Қазақстанда 2024 жылы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

3458
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Аль-Хамадты қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қазақстан Республикасының ҰОК-ға сілтеме жасап.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов те қатысты.

"Жеңіл атлетика - ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазақстанның жеңіл атлетикалық бай дәстүрлері бар. Сондықтан бұл спорт түрін дамыту біз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Азия жеңіл атлетика қауымдастығымен және басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық үшін - ашық", деді Тимур Құлыбаев.

Аймақта жеңіл атлетиканың даму перспективалары, Нұр-Сұлтанда өңірлік жеңіл атлетика орталығын құру жобасы және 2024 жылы Қазақстанда жеңіл атлетикадан әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігі талқыланды.

"2022 жылы Қазақстанда жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Аймақтың 45 елінен 600-ден астам спортшы қатыспақ. Бұл оқиға 2024 жылғы әлем чемпионаты алдындағы сынақ оқиғасы болуы керек.
Мен Қазақстанда олимпиадалық спорт түрлері қалай қарқынды дамып келе жатқанын көремін. Сіздің спорттық ғимараттарды салуға деген көзқарасыңыз маған ерекше әсер қалдырды. Нұр-Сұлтандағы Qazaqstan кешені - мен бұрын-соңды көрмеген ерекше ғимарат", деп бөлісті Дахлан әл-Хамад.

Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Қазақстанға XXX Qosanov Memorial халықаралық турнирінің ашылуына келді. Мерейтойлық турнир Дүниежүзілік жеңіл атлетика континентальды туры аясында қола белгісі мәртебесімен өткізіледі. Токиодағы Олимпиада ойындарына лицензиялар ойнатылады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер