Шырайлы Шымкент қала күнін тойлауда

2844
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Шымкент қаласында қала күні мерекесіне орай «МЕРЕКЕҢМЕН, ШЫМҚАЛА!» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шарада қаланың дамуына түрлі сала бойынша үлес қосқан азаматтардың еңбектері еленіп, марапаттар табысталды деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Бұған дейін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында 20 қала тұрғынына «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атанғын беру мәселесі қарастырылып, ол ұсыныс қабылданған еді. Олар шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлер, зейнеткер ұстаздар мен профессорлар және т.б сала мамандары. Өз өмірлерін қаланың дамуына арнап, аянбай еңбек еткен, аталмыш атаққа лайық тұлғалар.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осынау марапатқа ие болғандарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

"Елбасының тарихи Жарлығына сәйкес, 2018 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала статусына ие болған еді. Одан бері тұп-тура 3 жыл уақыт өтті. Қала күні – өткенді саралап, бүгінді бағалап, ертеңге болжам жасайтын мерейлі мереке. Соңғы 3 жылдың көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл көреген шешім қаланың екінші тынысын ашты деп айтуға әбден болады. Біріншіден, қала бюджеті 3,6 есеге өсіп, 131,2 млрд теңгеден биыл 481 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда екі есеге жуық өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетеді. 2025 жылға дейін қаладағы негізгі инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешіледі. 3 жыл бұрын 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді ол.

Іс-шара барасында қала әкімі «Шымкент қаласының құрметті азаматы»  атанған жандарды марапаттады. Артынша мерекелік концерт болып, оған танымал өнер жұлдыздары қатысты. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар үш қаланың қатарына қосылып, мегаполис атағын алған қаланың бірі. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер