Маңғыстау облысында 8 жастағы бала сынықшының салғырттығынан бір қолынан айырылды. Дәрігерлер баланың қолын аман алып қала алмады. Тіпті өзінің де өліп кету қаупі болғанын ескертті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Азамат Сәрсенбаев желідегі парақшада жазды.
«2021 жылы 17 маусымда Қызылсай ауылының тұрғындары сегіз жасар баласымен Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жүгінді. Дәрігерлер шұғыл түрде балаға «оң қолы шынтағына дейінгі гангрена» деген диагнозын қойды. Өкінішке қарай, қолын аман алып қалу мүмкін болмады, сондықтан оң қолды шынтағына дейін кесу үшін хирургиялық операция жасалды.
Ата-аналардың айтуы бойынша, операциядан екі апта бұрын бала велосипедтен құлап, қолын сындырып алған. Содан кейін баланы жергілікті «емшіге» апарған, ол қолын тексеріп, таңғаннан кейін баланы үйіне жіберген. Он күннен кейін нәрестенің оң қолы көгере бастады. Содан кейін ғана баланың ата-анасы дәрігерлерге жүгінді. Қазіргі уақытта сәбидің жағдайы жақсы. Жақын арада оны дәрігерлер тексереді», – деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Анасының айтуынша, ұлы велосипедтен құлап, қолын сындырып алған. Ата-анасы дереу сынықшыға апарып, ұлының қолын салдырған.
«Балам қолын сындырып алды. Үйдің жанында сынықшыға бардық. Бірінші күні қолын салды да, үш күннен кейін келіңдер деді. Оған дейін қолы қарайып келе жатты. Үшінші күні барғанда да енді 21 күннен кейін келесіңдер деді. Оған дейін қолы көгеріп, ісуі мүмкін деді. Біз соған сендік. Ұлымның қолы кейде ауырды. Қарая бастады. Бір күні ол саусағын ұстағанда сезбей қалды. Жансыздана бастады. Сол кезде дәрігерге апардық», – деді анасы.
Дәрігерлер баланы ауруханаға кешіктіріп әкелгенін айтты. Оның қолын сау алып қалу мүмкін болмады. Ісік денеге тарап кетпес үшін бір қолын кесуге тура келді.
«Біз барлық жағынан тексеріп көрдік. Бірнеше дәрігер қарады. Асқынып кеткенін айтты. Сондықтан амал жоқ қолын кестік. Олай болмаған жағдайда ісік денеге тарап, өліп кету қаупі болды», – деді балалар дәрігері Қайрат Құрманов.
Дәрігер оқыс жағдайда емші, сынықшыға емес баланы дереу ауруханаға әкелуге кеңес береді.
«Қазір 21-ғасыр. Сынықты сынықшыға сенуге болмайды. Ісік денеге тарап кетсе қауіпті. Қанша жақсы мамандар бар. Сынықты да салады, емдеп береді. Қолды да аман алып қалуға болады. Дер кезінде ауруханаға әкелу керек», – деді дәрігер.
"Адырна" ұлттық порталы