QS World University Rankings қазақстандық университеттерден жалған статистика алып жүр ме?

4247
Adyrna.kz Telegram

         Жақында Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық рейтинг агенттігі 2022 жылғы үздік университеттердің тізімін жариялады. Академиялық рейтингке қазақстандық 14 оқу орны енді. Шынымен қазақстандық университеттер әлемдік альма-матерлердің деңгейінде ме? Әлде QS  оқу орындарынан жалған статистика алып, алданып жүр ме? Осы орайда, білім беру саласының сарапшылары Media CLUB QAZAQSTAN платформасында аталған рейтингтің қаншалықты дұрыс өткізілетінін талқылады.

Рейтингтегі жоғары оқу орындарының позициясын анықтау кезінде академиялық топтар мен жұмыс беруші ұйым өкілдерінен жиналған сауалнамалардың нәтижелері, сондай-ақ 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңдегі 14,7 миллион жарияланым ескерілген.  Бірақ Академиялық адалдық лигасы Хатшылығының басшысы Яков Воронковтың айтуынша, бұл рейтингке қатысты көптеген даулы мәселелер бар.

«QS рейтингіндегі 40% құрылым университеттің  академиялық беделінен тұрады. Академиялық беделін анықтау үшін сарапшылар арасында сауалнама жүргізіледі. Сәйкесінше оқу орындары сол сарапшылармен нақты жұмыс істеп, өзін мадақтауды, жақсы пікір жазуды сұрайды.  Ал 20% құрылымы - мұғалімдердің дәйексөзі. Жақында ғана Мәскеудегі оқу орнының бірі мақтап мақалалар жазумен  айналысатын зерттеуші мұғалімді «сатып» алғаны белгілі болды.  QS рейтингінде жұмыс берушілерден де сауалнама алады. Дегенмен, бұл рейтингтің әділдігіне қатысты сұрақтар көп», - деді Яков Воронков.

Естеріңізде болса, «Атамекен» ҰҚП өткен жылы өз тізімін жариялаған болатын. Олар түлектердің жұмысқа орналасуы мен жалақыларының көлеміне негізделе отырып баға берген.  Бұл тізімнің алғашқы бестігінде әлемдік рейтингті бағындырған жоғары оқу орындары жоқ. Осы орайда, ҚР «Атамекен» ҰҚП жариялаған рейтингте бірінші орын алған М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев былай дейді.

«QS өз рейтингінің нәтижесін ЖОО берген ақпаратқа сүйеніп шығарады, олар оны қайта тексермейді. Бірінші кезекте білім  сапасын арттырып, рейтинг соңынан қумаған абзал»,- дейді Талғат Нәрікбаев.

Пікірлер