Еліміздегі заңгерлер қауымдастығы арасында күн санап шиеленісіп, өзара талас-тартыс боп жатқан мәселенің бірі- адвокаттар мен заңгерлердің кәсіби заңнамасындағы өзгерістер екенін көзі қарақты жұрт біршама уақыттан бері бақылап отыр. Ал енді ол неғылған талас-тартыс пен бітпейтін дау-дамай, соған өз көзқарасымды (тек өзімнің!) білдіре кетсем:
Бірқатар әріптестердің үлкен мәселе етіп көтеріп, ел Президентіне Үндеу тастап, вето қоюды сұрап жүргені- Парламент қабылдап жіберген Заң жобасының кейбір тұстары Конституция баптарына қайшы келеді, яғни кәсіби заңгерлердің құқығын шектейді деген тұрғыдағы көзқарас болатын. Бұның алдындағы осы мәселе жайлы бір жазбамда айтып өткендей, “бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді”-деген қазақтың кішкене нелеу мақалында айтылған мәселенің байыбына бармай, терең түсінбей, тіпті әлгі қырық пышақ боп керісіп жатқан заңды оқымай да, “еріп үретіндер” арамызда көп екені тап осы жолы анық байқалғандай болды..Бір апам айтпақшы, “окыныш орай” солай екен.
Мақал сондай, оны өзгертуге қақым жоқ. Ар-намысқа тиді деп тағы шу шығып кетпесін. Ситуацияға келетіні, тапқаным - осы мақал болды енді. Хайп пен пиар қуу, “атың шықпаса, жер өрте”-дейтін пікірді ұстанатындар, танымалдыққа ұмтылу үшін неғұрлым даусын қатты шығарып, “айғайлай беру” үрдісі соңғы жылдары заңгерлер арасында да сәнге айналып бара жатыр. Әлгі “еріп үретіндерде” басты мақсат осы болса керек. Ішіне кіріп шыққан жоқпыз, таза өзімнің пікірім екенін басында ескертіп өттім. Сырт көзге солай көрінсе, реніш болмасын.
Қош, сонымен негізгі тақырыпқа оралсақ, жоғарыда аталған “айқай-шудан” соң, Қасымжомарт Кемелұлы ол Заңның жобасын Конституциялық Кеңеске жібертіп, шын мәнінде Ата Заңымызға қайшы келетін тұстары бар-жоғын анықтап, құқықтық баға беруін тапсырған болатын. Оны да белгілі бір топ өкілдері “сүйіншілетіп” жеткізген еді.
Одан бері біршама уақыт өтіп, таяу күндері Конституциялық Кеңес өз шешімін жариялады.
Парламент қабылдаған адвокаттар мен заңгерлердің кәсіби Заңы - КОНСТИТУЦИЯ ТАЛАПТАРЫН БҰЗБАЙДЫ. Яғни Ата заңымыздың баптарына кейбір әріптестер айтқандай, қайшы келмейді. Кеңес осындай Қаулы қабылдады.
Шын мәнінде Конституциялық кеңес Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін шектеу туралы мәселені қарады десе болады. Себебі:
Адвокаттық қызмет туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның қарсыластары, Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сәйкес, ең маңыздысына жатқызылғандарды қоспағанда, мемлекет қоғамдық қатынастарды реттей алмайды деп мәлімдеген болатын.
Алайда, Конституцияның осы тармағында мүлдем басқаша жазылған. Онда заңдар мен заңға тәуелді актілер арасындағы реттеу саласы ажыратылады. Онда ең маңызды қатынастар заңмен, ал басқалары заң актілерімен реттелетіні анық жазылған.
Заңның қарсыластары анық және нақты жазылғанды көрмей, мемлекет ең маңызды емес қатынастарды реттеу құқығымен шектелген деген жалған қорытындыға келеді.
Ол заңгерлер Қазақстан Республикасы ЕГЕМЕНДІ МЕМЛЕКЕТ ретінде өз аумағында жоғары және тәуелсіз билікке ие екенін түсінуі тиіс еді.
Қазақстан Республикасы өз істерін өз бетінше және еркін шешу үшін өзіне қажетті кез келген Нормативтік-құқықтық актілерді шығара алады! Бұл мемлекеттік егемендіктің мәні.
Осы маңызды қатынастармен Республика заңдармен, ал маңыздылығы азырақ қатынастарды заң актілерімен реттей алады. Бұл мемлекет үшін тек құқықтық техника мәселесі. Ең бастысы-байырғы қазақ жерінің бүкіл аумағында Қазақстан Республикасының абсолютті үстемдігі.
Жоғарыда аталған адамдардың идеясы бойынша біздің еліміздің мемлекеттік егемендігі шектеулі болуы керек.
Заңдар мен құқықтық идеялардың мағынасын бұрмалау әдеттегі тәжірибеге айналды, бірақ біздің еліміздің мемлекеттік егемендігін жоққа шығаруға жол берілмейді. Әсіресе бұл біздің еліміздің азаматтарына, оның ішінде қандас әріптестер үшін үлкен сын..
Жазбамның басында атап кеткен “көріп үру” мен “еріп үру” варианттарының соңғысы көбірек орын алғанын осы жерден байқауға болады. Сол көзқарасты жақтаушылар бастапқы идея авторының түпкі ойын жете түсінбей, заң нормаларының мағынасына терең үңілмей, егеменді ел болғанымызды қаламайтын, тіпті көре алмайтын, Қазақстан халқы мен Қазақстан мемлекеттілігі үшін жаны ауырмайтын, сол үшін көпті жаңылыстырып отырған біреулердің айтқан ойына сүйеніп, асығыс пікір білдіріп жатқандар қатары күннен - күнге көбейіп кетті..
Бұл дегеніміз - адвокаттар мен заңгерлер арасында өздері қызмет етіп отырған заңдарды жете түсінбейтін мамандардың өкінішке орай, көп екенін көрсетеді..
Біздің еліміздің мемлекеттік егемендігі-бұл қазақ халқының ғасырлық арманы. Оны шектеуге кез-келген әрекетке жол берілмеуі керек.
“Айтпаса сөздің атасы өледі”-демекші, ақыры бастадым, ойымды толық жеткізейін:
Бір қарағанда, аталған Заңның қарсыластарының әрекеттері - тәртіпке бағынбай, шындық айттық деп, ауыздарына не келсе, соны айтып, бетімен кеткісі келгендердің байбаламы сияқты көрінеді маған. Шынымен ол Заңда өрескел заң бұзушылық орын алған болса, бәріміз бір кісідей қолдар едік қой.
Бауыржан Момышұлының “Тәртіпке бағынған құл болмайды”-дейтін қанатты сөзі бар. Қай салада да, қанша жерден азат ойлы, тәуелсіз адвокатура саласы болсын, тәртіп, белгілі бір ортақ ереже болуы керек. Тәртіпке бағыну - тәуелсіздікті шектеу деген сөз емес.
Бұл жағдайдың астарында заңгерлердің құқығын шектеді деп қиналып жатқаннан гөрі, қай топ мықты екен, қайсымыз жеңеміз деген қитұрқы әрекет те қылаң беріп қалатыны жасырын емес..
Кейбір кісілердің түсінігінде тәуелсіз адвокатура деген ортақ ереже, тәртіп дегенге бағынбай, әрқайсысы өз бетімен, ұнамаған адамның намысына, жеке басына тиісіп, қарапайым мәдениеттен аулақ болу ғой деймін. Сөздері мен әрекеттері соған келеді... Қаттырақ кетсем, кешірім өтінем.
P.S. Ал Конституциялық Кеңестің қабылдаған шешімі менің ойымша-дұрыс. Парламент қабылдаған Заң - Конституция талаптарын бұзбайды.
"Адырна" ұлттық порталы