5-шi жатақхана

1336
(Эссе-ретро)
Тұрғындар мен түлектер
Аман жүрсе, ертеңгi кiл мықтылар,
Мол табысқа толады уыстары.
Әзiрше қарапайым тiрлiк қылар,
Әзiрше туыс бәрi.
(Ертай Ашықбаев,
«Журфактың студенттерi»)
Қазақ қаламгерлерiнiң қалыптасуына мейлiнше ықпал ететiн, оның шығармашылық ғұмырында айрықша орын алатын құтты мекендер бар. Ең алғашқысы – жазу өнерiне құмартқан өреннiң туып-өскен ауылы. Әрине, жазушылардың денi ауылда өмiрге келедi. Әдетте олардың қолына қалам ұстауына белгiлi бiр нәрсе әсер етедi. Не өзiне мойын бұрмай кеткен құрбы қызға ерегесiп, өлең жазады. Күндердiң күнiнде әйгiлi адам атанып, әлгi күлiмкөзге қыр көрсеткiсi келедi. Не болмаса, ауылға әдебиет пәнiнен сабақ беретiн бiлiктi мұғалiм келiп, баланың бағын ашады. Тiптi болмаса, өз аулынан iлгерiректе шыққан бiр журналиске елiктеп, жазуға ұмтылады. Сөйтiп, туған ауылы талапкердiң қаламын ұштайды. Одан кейiн журфакқа түседi. Болашақ қаламгерлердiң алтын бесiгi саналатын әйгiлi 5-шi жатақхананы мекендейдi. Алматыда қызметке қалған журналистiң бұдан кейiнгi дәстүрлi жұмыс орындары мына мекен-жайлар: Абылайхан даңғылы, 105, Жазушылар одағы; Жiбек жолы даңғылы, 50, Газет-журналдар үйi; Абай даңғылы, 143, Баспалар үйi; Желтоқсан көшесi, 177, Телерадиокорпорация... Журфак түлектерiнiң көпшiлiгi негiзiнен осы орындарда шоғырланады. 
Жыл өткен сайын қаламгерлер бiрiнен-бiрi ат оздыра бастайды. Бiрi жайлы орынтаққа қонжияды. Екiншiсi сыйлық алады. Үшiншiсi жыл сайын кiтап шығарып, өнiмдi жазатын қаламгер атанады. Төртiншiсi соның кiтаптарын оқумен күн өткiзедi. Бiреуi әңгiме жазуға, ендi бiреуi арыз жазуға машықтанады. Қаламгерлердiң арасында да бiтiспес мылтықсыз майдан жүрiп жатады. Ал ендi солардың бiрi-бiрiмен айтыспайтын, тартыспайтын, бәрiнiң абырой-беделi бiркелкi, мәртебесi бiрдей кезi де болған. Бұл – студенттiк шақ. Алтынға айырбастамайтын қимас кезең. Оқу орны – КазГУ, журфак, тұрағы – 5-шi жатақхана болған тұс. Әкесi – тепкiсi темiрдей декан Темiрбек Қожакеев, шешесi – жүзiнен ызғар есiп тұратын комендант Любовь Шаламай. Екеуi де екi тiзгiн бiр шылбырды ешкiмге бермей, қызметтерiнде көп жыл отырды. Екеуiнiң де қаталдығы өздерiне керемет жарасады. Бұлардың мiнезiне төзе алмай, жатақханадан безiнiп кетiп жатқандарды тағы көрмейсiң. Қайта ортақ үйдiң айналасына үймелей түседi. Тiптi отбасын құрып, өз алдына отау тiккендерi де айналшық жегендей көпке дейiн жатақтан шықпайды.
Студенттер университетке сымдай тартылып кiрiп, аудиторияларда ыздиып жүредi. Ал жатақханаға келсе, жағасы жайлауда, еркiн көсiледi. Әрине, мұнда да тұрғындарды тұқыртып ұстауға негiзделген белгiлi бiр тәртiптер бар. Бiрақ бәрiбiр «Жатақхана – өз үйiң». Журфактың серiлерi мен перiлерiнiң қыстауы – жатақхана, жайлауы – сырахана. Жаз шыға сабақтан босай сала шөлiркеп келiп, шетiнен суатқа құлайды. Ал ендi сол сыраханаңыз бар ғой, шөл басып, шалабурыл күйге түсiп қайтатын жер ғана емес. Қып-қызыл айтыс жүрiп жататын шығармашылық мiнбер ол. Кiмдер жоқ мұнда? Әдебиет оқулығында суреттерi жүретiн атақты ақындар... Кабакка келгенде ғана қабақтары жазылатын өзiмiздiң сүйiктi ағайлар... Шетiнен тобылғы торы сыраны толқытып iшiп тұрады. Сыра көңiлдегi көп сырды ақтарады. Сыра шыңғырған шындықты айтқызады. Ақыры, 5-шi жатақхананың тұрғындары кiмнiң тұлпар, кiмнiң жабы екенiн осы жерден бiлiп шығады. Солармен бiрге сыраханадан жатақханаға будақ-будақ бу келедi. Солармен бiрге алтын ұямызға қазақ қаламгерлерi туралы қоғамдық пiкiр келiп, қонақтайды.
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дiнмұхамед Қонаев Жазушылар одағы ғимаратының iшiнен «Қаламгер» кафесiн ашу туралы ұсынысты қолдап отырып, «Осылай iстегенiмiз дұрыс, бұл кiсiлер анда-санда желпiнiп тұрмаса болмайтын көрiнедi ғой. Не iстесе де сол үйдiң iшiнде жүрсiн», – деген тоқтамға келiптi деген сөз бар. Сол сияқты журфактың жатақханасы Кiшi Жазушылар одағы сияқты едi. Кiшi одақтың да өз Мұқағалиы, өз Тоқашы, өз Өтежаны бар. Шетiнен дана, шетiнен дара, шетiнен қыңыр... Оқымаған кiтаптары жоқ. Әдеби шығармашылық бiрлестiктiң мәжiлiстерiнде бiр-бiрiнiң жазғанын iреп-сойып жатады. Жас ақындар жатақхананың фойесiнде өлең оқығанда аруақтанып кетедi.
Елу бақсы мен сексен шайырдың жартысы осында жүредi. Жатақта ақын дегенiң жетiп артылады. Шөп те өлең, шөңге де өлең... Жатып ап, небiр қиын ұйқастарды iздеп, өзара шеберлiк байқасады. «Александр!» – дейдi бiрi. «Жатаққа кiрiп келiп, әлек сап жүр» – деп екiншiсi iлiп әкетедi. «Пивнушка!» – деп тамызық тастайды үшiншiсi. «Толтырып, стаканды құйдым, ұста, Көтермейтiн мастарды үй бұрышқа!» – деп сайрай жөнеледi төртiншiсi. «Ал ендi мықты болсаң, линолеумге ұйқас тапшы», – дейдi тағы бiреуi. Анау да iркiлмейдi:
Төседi общагаға линолеум,
Бiрақ та бердi бiзге көнелеуiн.
Дауа жоқ бұларға... Ақындық мектептiң сабақтары осылай үздiксiз жүрiп жатады. Дамылсыз талқы. Қайнаған өлең-өмiр. «Ұйқастары келiңкiремейдi. Есенғалиға елiктеу бар. Концовкасы керемет!». Осы секiлдi әңгiмелер жатақхананың кез-келген мүйiсiнде айтылады. Ерте туған ғұламалар екi иығын жұлып жеп, елiрiп отырады. Күнде газет-журналдарда шығармалары жарық көрiп жүрген әйдiк ақын-жазушыларға шынайы баға беретiн жер де осы. Сен мемлекеттiк сыйлықтың лауреатысың ба, депутатсың ба, әкiмсiң бе, беделдi партияның мүшесiсiң бе, 5-шi жатақхананың тұрғындарына бәрiбiр. Олардың өздерiнiң белгiлi бiр өлшемдерi бар. Бұл жатақхананың қыз-жiгiттерi өздерi талант деп таныған қаламгерлердiң алдында құрақ ұшады. Олар анда-санда қасиеттi құтханаға ат басын тiрей қалса, Қыдыр келгендей қуанады.
Жатақхана тұруға өте жайлы. Студенттер екi не үш кiсiлiк бөлмелерге орнығады. Жазда салқын, қыста жылы. Заманында бұл мекен жатақтың төресi болған. Iлгерiде бiр үлкен қызметтегi ағамыз қыздар жатақханасын аралап, олардың жағдайын сұраса, ауылдан келген бiр аңғал бойжеткен былай дептi: «Ой, ағай, бөлме өте суық. Астымызда бiр матрос, үстiмiзде бiр матрос... Жүдә қиналып жатамыз». Ал журфактың жатақханасына мықты матростың да, артық матрацтың да қажетi жоқ, қыс бойы қыз-қыз қайнап шығасың. Шығармашылықтың жылы ұясы болған қасиеттi мекен ғой бұл!
Меймандар мен мейрамдар
Не десiн, түсiнедi жатақхана,
Тақтайдай тегiс емес жол қашанда.
Әу баста қандай болды атақты аға?
Ұқсап бақ, болмасаң да.
(Ертай Ашықбаев,
«Журфактың студенттерi»)
Ол кезде жатақханаға ақын-жазушылар жиi бас сұғады. Олардың келу себептерi әр түрлi. Университетте студенттермен кездесiп, жатақхана арқылы қайтады. Шәй-пәй... Кейде кездесу жатақхананың өзiнде өтедi. Кездесу бiте сала жылы қоштасып, жымиып кетiп қалса, ол ақын бола ма?! Содан таңға дейiн жырлау... Бүкiл бала жағаласып солардың қасында жүредi. Бұл – жоспарлы келу. Кейде қаламгер ағалар бiздiң перiлерге iлесiп, қас қарайған шақта жатаққа жетедi. Мұндай кезде вахтада отыратын Тетя Настя, Тетя Вера, Тетя Маша секiлдi тегеурiндi тәтелер әке-көке десең де төтелеп өткiзбейдi. «Бiр атақты ақын бар қасымызда...», – деп Шахановша толғанып, өршеленiп, өтiнiп көрсең, одан сайын ерегісiп кетедi. Содан соң есiгiне дейiн орыс кемпiрге бақтырып қойған қоғамды бiр сыбап алып, ағай-мағайыңды алдыңа салып, сыртқа беттейсiң. Қайтесiң, «Мына бiздi адам қылған орыстар, Орыстарға қазақ халқы борыштар», – деп әндетiп жүрген заман... Осыған орай сықақшы студенттердiң бiрi (Ұмытпасам, Балапан Базар болуы керек) кесiр кемпiрлердi кекетiп, мынадай өлең шығарған-ды:
Қойсаңшы бұл күнi бойғы сарсаңды,
Қаңғығанша жатағыма барсам-ды.
Жетiп едiм түнгi үште қисаңдап,
Вахтершамыз жымың-жымың қарсы алды...
Қарсы алмай қалсын... Ендi үмiт – балкон. Балкон демекшi...
Осы 5-шi жатақханада бүгiнгi белгiлi ақындардың бiрi студент кезiнде фойеде телевизор қарап отырады. Кенет телевизор Алматының Ленин көшесiндегi ғимараттарды көрсете бастайды. Сол кезде әлгi ақын пысықсынып, қасындағы жыпырлаған бiрiншi курстың бозбалалары мен бойжеткендерiне биiк үйлердi шетiнен таныстырады. «Мынау – Пионерлер үйi, мынау – «Қазақстан» қонақ үйi, мынау – «Искра» кинотеатры, анау – «Үш алып» тұрғын үйi. Бiздiң декан – осы үйдiң тұрғыны. Әне, әне, Қожакеев балконнан қарап тұр!».
– Әй, көксоққан! Қожакеев балконнан емес, желкеңнен қарап тұр!
Жалт бұрылса, ту сыртында Темкеңнiң өзi... Талайдың тiлi байланып қалады...
Екiншi қабаттың балконына келiп, емiнiп тұрамыз. Абырой болғанда, бұл қабатты өңкей бiр иманжүздi студенттер мекендейдi. Оның үстiнде ана кiсiлердiң нобайын көрген соң, олар дереу «Қайырханға тура апаратын Отырардың бас қақпасын» ашып бередi. Ендiгi қиындық – өздерiн екiншi қабатқа көтерiп шығаратынымыз туралы өте күрделi мәселенi әлгi кiсiлерге астарлап жеткiзу. Олар да тұспалдап айтқан әңгiмеңе үкiлеп жауап бередi.
– Ау, онда тұрған не бар екен! Қажет болғанда қазақ шаңырақтан да түскен ғой...
Сөйтiп, атақ пен даңқтың биiгiне көтерiлiп үйренген ағаларға iлтипатты iнiлердiң көмегiмен екiншi қабатқа асылып шығу аса қиындық тудырмайды. Арғы беттен арқалы ақынды күллi журфак қабылдап алады. Жаса, балкон! Жаса, жатақхананың аспалы жолы! Сен бiздiң үйiмiзге құт әкелдiң!
Шынында да, жатаққа Қыдыр келгендей болады. Өзi аштан өлейiн деп саусағын сорып жүрген студент байғұстар барын соның аузына тосады. Қыдыр дегеннен шығады... Бiрде бiр үйлену тойына елiмiздегi лауазымы биiк кiсiлердiң бiрi келдi. Жұрттың бәрi жаңадан шаңырақ көтерiп жатқан жастарды жайына қалдырып, әлгi кiсiнi мақтап жөнiне кеттi. Бiр ағамыз тiптi былай деп сiлтедi: «Тойымызға Қыдыр келдi, ағайын! Если на то пошло, Қыдыр бiр көрiнедi де кетiп қалады. Ал бұл кiсi, мiне, тойда до конца отырды ғой бiзбен бiрге...».
Ал студенттерде мұндай жасандылық атымен жоқ, атақты ақынды өз көзiмен көргенiне, оның ойда-жоқта, екi кештiң арасында сайтандай сап ете қалғанына шынымен қуанады. Ал сол қаламгердiң өзгеше үрдiс танытып, жатақтың аспалы жолы арқылы келгенiн естiгенде, тiптi есi шығып кетедi.
Осы жолы мейлi, жатақханаға қалай келсе, олай келсiн, сол ақын талай баланың шабытын оятып, талабын ұштап аттанады.
Жатақта күнде думан, күнде той. Бiр студенттiң туған күнi жылына екi-үш рет тойланады. Мейрамдар жас қаламгерлердi керемет рухтандырады. Айтулы мерекелерде жатақхана тiптi құлпырып кетедi. Жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды шамдардың жарығымен күллi журфак екi иығын жұлып жеп, тайраңдап, билеп жатады. Той тойлауға бар күш-жiгерiн аямай жұмсағаны соншалық, Жаңа жылдың келуiн күтпей, қалғып кететiндер де бар.
Дискотека сән-салтанат құрды анық,
Жасыл шырша маңайында жүр халық.
Дүниенiң қызығынан құр қалып,
Ұйықтап жатыр Жаяу-Мұса Дұрманов.
Сағат неше? Әлгi Мұса жынды ма?
Оятыңдар, шапалақпен ұрғыла!
Декабрьде ұйықтап кеткен Мұсекең,
Билеп кеттi январьда тұрды да...
Осылай... Журфак шаршамайды. Дамылдап алып, қайта тұрады. Тыныстап болып, қайта жұлқынады. Үздiксiз үрдiс... Жоғарыда аты аталған Жаяу-Мұса Дұрманов ұзақ жыл Павлодар облыстық телеарнасында қызмет iстедi. Өзi әйгiлi Жаяу Мұсаның ұрпағы. Талантты журналист едi, ғұмыры қысқа болды.
Жатақхананың меймандары мен мейрамдары жас қаламгерлердiң көңiлiн көтередi. Шығармашылық серпiн бередi, жаңа дүние жазуға жетелейдi. Содан әсерленген бозбалалар мен бойжеткендердiң әрқайсысы «Сенен, менен, одан, бәрiмiзден асатын, Дүниеге келедi бiр жас ақын» деген байыпты байлам дәл мен туралы айтылған шығар деп ойлап, желпiнiп отырады...
Шынында да солай. Темкең табандап отырып айтқандай, «Журфак ақын дайындамайды!». Оның есесiне, 5-шi жатақхана дайындайды ақынды... Қандай ақындар десеңшi!..
Тентектер мен телiлер
Ақылдары кiредi алқынғасын,
Азамат боп шығады дұрыс нағыз.
Ал, әзiрге жайнасын, жарқылдасын,
Мен солардың бiрi едiм,
... Ұрыспаңыз!
(Ертай Ашықбаев,
«Журфактың студенттерi»)
Журфактың аңыздары да, жатақхананың аңыздары да жеткiлiктi. Бiз оқуға түскен кезде де осындай әңгiмелер үздiксiз айтылып жататын. Кибернетиканы жетiк бiлетiн белгiлi фантаст-жазушы Жүнiс Сахиевтiң мекен еткен бөлмесiнiң есiгiнiң сыртында алуан түрлi жазулар жанып-өшiп тұрады екен. Бұл жазулар болашақ фантастың бөлмеде бар-жоғын әйгiлейдi-мыс... Бiрде Темiрбек Қожакеев жатақханаға келiп, жуынып жатқан Ұлықбек Есдәулетовке: «Қолыңды жуғанша, полыңды неге жумайсың?» – дептi... Iлгерiде бiр студент жатақханаға атасының Азамат соғысынан берi сақтап жүрген ескi тапаншасын алып келiп, түнiмен елдi қорқытыпты... Әрине, журфактың аты – журфак, кейде бөсiп айтады, кейде қосып айтады. Бiрақ осының өзегiнде шындық бары анық. Шығармашылық өкiлдерiнiң қай-қайсысының да арқасы болады. Сол құрымағырлардың арқасы университеттен гөрi жатақханада көбiрек ұстайды. Өз тұсымызда бiз де арқасы қысқандарды талай көрдiк.
Бiздiң оқу тобымызда Құтмағамбет Қонысбай оқыды. Өте сауатты жiгiт. Екi тiлге бiрдей. Есепке сұмдық жүйрiк. Өзi топ комсоргi. Сол Құтекең арқасы бiр ұстағанда, өзiнiң комсомол жетекшiсi екенiне қарамастан, «Құтмағамбет – он бiр әрiп, бiр арман, Шөлдегенде сыра iшпей тұра алман», – деп құлашын кең жайып, төртiншi қабаттан секiрiп кетедi. Жатақтың арғы бетiндегi шөп жайлаған дөңеске топ ете түсу ерлiк емес. Масқара болғанда, бiздiң жанкештi бергi беттегi асфальтқа қарай құлдилады ғой... Сөйтсек, «Тастан тасқа секiрiп, Ойнайды бұлбұл мен кекiлiк», – деп Мұхтар Шерiмнiң бiр көкқырсық кейiпкерi айтқандай, әскерде өрт сөндiрушi болған Құтекеңнiң бұл әрекетi өзiнiң дәстүрлi жаттығуларының бiрi екен. Дiн аман. Аманың не, бесiншi қабаттағы бiздiң бөлмемiзге басқышпен өзi көтерiлдi. Көтерiлгендi айтасың, бәрiмiздi жинап алып, өмiр туралы, өзiмiз туралы бiраз әңгiме айтты. «Дәрiгер шақыртып, дене мүшелерiңнiң дұрыстығын тексертiп алсақ қайтедi?» – деп едiк, ала көзiмен атты. Сосын бiз де көзi тiрi каскадердiң ұлы ерлiгiне жүдә разы болып, «Ой, ой, Құтекең, группамның құты екен!» – дестiк. Бетiн ары қылсын, егер курстасымыз қиралаң ете түскенде, Құтекеңдi «қоректендiрiп», әлпетiне әр, буынына нәр берген бiраз жiгiттердiң жағдайы қиындап кететiн едi.
Сол күнi бергi ауылдың итi бiлмей қалды, арғы ауылдың итi үрмей қалды. Ақпарат алу әдiсiне адам таңғалатын тегеурiндi Темкең мен балконнан секiрген адам түгiлi шыбын-шiркейдiң ұшып-қонғанына дейiн бiлiп отыратын ширақ қимылды Шаламайдың өзiне бұл туралы мәлiмет жетпедi. Жетсе де сене қоймас едi...
Алла сақтап аман қалған сол Құтмағамбет Қонысбай кейiн «Совет Қарақалпақстаны» газетiнiң бөлiм меңгерушiсi, Өзбекстанда шығатын «Достық үнi» журналының бас редакторы болды. Қарақалпақ жұртындағы қандастарымыздың көпшiлiгiн атажұртқа өзi бас болып көшiрiп әкелдi.
...Бүгiнгi белгiлi ақын, «Абай» журналының бас редакторы, ол кездегi мойны қылдырықтай қара бала Мұратбек Оспанов көрпе-төсектен ада болған темiр керуеттiң үстiнде малдас құрып алып, түнерiп отыр. Кешегi қыдырыстың нәтижесi осы. Таңертең Любовь Шаламай шаң-шұң етiп, оның төсек-мөсегiн қолтығына қысып алып кеткен. Күйзелiп отырғанына қарамастан қабырғадағы Сергей Есениннiң суретiне көз салып, күбiрлеп өлең оқып қояды:
Бос жатыр менiң төсегiм,
Бозадан болды-ау кеселiм.
Не дейiн саған, Есенин,
Не дейiн саған, Есенин?
5-шi жатақхананың кiре берiсiнде автомат-телефон бар. Сол телефон бүкiл жатақхананың алыс-жақын мекендермен байланысын қамтамасыз етедi. Мұндай телефон кейбiр жатақханаларда жоқ. Сондықтан көршiлердiң көбiсi екi тиынын бармағына бүгiп, кезекке келiп тұрады. Телефон төңiрегiндегi хикаяттар да жетiп артылады. Төменгi курстың қыздары жоғарғы курстың жiгiттерiнен абайсызда: «Осы бiздiң астымыздағы автомат iстеп тұр ма?» – деп сұрап қалып, ана қулардың езуiне арсыз күлкi үйiрiлiп, ерiндерi жыбырлай бастағанда, беттерiн басып тұра қашатын. Ол кезде ұят бар едi, ұятты жаба бiлетiн алақан да бар едi. Қыз-қырқын кiндiгiн кiндiк шешесiне де көрсетпейтiн заман...
Телефон демекшi, бiрде көшенi әбден шарлап, жатақханаға келсем, есiктiң көзiнде екi-үш курс төмен оқитын Мэлс деген жiгiт қатты ауырып жатыр екен. Мэлс оқуға кеш түскенiмен бiзден әлдеқайда ересек. Әңгiмешiл, көпшiл. Өзi сол тұста «Лениншiл жастың» жалауын жоғары желбiретiп тұрған Қайнар Олжайдың кластасы. Бiрге қой баққан, сосын ой бағам деп, кештеу болса да журфакқа ат басын бұрған. Сол Мэлс жүрегiн ұстап, вахтадағы көне диванның үстiнде дамылсыз дөңбекшидi. «Әй, Мәке не болды?», «Ойбай, жүрегiм әкетiп барады. Тез «Жедел жәрдем» шақыршы...». «Қазiр», – дедiм де кiре берiстегi телефон-автоматқа ұмтылдым. Арғы жақтан дәрiгер қыз қажеттi мәлiметтiң бәрiн сұрап жатыр. Атын айттым, жасын шамалап жеткiздiм. Мекен-жайды баяндадым. Сырқатының сипатын аңғарттым. Ендi «Фамилиясы кiм?» – деп сұрайды. «Әй, Мэлс, фамилияң кiм едi?» – деймiн сырқатыма бұрылып. Сөйтсем, өлейiн деп жатқан Мэлсiм қитығып қалсын. «Сен не, күнде әңгiмелесiп жүрген менiң фамилиямды бiлмейсiң бе?». «Сенiң фамилияңның маған көк тиынға қажетi жоқ. Мына «Жедел жәрдемнiң» қызы сұрап жатыр». «Сонда да сенiкi дұрыс емес қой, неге бiлмейсiң?». «Әй, айтасың ба, жоқ па, әйтпесе мына тұтқаны лақтырып жiберем...». «Уһ,.. Әлiбеков...», – дедi бiр кезде. Жаны қысылып жатса да қиқарлығынан танбайды. Журфактың жатақханасында түйенiң үстiнде желге қарсы отырып талқан жейтiн осындай кiлең қыршаңқылар тұрды.
