Қазақстанда телефонның алғашқы желісі қашан пайда болды?

446
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Тіршіліктің басым бөлігі телефонға байланған бүгінгі күнді онсыз елестету мүмкін емес. Технология төңкерісіндегі жаңа ғасырда телефон көп функциялы ең қажет құрылғылардың көшін бастады. Телефонның тілдесу құралы, байланыс тетігі қызметінен бөлек сан ғажайып қызметін көз көріп, көңіл сеніп жүр. Оның әлем елдерінде пайда болу тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Осы тұста ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің мына өлең жолдарына назарыңызды аударамыз:

Өнер – білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды – деген тармақтары таңдантып, таңдай қақтырмай қоймайды. Ұлы далаға заты түгіл аты жетпеген телефонның боларын көрегендігімен керемет болжайды. Келер дәуірдің дүбірін дөп басады. Шындығында, телефон алысты жақындатып, әлемнің түкпір-түкпіріне оңай есік ашқан бірегей технология жетістігіне айналды.

Ұялы байланыс құрылғысын адамзатқа алғаш рет америкалық Александр Белл есімді өнертапқыш Филадельфиядағы электротехникалық көрмеде көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ көпшілік тарапынан зор қызығушылыққа ие болған «сөйлейтін телеграфтың» телефонға айналу процесі көптеген ашылулар мен өзгерістерді бастан кешті. Тіпті телефонды жарты сағат пайдалану үшін 10 сағат қуаттау керек болған деген қызықты деректер бар.  Осындай ұзақ ізденістен кейін ғана телефон қалтада алып жүруге ыңғайлы формаға түсті.

Ал біздің елге байланыстың бұл жаңа түрі 1998 жылы аяқ басты. Қазақстандағы телекоммуникация жүйесі халықаралық, қалааралық, аймақтық сонымен қатар жергілікті, мекемелік байланыстан тұрады. Сала зерттеушілері біздің мемлекетіміздегі алғашқы байланыс станциясы Петропавл қаласында құрылғанына басымдық береді. Ел территориясында бірінші болып байланыс орнатуға мүмкіндік берген оператор - GSM Қазақстан. Ол байланыс нарығындағы озық компания. Алғашқы кезеңде байланыс операторының Kcell және Activ сауда белгісімен жұмыс істегені жұртшылық жадында болса керек. Аталған операторлық белгілер республика төңірегінде 1058 қала мен ауылда бар. Қазақстандағы базалық станциялар бас-аяғы халықтың 66 пайызын байланыспен қамтып отыр. Сонымен бірге ел тұрғындары 113 елдің 236 оператормен автоматты түрде қарым-қатынас орнатуға қауқарлы. Қазіргі таңда азаматтардың байланыс қызметін 4 компания қамтамасыз етеді.

Сымсыз байланыс құралдарының кең қолданысқа ие болуы әлемнің соңғы ғасырда жеткен ең үлкен жетістігі. Қазақстанның да осындай ақпараттық ағынға ілесіп, терезе теңестіре алуы зор бақыт!

    

 Аружан Сеиілғазы

Пікірлер
Редакция таңдауы