Еуро 2020. Топтық кезең қорытындысы

2715
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Күллі ғалам жұртшылығының назарын өзіне аудартқан футболдан Европа чемпионатының топтық кезеңі өз мәресіне жетті. Қарт құрлықтың 24 құрамасының басын қосқан бұл жарыс енді өз жалғасын 16 командамен таппақ. Топтық кезеңді толықтай қорытындылау үшін алғашқы айналымдағы командалардың ойын-өрнегіне баға беріп көрсек.

А тобы. 1. Италия(9 ұпай), 2. Уэльс(4), 3.Швейцария(4), 4.Түркия(0).

1 тур. Түркия 0-3 Италия, Уэльс 1-1 Швейцария

2 тур. Түркия 0-2 Уэльс, Италия 3-0 Швейцария

3 тур. Швейцария 3-1 Түркия, Италия 1-0 Уэльс

Турнирдың шымылдығын ашқан Италия құрамасы ә дегеннен ақ өздерінің мықтылығын таныта білді. Кәнігі маман Роберто Манчини баптайтын әлемнің төрт дүркін чемпиондары өз жолында кездескен барлық қарсыластарын оңайлықпен жеңіп отырды. Чиро Иммобиле, Локателли, Джорджиньо, Лоренцо Инсинье секілді сақа ойыншылар құраманың жеңісі үшін өз үлестерін аяп қалған жоқ. Футболды ұжымдық ойын десек, Италияндықтар осы ұжымдық шеберліктің нақ үлгісін көрсетті. Бұдан бөлек Италия құрамасы биылғы турнирдегі өз қақпасына гол жібермеген алғашқы командасы ретінде тіркелді және өздерінің жеңіліссіз сериясын 30 матчқа дейін ұлғайта білді.

Европа өлшемі бойынша орта классты футбол мемлекеттері саналатын Уэльс пен Швейцария құрамалары өзара тең тарқасты, тиісінше келесі айналымға да бірге жолдама алды. Ал Түркия құрамасы биылғы турнирдің ең нашар ойын көрсеткен құрамаларының бірі ретінде тарихқа енді. Шенол Гюнеш баптайтын құрама турнир басталмас бұрын мамандар тарапынан өте жоғары бағаға ие болған. Түрік футболы тарихындағы ең әлеуетті команданың бірі саналған биылғы құрам өкінішке орай жанкүйер жорамалындай керемет нәтиже көрсете алмады. Есесіне үш кездесудің үшеуінде де жеңіліске ұшырап, команда капитаны Бурак Иылмаз ел алдында кешірім сұрады.

В тобы. 1. Бельгия(9 ұпай), 2. Дания(3), 3. Финляндия(3), 4.Ресей Федерациясы(3).

1 тур. Дания 0-1 Финляндия, Бельгия 3-0 Ресей

2 тур. Финляндия 0-1 Ресей, Дания 1-2 Бельгия

3 тур. Ресей 1-4 Дания, Финляндия 0-2 Бельгия

Бұл топтағы жағдай турнир басталмай тұрып дәл болжанып қойған еді. Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері, қазіргі уақытта ФИФА тұжырымы бойынша әлемнің үздік құрамасы саналатын Бельгия құрамасының бірінші орын алатынына ешкімнің қарсылығы жоқ. Басты интрига бұл топтан кімнің плей-офф бәсекесіне жолдама алатыны. Кевин де Брюйне бастаған бельгиялықтар ешкімге шыдас берген жоқ. Ресейді 3-0, Данияны 2-1, Финляндияны 2-0 есептерімен ұтып, еш қиналмастан өз тобында көшбасшылыққа ие болды.

Екінші орын турнирдің ең жанкешті командасы Данияға бұйырда. Олай деуімізге де себеп бар. Алғашқы турдағы Финляндиямен болған ойында даниялық жартылай қорғаушы Кристиан Эриксен есінен танып құлап, дереу ауруханаға жеткізілген болатын. Көрер жарығы бар екен, даниялық жұлдыз футболшының қазіргі жағдайы қалыпты. Жақын арада жүрегіне арнайы аппарат қондырады деген жаңалықтар күн сайын европалық БАҚ беттерінен жарық көруде. Дания құрамасы Финляндия мен Бельгияға жеңілгеніне қарамастан Ресей футболшыларын 4-1 есебімен ұтып, келесі айналымға ең соңғы сәтте жолдама жеңіп алды. Топта үшінші және төртінші орындарды иемденген Финляндия және Ресей құрамалары өз елдеріне қайтты. Қызығы, Финляндиялық футболшылар Еурододаға жолдама алғандары үшін өз елдерінің қаһармандары атанса, Ресейлік аяқдоп шеберлері топта соңғы орын алғандары үшін өз елдеріндегі ең көп сынға ұшыраған тұлғалардың біріне айналды. Ең көп сын бас бапкер Станислав Черчесов пен капитан Артем Дзюбаға тағылуда.

С тобы. 1. Нидерланды(9 ұпай), 2. Австрия(6), 3. Украина(3), 4. Солтүстік Македония (0).  

1 тур. Австрия 3-1 Солтүстік Македония, Нидерланды 3-2 Украина

2 тур. Украина 2-1 Солтүстік Македония, Нидерланды 2-0 Австрия

3 тур. Солтүстік Македония 0-3 Нидерланды, Украина 0-1 Австрия

Осыған дейінгі өткен әлем және европа біріншіліктеріне қара басып жолдама ала алмай жүрген Нидерланды футболшылары бұл жолғы бәсекеде көпшілікті өз ойындарымен баурап алды. Бас бапкер Франк де Бур қызғалдақты елдің футболшыларының қолтаңбасына айналған позициялық футболдың жарқын үлгісін көрсетуде. Бұған дәлел боларлық анық факт Джорджино Вейналдум, Мемфис Депай секілді жұлдыздардан құралған нидерландылықтардың өз алдарына келген үш құраманы да еркін тізе бүктіруі. Тек Украинаға қарсы ойын соңына дейін интригаға толы өтіп, 85 минутта ғана команданың жас жұлдызы Дюмфрис қарсылас қақпасын дәл көздеп, жеңісті жұлып әкетті.

Плей-офф сатысына берілетін келесі жолдамаларға өз кезегінде Австрия және Украина құрамалары ие болды. Өз араларында Австрия басымдық танытқанымен, қос құрама да Солтүстік Македонияға қарсы кездесуде мықтылықтарын дәлелдей білді. Аңыз ойыншы Андрей Шевченко баптайтын Украина құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Европа чемпионатының плей-офф сынына жолдама ұтып алды.

Тарихында тұңғыш рет Еурододаға қатысу құрметіне ие болған Македондықтар өз елдеріне батырлар секілді оралды. Жанкүйерлердің айтуынша команда жеңіліске ұшыраса да алаңда соңғы сәтке дейін тырысып бақты, ел намысы тапталмады.

D тобы. 1. Англия(7 ұпай), 2. Хорватия(4), 3. Чехия(4), 4. Шотландия(1).

1 тур. Англия 1-0 Хорватия, Шотландия 0-2 Чехия

2 тур. Хорватия 1-1 Чехия, Англия 0-0 Шотландия

3 тур. Хорватия 3-1 Шотландия, Чехия 0-1 Англия

Аяқдоп ойынын ойлап тапқан ел ретінде ресми түрде мойындалған ағылшын құрамасының ойыны әзірге сүреңсіз. Топтық кезеңдегі үш ойында да ағылшындық футболшылар өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмау жағынан көп басында тұр, статистика да отқа май құя түседі. Десек те Англия құрамасы ұпайдан шашау шығармастан Д тобында көш бастады. Жанкүйерлер болса команда капитаны Харри Кейннің бабына алаңдаулы. Осыған дейін өткен әлем чемпионатында «Алтын бутса» жүлдесін ұтып алған ағылшындық шабуылшы әзірге қарсыластар қақпасын дәл көздей алмауда.

Хорватия мен Чехия өзара тең тарқасты және 1/8 финалға жолдаманы жеңіп алды. Шотландия қақпасына 46 метр қашықтықтан гол соққан чех шабуылшысы Патрик Шик турнирдің 40 жылдық рекордына түзетулер енгізді. Жалқы ұпайды ағылшындарға қарсы ойында иеленген Шотландия елінің футболшылары үйлеріне аттанды.

Е тобы. 1. Швеция(7ұпай), 2. Испания(5), 3. Словакия(3), 4. Польша(1).

1 тур. Польша 1-2 Словакия, Испания 0-0 Швеция

2 тур. Швеция 1-0 Словакия, Испания 1-1 Польша

3 тур. Словакия 0-5 Испания, Швеция 3-2 Польша

Алаңдағы көшбасшы және алаң сыртындағы идеялық мотиватор саналатын Златан Ибрагимовичтың жарақат алғанынан кейін Швеция құрамасының үлкен нәтиже көрсетуіне сенген жанкүйерлер саусақпен санарлықтай еді. Айтылған болжамдарға қарағанда жоспарды асыра орындаған Шведтер топтағы бірінші орынды қиналмай иемденді десек те болады. Әлем, европа чемпиондары Испания құрамасымен өткен кездесуде де ұстамды ойынымен көзге түскен швед футболшылары қалған ойындарда да ұпайдан шашау шығармады.

Буын алмасу кезеңін үлкен қиындықпен өткізіп жатқан Испания құрамасы плей-офф жолдамасына соңғы турда ғана ие болды. Турнир басталмай жатып команда капитаны Серхио Бускетстың короновируспен сырқаттанып қалуы команданың ішкі атмосферасына өз әсерін тигізгені анық. Оның үстіне команданың негізгі орталық шабуылшысы саналатын Альваро Моратаның есепсіз қателіктері жанкүйерлер жанарын жасқа толтырды. Бір кездердегі Давид Вилья, Хави, Иньеста секілді теңбіл доп шеберлерінің орнын қазіргі жас буын Альваро Мората, Микель Оярсабал секілді ойыншылар жоқтатпауда десек, жаңылысқан болар едік.

Жарыс жолын аяқтаған Словакия мен Польша туралы көп сөздің сірә қажеті шамалы. Әлемнің үздік футболшысы саналатын Роберт Левандовскийдің командасы Польша үш кездесуде бір рет те жеңіс тұғырынан көріне алмады. Ал Словакия құрамасы қолдарында тұрған плей-офф кезеңінің жолдамасынан Испаниямен болған кездесуде айырылып қалды.

F тобы. 1. Франция(5 ұпай), 2. Германия(4), 3. Португалия(3), 4. Венгрия(2).

1 тур. Венгрия 0-3 Португалия, Франция 1-0 Германия

2 тур. Венгрия 1-1 Франция, Португалия 2-4 Германия

3 тур. Португалия 2-2 Франция, Германия 2-2 Венгрия

Бұл топта барлығы да бар. Екі бірдей әлем чемпионы және соңғы европа чемпионының басы біріккен бұл топ нағыз футболдың қызған аймағына айналды. Өз қатарларына экс шабуылшысы саналған Кәрім Бенземаны қосқан француздар жеңілістің ащы дәмін татпастан келесі айналымға жолдама алды. Қорғаныс арқылы қарымта шабуылдар жасау олардың қандарына сіңген футбол десек те болады. Өз клубында ала-құла ойын көрсететін Поль Погба ұлттық құрама жейдесін киген сәттен-ақ құлпырып шыға келеді. Челсидың жартылай қорғаныс көшбасшысы Нголо Канте де құрама үшін аянып қалып жатқан жоқ. Барселона шабуылшысы Антуан Гризманды да бұл қатарға қоссақ болады. Алда-жалда бір қателіктерге тап болмаса бас жүлдеден басты үміткердің бірі осы Франция екенін естеріңізге тағы бір мәрте сала кетейік.

2018 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктерінен кейін өз-өздеріне келе алмай жүрген немістер намысқа тырысып, әупірімдеп жүріп келесі айналымға шықты. Оларға соңғы турда қарсы тұрған Венгрия құрамасын мақтамасқа болмайды. Топта көш соңында қалады деп есептелінген құрама үш бірдей қарсыласына да асқан ұқыптылықпен тойтарыс берді. Тәжірибенің жеткіліксіздігінен Португалияға жол берді, Франция және Германия құрамаларымен тең тарқасты.

Өткен Еуроның жеңімпаздары бұл жолы да чемпиондықты басты мақсат ретінде көздегені анық. Криштиану Роналдудың әр алаңға шығуының өзі рекордтық көрсеткішке айналды. Алдымен 5 бірдей Еурододада өнер көрсеткен жалғыз ойыншы атанса, кейін Европа чемпионатында ең көп алаңға шыққан, ең көп гол соққан ойыншы атанды. Франция қақпасына соққан голдарынан кейін тіпті ФИФА тарихындағы ұлттық құрамалар бомбардиры ирандық Али Даеидің рекордын қайталады(109 гол). 36 жастағы португалиялық футболшыға таңданбасқа болмайды.

Жарыс қорытындысы бойынша F тобынан келесі айналымға жолдаманы Франция, Германия, Португалия құрамалары ұтып алды.

Европа чемпионатының 1/8 финалдық ойындары 26 маусым күні бастау алмақ. Жарыс жолында қалған 16 команда өзара мықтыны анықтап, қарт құрлықтың үздік командасы атағын өзара сарапқа салатын болады. Футбол бәсекесін бірге тамашалайық. Жеңісті күндерде жолыққанша!

Қуандық Көргенов

 

Пікірлер