Сәтбаевтағы оқиға: 5 жасар қызды зорлаған айыптыға сот үкімі шықты

514

Сот алқасы Сәтбаев қаласында бес жасар қыз баланы зорлау оқиғасы бойынша айыпталған ерлі-зайыптының бірін өмір бойына, енді бірін 22 жылға түрмеге қамауға үкім етті, деп жазады Азаттық. 

Бұл оқиға 2020 жылы шілдеде Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздікке түрткі болған еді.

Сот алқасы үкімді 21 шілдеде шығарды. Жабық өткен отырыста сот алқасы ерлі-зайыптыны "адам зорлады", кішкентай қызға "жыныстық сипаттағы зорлық жасады" және "денсаулығына ауыр зақым келтірді" деп тапты. Сотталғандардың аты-жөні айтылмады.

Ер адам өмір бойына, әйелі 22 жылға сотталды. Екеуі де өмір бойы балаларға сабақ оқыта алмайды. Соттың мәліметінше, заң бойынша әйел адамдарға өмір бойына түрме жазасы берілмейді.

"Сот алқасы дауыс беру арқылы айыпталушыларды барлық бап бойынша айыпты деп тапты. [Ер адамның] қылмысты мас болып жасағаны жазаны ауырлататын жағдай ретінде есепке алынды" деді соттың баспасөз қызметі.

Азаттық тілшісі айыпталушылардың адвокатымен байланыспақ болып еді, ол телефонға жауап бермеді. Екі айыпталушының бұрынғы адвокаты (процесс кезінде істен шеттетілген) олардың кінәсіз екенін айтқан. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазған.

Айыптау актісіне сай, 2020 жылы 23 шілдеде ер адам (тергеу кезінде өзіне қол салып қайтыс болған – ред.) мас күйінде подъезд алдында кішкентай қызды ұстап, пәтеріне алып барған. Кейін көршісін шақырып, қыз баланы зорлауды ұсынған. Көршісі бұл ұсынысқа келіскен. Екеуі әйелді шақырып, ол балаға "белгісіз бір дәріні еккен". Осыдан соң қыз бала есінен танып қалған, ал екі еркек қызды зорлаған.

Сараптама қорытындысына сай, бұл оқиға қыз баланың психикасына қатты әсер еткен.

Осы іс бойынша негізгі айыпталушы – 62 жастағы ер адам сотқа жетпей көз жұмған. Ол тергеу изоляторында өлі күйі табылған еді. Полиция оның суицид жасағанын хабарлаған. Басында ІІМ тек бір адамның ұсталғанын айтқан. Кейін ерлі-зайыптының да қамауға алынғаны мәлім болды.

Жоғалған кішкентай қыз 62 жастағы ер адамның пәтерінен табылған соң Сәтбаевта жүздеген адам осы үйдің маңына жиналып, еркекті жауапқа тартпақ болған. Бірнеше адам күдікті мен көршілерінің пәтерін қиратқан. Кейін жиналғандар күдіктіні полицейлер жасырын түрде бөлімшеге алып кетті дегенді естіп, полицияға барған. Сол жерде полиция ғимаратын қиратып, 16 көлікті өртеген. Ресми дерек бойынша, 14 тұрғын мен 50 полицей зардап шеккен.

Осы тәртіпсіздік бойынша қылмыстық іс қозғалып, тоғыз адам үш жылға түрмеге қамалды. 44 адам төрт жыл, екі адам бір жарым жыл шартты жаза алды. Төрт адам "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", екі адам "тәртіпсіздікке шақырды", 51 адам "тәртіпсіздікке араласты" деп айыпталған. 42 айыпталушыға "билік өкіліне күш қолданды" деген де айып тағылған. Айыпталушылардың барлығы прокурормен процессуальды келісім жасасқан. Осы іс бойынша екі адамға іздеу жарияланған.

Пікірлер
Редакция таңдауы