Махамбет Досмұхамбетов репрессия тарихтағы үлкен сойқандардың бірі екенін айтты

2712
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Фейсбук желісіндегі парақшасында жазды. 

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхаметов өз жазбасында саяси репрессиялар халқымыздың дамуын тежегені туралы жазды.

“Халқымыз мыңдаған жылдық тарихында талай аласапыранды бастан кешірді. Бірақ, өткен ғасырдағы ең ауыр нәубет пен зобалаң ұлттың жадында жатталып, ұлттық тарихтың қаралы парақшасына қанды жаспен жазылды. Қазақ халқының қаймақтарын репрессияға ұшырату, жаппай саяси қуғын-сүргін, ата кәсіптен ада ете отырып ашаршылық жасау адамзат тарихындағы үлкен сойқандардың бірі. Түрлі жала жабылып, жазықсыз зардап шегіп, түрмеге қамалып, ату жазасына кесіліп, еріксіз жер аударылған жүз мыңдаған жазықсыз жандардың тағдыры үлкен тарихи әділеттелікті талап етеді”, – деп жазды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мен ашаршылық тақырыбын терең зерттеу жұмыстары жасалып жатқандығын атап өтті.

“Ұлттық элитаны жалмаған саяси репрессиялар халқымыздың дамуын тежеп, әлеуетін әлсіретті. Ел болып еңсе тіктеп, ұлт болып ұйысу процессін тұтас ғасырға шегерді. Бүгінде өткенді зерттеп, болған оқиғалардың ақиқатын анықтауға баса көңіл бөлінудe. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында Тәуелсіздік жылдары тарихи ақтаңдақтар ашылып, шынайы шежіреміз жазуға кірістік. Қазіргі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мен ашаршылық тақырыбын терең зерттеу жұмыстары жасалуда. Жазықсыз жазаланған жандарды ақтап, құрбан болған ұлыларымызды ұлықтап, кезінде босқын болғандардың ұрпақтары тарихи Отанға оралуда. Бұның барлығын тарихи әділеттілікті қалпына келтіру деп есептейміз. Өткенін білмеген, болашағын болжай алмайды деген. Сондықтан, тарихымыздың тек жеңісті кездері ғана емес, қаралы кезеңдерін де жадымызда сақтап, өткеннің сабағын жас буынға дұрыс жеткізуіміз керек. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, сол боздақтар армандаған Тәуелсіздікті баянды ету – бүгінгі ұрпаққа парыз. Егемендігіміз мәңгілік, халқымыз аман болсын!” , – деп жазды облыс басшысы.

Пікірлер