Өрелi өнер иесi Табылды Досымов 5-шi жатақхананың қабырғасында бард-ақын болып қалыптасты. Гитараның сазына өзгеше өң берiп, сипаты бөлек орындаушылық дәстүр орнықтырды. Айрықша талантты ақын Бауыржан Үсенов бес қабаттың әр мүйiсiнде өлең оқып, әуелетiп ән салды. «Бесiншi жатақханада Үсенов жүр дейдi, Жырларын оқып күшенiп жүр дейдi», – десетiнбiз. Шайтан мiнез шайырлардың ортасына көңiлi құлаған болар, мектептi алтын медальмен бiтiрiп, Шымкенттегi Қазақ химия-технологиялық институтының құрылыс технологиясы факультетiнде сөктей «беспен» оқып жатқан Амантай Шәрiп оқу орнын орта жолдан тастап, журфакқа түсiп, 5-шi жатақханаға көшiп келдi. Бұл төтенше көштiң аяғы жаман болған жоқ. Амантай Шәрiп – бүгiнде филология ғылымдарының докторы, профессор.
«Спорт» газетiнiң бас редакторы болған Құлтас Достан жатақханада ұсақ кәсiпкерлiктiң негiзiн салды. Алдымен опа-далап, бояу-сояу сатты. Кейiн ыдыс-аяқ пен киiм-кешекке ауысты. Оқып жүрiп, алыпсатарлықпен кәдiмгiдей айналысты. Тауарын сатуға келгенде, қолы-қолына жұқпайтын Құлтастың магиясы бар едi. Әйтеуiр ол студент кезiнде қазақ журналистикасынан гөрi қазақ бизнесiнiң жай-күйiн көбiрек ойлады.
Журфактың тентектерi мен телiлерiнiң бiразы кейiн сұңқарлар мен тұлпарларға айналды. Бәрi де елге танымал азамат болды. Осыдан соң 5-шi жатақхананы құтты демей көр!...
Тұлғалар мен таланттар
Министр де болады бұлар әлi,
Бұлар әлi өседi, түзеледi.
Бек тiзiмге енедi мұралары,
А, бәлкiм, күзеледi.
(Ертай Ашықбаев,
«Журфактың студенттерi»)
КазГУ-дiң қалашығын сексенiншi жылдары мекендегендерге ОКД деген атау жақсы таныс. ОКД – «Оперативная комсомольская дружина» деген сөз. Яғни, «Жедел комсомол жасағы». Қалай болғанда да, осы жасақтар жатақханаларда тәртiп орнатты. Студенттердi сырттан келетiн бұзақылардан қорғады. Университет ОКД-сының командирi Құрманхан Нұрымбетовтiң беделi Комиссар Катанидiң абырой-мәртебесiнен кем емес едi. Оның бiр топ бұзақылар жайлаған бөлмеге кiрiп барғаны, әлгiлердiң мұны балконнан лақтырып жiбергенi, бұның қорықпай жоғарыға қайта өрлейтiнi туралы аңызға бергiсiз әңгiмелер айтылатын. Осыны естiген студенттер оны италиялық мафияның ортасына жүрегi шайлықпай кiрiп баратын жанкештiдей көретiн. Осындай жаужүрек жiгiттiң басқа факультетте емес, журфакта оқитынын мақтан ететiн. Жатақханаларда жортатын сол ОКД-ның беделi мықты болды. Студенттер оның құрамына кiруге ұмтылды. Кiре сала тақ-тақ етiп, салтанатты түрде ант берiп жататын. Сәл өңiн айналдырып айтсақ, анттың мәтiнi былай:
Жаман жолға ешкімді бастамаймын,
ОКД-ның формасын тастамаймын.
Күн шықпастан, бозала тұрған таңнан,
Үлгi алуға командир Құрманханнан,
ОКД-ның болмауға салпы етегi,
Ант етемiн! Ант етемiн!
Журфактың жiгiттерi ОКД-дың сапында бекер жүрмептi. Кейiн олардың көбiсi күштiк құрылымдарда топ жарды. Құрманхан Нұрымбетов iшкi iстер қызметiнiң, Бекен Нұрахметов кеден қызметiнiң, Жақсылық Молдақұлов ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң полковниктерi атанды. Тiлiнiң уыты бар жiгiттер: «КазГУ-де бес жыл оқыды, Жеткен жерi ОКД...», – деп қалжыңға бұрғанымен, бұл өзiндiк мектеп қалыптастырған, тәртiп орнықтырған пайдалы құрылым болды. Журналистердi құқықтық сананы қалыптастыруға баулыды.
5-шi жатақхана тұрғындарының арасынан Мемлекет басшысының баспасөз хатшылары, министрлер, вице-министрлер, елшiлер, депутаттар, ғалымдар, әкiмдер, кәсiпкерлер, композиторлар мен әншiлер, қажылар мен имамдар шықты. Журфактың бесiгiнде тербелгендердiң арасында халықаралық деңгейде мойындалған кәсiби сыйқыршы (Алтынай Байтоқанова) да бар. Жатақхананың бiр кездегi бiр тұрғыны өзiндiк қолтаңбасы бар суретшiге (Ерсайын Жапақ) айналды. Журфактың тағы бiр түлегi елге халық емшiсi болып танылып (Ыбырай Бекжiгiтов), өкпе ауруынан тез айықтыратын дәрi-дәрмек ойлап тапты. Ендi бiр түлек елге белгiлi футболшы болып (Гений Төлегенов), күллi жанкүйердi аузына қаратты. Сөйтiп, журналистер қай салада да өздерiнiң қабiлеттi екенiн байқатты. Мамандығына мүлде қатысы жоқ салаларда да асықтарын алшысынан түсiре алды. Бүгiнде бұқаралық ақпарат құралдарының тұтқасын ұстап отырғандардың бiрқатары ортақ үйiмiздiң көпшiлiк қолды асүйiнде пiскен көженi жеп есейдi. Тiптi, елдiң белгiлi оппозиционерлерi де бiр кезде осы жатақтың шай-суын iшiп, өсiп-өндi. Демек, 5-шi жатақхана тек төртiншi билiктiң өкiлдерiн түлетiп қана қоймай, бүкiл қоғамның әлеуметтiк келбетiн айқындап берген екен.
5-шi жатақхана – қазақ қаламгерлерi тай мiнiп, тiзгiн қаққан тұста шығармашылығын шыңдаған, бүгiнде өзiндiк менталитетi қалыптасқан қасиеттi құт-мекен. Жатақхананың ең алғашқы тұрғындары 1975 жылғы қыркүйекте қоныс теуiптi. Ал журналистика факультетi қалашыққа 1981 жылы ғана көшiп келдi. Мiне, жырдың жерұйығындай болған жатақханамыз сол уақыттан берi жазу өнерiне ұмтылғандардың алтыбақанын тербетiп келедi. Дiңгегiң берiк, тiрегiң мықты болсын, журфактың Жидебайы!
2007 ж.
* * *
Бір кездегі 5-ші жатақхананың барлық тұрғындарын, бүгінгі әлеуетті әріптестерімді Журналистер күнімен құттықтаймын! Қалам қайыспасын, микрофон майыспасын! Гаджет қасыңызда, идея басыңызда болсын! Шеберліктеріңіз шыңдала берсін!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар