлемдік тілдер Атласына қарасақ қазір ЮНЕСКО мәліметі бойынша 178 тіл жойылудың алдында тұрса, соңғы бес жылда 12 тіл жойылып кеткен. Бразилияда лингвистер ежелгі тілдерді сақтап қалу жолында әр тілге жеке әліппе жасап, ол тілдегі аңыз-әңгімелерді сақтап қалуға тырысу үстінде. Алайда ежелгі тілде сөйлеуші өмірден өткенде ол тіл де мәңгіге тарих қойнауына кетеді.

Әрбір ежелгі тілді білуші вирусты жұқтырған сәтте лингвистер барын салып, оны құтқаруға тырысады. Денсаулық сақтау бөлімшелеріне хат жазып, тыныс алу аппараттарын алыс ауылдарға жеткізуге талпынады. Өкінішке орай көп жағдайда бұл жұмыстар тиісті нәтижесін бермейді. Жақында Пуани Ижину Туюка есімді азамат өмірден өтті. Оның өлімі күллі Бразилия тіл мамандарын есеңгіретіп тастады. Ижину өз халқының тілін сақтап, жаңғырту жолында ұзақ еңбек еткен еді.  Сол мақсатта ол өз мектебін ашып, аңыздар мен ертегілерді жазып отырған. Маусым айында коронавирус жұқтырып, көз жұмды. Ол өзі тілін тірілтіп кетті. Жергілікті халық оны тік тұрып, жерлеу рәсімінде оның жұмысы ұмытылмайтынын ұрандап айтқан.

1988 жылғы Бразилия Конституциясы азшылық ұлттардың тілін қорғау керектігі жайлы айтады. Іс жүзінде португал тілі барлық ортада танымал, сондықтан азшылық халық өз тілін ұмытып, португал тілінде сөйлеуге тырысады.  Жергілікті халықтың тілін сақтауда мұғалімдердің жетіспеушілігі де себепкер болуда. Оның үстіне ежелгі халықтың басым бөлігі ну орманда тұратындықтан, оларға жету де, тілін жазбаға түсіру де қиын.

Қазіргі уақытта Бразилияда ресми мәлімет бойынша 145 елді-мекенде 19 мың үндіс вирус жұқтырып, оның 588 өмірден өткен. Оның ішінде ежелгі екі тілді білетін бес азамат өмірден өтіп, ол тілдердің тарихы осымен аяқталды. Бейресми мәлімет бойынша мыңдаған үндіс вирустан көз жұмған. Бразилия Үкіметі Амазония бойындағы халықты дереу құтқару жолында жұмыстар жасап жатыр. Бірақ ну орманды басып өту және тұратын мекенін ұдайы ауыстыратын халықты табу қиынға соғуда.

Осылайша вирус әлемдік экономиканы ғана емес, ежелгі тілдерді де, тілмен қоса аңыздар мен хикаяларды да, тарихты да жойып жатыр.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер