Дін – тәрбиенің рухани тірегі

3431
Adyrna.kz Telegram

Ата-ана алдында үлкен жауапкершілік бар. Ол-бала тәрбиесі. Әке де, ана да бала алдындағы тәрбиеде бірдей жауапты. Бала үшін олардан асқан тәрбиеші жоқ. Адам бойындағы адамгершілік, мейірімділік және имандылық сияқты барлық ізгі қасиеттер отбасынан бастау алады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қазақта керемет сөз бар. Отбасындағы тәрбие мықты болып, баланың тәрбиелі санасын қалыптастыра алса, онда қоғам қауіпсіз болатын еді. Қоғамдағы әр мәселе ұлттың айнасын көрсетеді. Үйдегі бала тәрбиесі нашар болса, қоғамға шыққан жасөспірім жеткіншек көп қателікке бой алдырып, адасушылыққа кететіні анық. Сол себепті де қазақ халқы бала тәрбиесінеаса жауапкершілікпен қараған.

«Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне қатты акцент қоя білген. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»,-дейді. Яғни, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Отбасында алған тәрбиесі баланың адам болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деп Абай атамыз айтпақшы баланы әуел бастан еңбекке баулып, жақсы қасиеттерді бойына сіңдіру маңызды болып саналады. Бала тәрбиесінде ескерілетін жайт М. Жұмабаевтың мына бір сөзін естен шығармағаны абзал «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек,олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн».

 Елбасымыз Н.Назарбаев  «Біз тегіміз түрік, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап Құран кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек» деген болатын. «Отанды сүю - иманнан» дейді. Ұлтына патриоттық имандылық тәрбие алғандар адасудан бойын аулақ салатыны сөзсіз. Кез келген мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген. Бұл – тәрбиенің маңызын меңзейтін хадис екені анық. Шындығында, ата-ана өзұрпағына тәрбиеден артық мұра, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Алла Елшісінің тағы бір хадистерінің бірінде балаға бір сәт көңіл бөліп, тәрбиесіне араласу садақа беруден артық амал екендігі жайлы да айтылған. Ғұламалардың бірі: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат» деген керемет нақыл сөзін естен шығармау керек.

Еліміздің көркейіп, өркениетті елдің қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Шығыс ғұламасының бірі болып саналатын Жүсіп Баласағұнның дастандарында отбасы тәрбиесі көп айтылады.Мемлекеттің беріктігі тек ел билеуші қайраткерлерге әділ заңға, күшті әскерге ғана емес, әр отбасының беріктігіне байланысты екендігін сипаттайды. Оның ойынша: отбасы беріктігі жаңа жар таңдаудан басталады және өнегелі отбасында ғанаөнегелі ұрпақ тәрбиеленеді.

Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тиянақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле» деген сөзінде үлкен мән жатқанын ескеруміз керек. Бала шыбық тәрізді, қайдан жарық шықса, соған қарай бұрылып өседі. Сол себепті, баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, тәрбиелеген балалрымыздың қоғамда мықты тұлға болып тұрғанын көре алатынымыз анық. Аид әл-Қарнидің «Мұңайма» деген кітабында артыңнан екінші атың қалу үшін тәрбиелі ұрпақ тәрбиеле деген керемет ой айтқан екен. Әр ата-ана сол үшінде артынан өшпес ат қалдыруға тырысып, жауапкершілік сезіну маңызды.

   Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі” – дегендей балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілуі тиіс. Тәрбие шыны ыдыс болса, білім сол шыны ыдыс ішіндегі су деп алып қарасақ, шыны шағылса су ағып кетеді.Демек, тәрбиесіз келген білім де адам бойына тұрмайды. Сол үшін тәрбиені қадағалап, саналы ұрпақ тәрбиелеуге тырысайық! Болашақ саналы да тәрбиелі жастар қолында!

Елиза НҰРАХЫМАН,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

«Исламтану» мамандығының 3-курс студенті;

Жетекшісі: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының аға-оқытушысы Абдуллаев Нұржан Кыдыралиевич

Пікірлер