Бұрынғы премьер-министр 2 айға қамауға алынды

540

Бішкектің Первомай аудандық соты 2 маусымда бұрынғы премьер-министр Өмірбек Бабановқа бұлтартпас шарасын қолдану туралы шешім қабылдады. Ол ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің тергеу изоляторына екі айға қамалды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады, деп жазады Азаттық.

Бұған дейін судья экс-премьердің заңды ұсталғанын атап өтіп, қорғау тарабының судьяны ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

Бабановтың өзі тағылған айыптарды "сандырақ" деп атаған.

31 мамырда мемлекеттік ҰҚК бұрынғы премьер-министр Өмірбек Бабановты ұстаған. Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оған "Құмтөр" жобасымен байланысты жемқорлық бабы бойынша айып тағылған.

"Құмтөр ісі" бойынша сонымен бірге Жогорку кеңеш депутаттары Асылбек Жээнбеков, Торобай Зулпукаров, экс-депутаттар Ысқақ Пирматов пен Талантбек Узакбаев та ұсталды. Олар да екі айға қамалған.

"Республика" партиясының құрушысы және экс-лидері Бабанов 2011-2012 жылдары Қырғызстан премьері болған. 2017 жылы президент сайлауына қатысып, екінші орын алған. Сайлаудан соң ол саяси карьерасын аяқтайтынын айтып, Мәскеуге кеткен еді. 2019 жылы тамызда ол Қырғызстанға оралған.

Бабанов Қырғызстанға келген соң ҰҚК мен қаржы полициясына бірнеше рет тергеуге шақырылған. 2020 жылы 29 тамызда кезекті тергеуден кейін ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне "сегіз қылмыстық іс бойынша жауап беріп жатқанын" айтқан. Биыл наурызда ҰҚМК Бабановқа қатысты қозғалған іс тоқтатқанын, ол мемлекетке қолдау ретінде 100 млн сом аударғанын мәлімдеген.

Пікірлер
Редакция таңдауы