Бірлікті ел бұзылмас

241
фото ашық ақпарат көздерінен алынды
фото ашық ақпарат көздерінен алынды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы - бұл халқымыздың маңдай терімен жеткен жетістіктерінің рәмізі, сонымен бірге – жаңа тарихи сын. Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсті. Қазақстан әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықты. Әрине, бұл уақыт ішінде мақтануға тұратын, мемлекеттігімізді нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты талай ауқымды істер жасалды.

Дегенмен, Тәуелсіздік осы отыз жылмен шектелмейді. Оған жетудің тарихы, қазағымыздың көрген қасіреті бір жағында тұрса, екінші жағында елдігімізді, егемендігімізді сақтап, оны келешек ұрпақ үшін нығайту ісінің тұрғаны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздіктің қадірі мен құндылығын, оны сақтаудағы бағдар – белестерді айқындап берді. Президент мемлекетіміздің отыз жылда өткерген белестерді тізгіндеп, олардың әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанына назар аударды. «Көреген басшы елді өсіреді» демекші, Қазақстанның мемлекет болып, керегесінің кеңеюі жолындағы Елбасының дара көшбасшылығының маңызына айырықша тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы соңғы уақытта аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне де жауап бере отырып, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыздың бар екенін баса айтты. Тіпті 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілгені де белгілі. Сондай-ақ, азаматтармызды көптен мазалап жүрген жер мәселесі бойынша да нақты жауап ретінде қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтіні, ешқашан сатылмайтыны Президенттің мақаласында тағы да расталды.

“Бірлікті ел бұзылмас”, сондықтан мемлекетімізді біртұтас деп білуіміз және танытуымыз қажет. Ол үшін аймақтарымызды солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс деп бөле бермей, тарихи, мәдени маңызды атауларды енгізу де маңызды. Әрине, оны Мемлекет басшысы айтқандай, байыппен, ойланып жүзеге асыру керек. Әр қазақ үшін аталарымыздың қаны мен тері тамған бір уыс топырақтың өзі есебі жоқ байлық. Алайда бұл жерді дұрыс пайдалану, қадірін біліп қастерлеу, шынайы отансүйгіштікті қалыптастыру - кезек күттірмейтін үлкен жұмыс. Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси – экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Ұлттың жаңа болмысы өткенді білуден, дәріптеуден басталады. Тәуелсіздік құндылығы халқымыздың жадында мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бұл ретте, тарихи жадының орны ерекше.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар, бұл егемендікке жеткізген қайғы – қасіретке толы тарихи оқиғаларды ұмытпаған жөн. Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. 1986 жылы ұлқыздарымызды Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шығарған Желтоқсан оқиғасына да 35 жыл толады. Бұның бәрі біздің тарих. Мемлекеттілігіміз туралы тіс жарып отырғандардың аузына құм құю үшін мыңдаған ғасырларға созылған тарихымыздың, әлемнің жартысына ие болған алып мемлекеттік құрылыстың, азаттық үшін соғыстардың, батырлар жырларын, Алаш қозғалысының бағдарламаларын, жалпы ұлт шежіресін жаппай қайта қарап, оны өз елімізбен қатар бүкіл әлемге жаңа ақпараттық тетіктер арқылы паш ету - маңызды міндет. Қазақстанның асқақ болашағы үшін елдік саясат, жасампаз патриотизм, мемлекеттің игілігі үшін күнделікті еңбек пен ұлт бірлігі өте маңызды.

 

С.Мұздыбаева

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар