Қасым ханның қабірін іздегендер 20-ға жуық мәйітті басқа жерге көшірген

3306
Adyrna.kz Telegram

Мұнайлы өлке Атырауда Қасым ханның қабірін іздеген археологтар "кедергі келтіреді" деп жиырмаға жуық бейітті басқа жерге көшірген. Сорақысы, ұрпақтарына ескертпеген. Тұрғындар қатты ашулы, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тарихшылар талай жылдан бері Махамбет ауданындағы Сарайшық қаласында хандардың сүйегін іздеп келеді. Былтыр Қасым ханның моласын жобалап тауып, биыл қазба жұмыстары басталыпты. Бірақ ханның сүйегін іздегендер кедергі келтірді деп іргеде жатқан молаларды көшіруге кіріскен. Ал бұған ауыл тұрғындары түбегейлі қарсы болып шықты.

Тарихшылардың болжамынша, Сарайшық қаласында хандар жерленген. Алтын Орда мен Ноғай ордасынан кейін қазақ хандығының Астанасы болған жер. Бұл елдімекенде жеті ханға ескерткіш те орналтылған. Солардың бірі Қасым хан дәл осы іргеде жерленген деп археологтар, этнограф ғалымдар зерттеу жұмысын бастаған еді. Алайда зерттеу жұмыстарына маңындағы мына молалар кедерді келтіріпті. Сөйтіп, зираттарды көшіре бастаған.

Бірақ бұл іске Сарайшық халқы қарсы. Өйткені өлі аруақтарды қорлау дейді. Және ең сорақысы, бейттерді қазып, сүйектерді басқа жаққа көшіріп жатқандар дәл осы зираттарда жерленген адамдардың ұрпақтарына, туыс-туғанына ескертіп жатқан жоқ деп ашулы.

“Халықтың рұқсатын алған жоқ. Жаңағы жерді жинасын. Орыстың мәйітін көшірді. Оларда гробқа салған әйтеуір, сүйегі жинақы жатады ғой. Ал мыналар сүйекті жинап-жинап апарып, ол түгел ме, түгел емес пе? Кімге біз дұға етеміз. Сол көкірегімізде, сосын жалпы тыныштық керек. Мынау үш ғасырдың адамдары”, – дейді ауыл тұрғыны Хатия Хайруллина.

“Мына өліп жатқан кісіге біз тыныштық сұрап жатырмыз. Біз біледі деп жатыр ғой. Білмейді ешкім бұл жерде. Қазып жатқанда ғана білдік. Тек қана жеті мәйіт аламыз деді. Артық мәйіт алмаймыз деді. Олар алды, одан кейін 11 ме, 12 ме мәйітті тағы жерлеп тастады. Тұрғындар құлпытастардың зират ішінде шашылып жатқанына наразы”, – дейді ауыл тұрғыны Алтай Құспанғалиев.

Қорым ішінде көне моланы қоршаулары, бейіттің басындағы белгілерімен бірге құлпытастар да жатыр. Тіпті әр жерден не адамдікі, не малдікі екені белгісіз сүйектерді де көруге болады.

“Мына құлап жатқан құлпытастар тіп-тікесінен тұрды. Кеше өзім келіп шок болдым. Бәрін нөмірлеп, құлатып тастаған. Ертең көшіп кеткен Ақтау, Астана жан-жаққа көшіп кеткен балалары, немере-шөберелері іздеп келсе қайдан табады?” – дейді ауыл тұрғыны Ғалымғали Қойшығалиев.

Қазылған моланың топырақтарын қорымның іргесіне төгіп жатыр екен. Оның арасында адам сүйектері бар дейді тұрғындар. Алайда қазба жұмысын жүргізіп жатқан археологиялық топ халықтан рұқсаты алынды, іздегеніміз де табылды. Енді осы жерді ғана зерттейміз дейді.

“Осы аймақтағы 20 сүйекті біз көшірдік. 7 адамның ағайын туыстары табылды. Ол 7 адамның рұқсатын алдық. Сондай-ақ, бұл жұмыстармен облыс әкімі, аудан әкімі бәрі хабардар. 7 адамның ағайыны табылды, қалған 13 адамның ағайыны табылған жоқ. Олардың барлығын біз көрші Құлмекен зиратына апарып жерлеп, құлпытастармен бірге апарып қойдық. Біз іздеп жатқан нәрсе табылды мына астында жатыр. Жоқ Қасым ханның сүйегі деп айта алмаймын, оның ішінде бірнеше сүйек бар”, – дейді "Сарайшық" тарихи-мәдени қорымының археологы Айбек Тұрарұлы.

Сарайшық тұрғындары үш ғасырдан бері өмір сүрген ата-бабаларымыз жатқан бұл қорым әбден аяқ асты болды дейді. Сондықтан өлі аруақтарды қозғамай, қорымды қоршасын деп талап етіп отыр.

Пікірлер