Тіпті жақын адамдарыңызға айтуға болмайтын 3 құпия

1894

«Басқа бәле тілден» деп қазақ бекер айтпаған. Адамды демейтін де, жебейтін де, жылататын да, жұбататын да – сөз. Егер сіз өз жүрегіңіздегі құпияларыңызды өзгелерге тым көп ашатын болсаңыз, жеке өміріңізге және отбасылық өміріңізге зияны тиіп кетуі бек мүмкін. Сондықтан кей әңгімелерді, кейбір сырларыңызды тіпті жақын адамдарыңыздан жасырып қалғаныңыз абзал. Бұл туралы «Адырна» тілшісі тарқатып бермек.

Балаларға қатысты әңгімелер

Аналар балаларының денсаулығы туралы, мектебі және жоспарлары жөнінде сұрағанда бәрін ашып айтудың қажеті жоқ. Әрине дөрекілік танытпау керек. Бірақ балаларыңыздың жоспарлары туралы өзгелерге айтып керек емес. Сұраған жанға, жалпылама түрде жауап бере салғаныңыз дұрыс.

Эзотериктер (ішкі табиғаты бір жандар) өз нұсқаларын ұсынды. Егер сізден балаларыңыз туралы ақпаратты сұраған адам сіздің жақыныңыз болса, онда оған дөрекілік танытпай жай ғана тақырыпты өзінің балаларына немесе жеке өміріне қатысты арнаға бұрғаныңыз жөн. Мысалы: «біздікілер жақсы, ақырындап өсіп жатыр ғой, өзіңде қалай?», деп.

Ал егер әңгімелесіп жатқан адамыңыз балаларына қатысты көптеген мәселелерін айта бастаса, әңгімені жұмсартып көріңіз. Ешқашан оның балаларына тіл тигізбеңіз. Балаларын қоса сөгер болсаңыз, онда оның беріп жатқан тәрбиесін де құптамағандай болуыңыз мүмкін. Одан соң сіздің тарапыңызға түрлі негативтер айтылуы да ғажап емес.

Қыздар арасында қарым-қатынас туралы

Жігіт пен қыз арасындағы махаббат туралы, сол екі кейіпкерден өзге ешкім білмегені нұр үстіне нұр. Арада мәселелер, бір-біріне ұнамайтын тұстар, ұрысулар, түсініспеушіліктер туындаған жағдайда оны үшінші бір адам келіп түзете алмайтыны анық.

Өткен немесе дәл қазір орын алып жатқан қарым-қатынаста жігітіңізді/қызыңызды жамандап, жағымсыз жақтарын басқа адамға, тіпті жақыныңызға айту арқылы сіз өз талғамыңызды төмендетіп, өзіңіздің қадіріңізді де кетіресіз. Екінші жартыңыз мінсіз жан болмаса да, ол туралы құрбыңызға, досыңызға, анаңызға, әпкеңізге, ұжымдасыңызға да тіс жармаңыз.

Біріншіден, сіз жақын қарым-қатынаста болған адамыңызды жамандау арқылы сіз өзіңізді де байқамастан қорлауыңыз мүмкін. Екіншіден, сіз сөзсіз өсекшілердің басты әңгімесіне қаласыз. Сіз жақыным деп сыр шерткен жандардың қайсыбіреуі болмасын құпияңызды өзгелерге айтып қоймасына кім кепіл?! Үшіншіден, қарым-қатынаста жолыңыз болмағанын білген бәз біреулер сіз жамандаған екінші жартыңызға көз салуы мүмкін.

Өзгенің құпиясынан аулақ болыңыз

Өз құпияңызды бөгде құлаққа айтудың қажетсіз екендігі секілді, сіз де өзгенің құпиясынан аулақ болуыңыз керек. Оларды білгеннен кейін сіз әрқашан біреумен жаңалықтар бөліскіңіз келеді. Егер күндердің күнінде аңдаусызда біреудің сізге айтқан құпиясының басы ашылып қалар болса, онда оны үшінші адамнан жасырып қалу, тіпті қиынға соғады.

Қоғамда өсекшілерді құрметтемейді, олармен сирек араласып, әдетте адамдар олардан аулақ болады. Өсектеудің түбі, жақын адамдарыңыздың бірімен сөзге келіп, ұрыспен де аяқталуы бек мүмкін. Сондықтан, егер сіздің дос қызыңыздың немесе туысқандарыңыздың біреуі сізге басқа адамды ғайбаттай бастаса, тақырыпты өзгертіп, өзгенің сырын білуден жалтарғаныңыз дұрыс болады.

Сенімді адам және сыйлы дос ретінде беделге ие болу қиын және жауапты қадам. Бірақ сіз сол қасықтап жинаған абыройыңызды, беделіңізді бір-ақ сәтте жоғалтуыңыз ғажап емес. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дегендей , өзге адамдармен әңгімелескенде, сөйлескенде, сыр шертіскенде әр сөзіңізге мұқият болыңыз.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар