Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өткізді.
кіріспе сөзін ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов сөйлесе, шараны ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов жүргізді.
Конференция екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім "Алаш идеясының қалыптасуы мен мәні" деген тақырыпта болды.
Шоқан Уәлихановтың қазақтың ұлттық құндылықтары негізінде көтерген мәселелерін тарих ғылымының докторы, профессор Шайзада Тоқтабаева әңгілімелеп берді. Исламдағы әсіре діншілдік пен шоқындыру арқылы Ресей патшалығының қазақты отарлау саясаты жайында Қабдол Әуезов, Заңғар Кәрімхан, Бауыржан Берікұлы тәрізді жас ғалымдар арнайы баяндамалар жасады.
Алаш зиялылары қазақты діни фанатизмнен сақтандырды. Оның басында әлбетте Әлихан Бөкейханұлы тұрды. Бұл трулалы Алаш қайраткерінің бірі Қошке Кемеңгерұлы «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі.
Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деп жазады. Осыдан-ақ Алаш мұраты айқын көрініс табады. Олар діншілдіктің орнына ұлттық құндылықтар мен жаратылыстану және куманитарлық ғылым-білімді насихаттады. Сол себепті олардың әрқайсысы балаларға арнап оқулықтар дайындады. Мәселен, Х. Досмұхамедұлы – математика, зоология, М. Дулатұлы, С. Қожанұлы, Ә. Ермекұлы, Қ. Сәтбайұлы – математика, алгебра, Т. Шонанұлы – география, тарих, М. Жұмабайұлы – педагогика, Ж. Аймауытұлы – психология, Қ. Кемеңгерұлы – химия, тіл, тарих, Ж. Күдеріұлы – тіл, әдебиет, мәдениет, Ә. Бөкейханұлы – астрономия, география, М. Әуезұлы – әдебиет, С. Сәдуақасұлы – театртану, А. Байтұрсынұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонаұлы, Н. Төреқұлұлы – тіл саласынан еңбектер жазды.
Екінші бөлімнің тақырыбы "Алаш арыстарының қызметі мен мұрасы" деп аталды. Онда академик Хангелді Әбжанов ("Алаш идеясы") тарих ғылымының докторы Данагүл Махат ("Смағұл Сәдуақасовтың ағартушылық қызметі"), алаштанушылар Аманқос Мектептегі ("Ахмет Байтұрсынұлының
ғылымдағы ұстанымы") мен Бейбіт Қойшыбаев ("Алаштықтардың зайырлы қоғамды қалыптастыруға үлесі"), алаштықтардың ұрпағы Дина Мұхамедхан ("Қайым Мұхамедханның бастан кешкен тағдыр тауқыметі") тәрізді тұлғалар қызықты баяндамалар ұсынды.
Конференция аясында қолөнер және кітап көрмесі болды. Кітаптар Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен Алаш автономиясы тақырыптары бойынша сөреге қойылса, қолөнерде тоқыма, зергерлік, қайыс материалдар негізіндегі заттар ел назарына ұсынылды. Сонымен бірге, стендтік көрме де ұйымдастырылды. Мұнда Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы деректер берілді.
Сонымен бірге, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі түсірген «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» атты деректі фильм көрсетілді. Бұл деректі фильмнің түсірілім жұмыстары «Алаш жолы» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында Шығыс Қазақстан, Семей, Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларында, Қарқаралы, Баянауыл аудандарында жүргізілген болатын.
Арман СЕРІКҰЛЫ