ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп директорларын жаппай ауыстыратын болды. Осы арқылы бірінші басшылардың кәсіби тұралап қалуының және «жұмыста жанып кетуінің» алдын алмақ деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы кезде мектеп директорларына қатысты дау-жанжал көбейіп кетті. Мысалы, өткен аптада ғана Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданында оқушы қыздың зорланғанын жасырғаны үшін мектеп-гимназияның басшысы Лариса Қожахметованы сот кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеді. Оған 5-сынып оқушысы өгей әкесінен жәбір көргенін айтады. Бұл деректі мектеп психологы растайды. Қаскөйдің айуандық ісі туралы полицияға жедел жеткізу орнына Л.Қожахметова барлық қызметкерін кабинетіне жиып алып, болған оқиғаны құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салған. Директордың жауырды жаба тоқуы кесірінен қыз балаға қатысты жыныстық зорлық жалғасқан. Жауыз әкей 22 жылға сотталды.
Сондай-ақ өткен аптада Жамбыл облысының Сарыөзек ауылындағы мектеп директорының міндетін атқарушы бейәдеп қылығы үшін жазаланды. Әлеуметтік желіде басшы мен оның бағыныштысының «қызметтік романға» берілгенін айғақтайтын видеожазба тарады және лезде қоғамдық қызу пікірталас тұтандырды. Видеоны әлеуметтік желіге салған тұрғын «директор мен оның орынбасарының махаббат ләззатына бөленгенін педагогтер де, оқушылар да бұрыннан біледі» -деді. Содан аудандық білім басқармасы 2021 жылғы 25 мамырдағы бұйрығымен мектеп директорын қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартты.
Ал Түркістан облысының Сайрам ауданының Жібек жолы ауылының тұрғындары өткен жыл соңында аудандық прокуратураға ұжымдық шағым түсіріпті. «Ол хатты прокурорлар Сайрам ауданының ішкі істер бөліміне бағыттады. Өз кезегінде полицейлер шағымды Экономикалық тергеулер қызметіне жолдаған. Алайда әлі күнге дейін мектеп директорының мемлекеттік мүлікті ұрлау фактісі бойынша ешқандай тергеу жүргізілмей жатыр. Сондықтан Жібек жолы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы мектепте тексеріс жүргізуді талап етеміз», – дейді тұрғын А.Сайдулина.
Алматы тұрғыны Анна Игнатьева өз мектебінде биылғы оқу жылында оғаш жайттар орын алғанын жеткізді. «Біздің мектеп директоры мемлекеттік бюджетті талан-тараж етіп жатқанға ұқсайды. Күн сайын әлдебір көлік келеді де, мектеп асханасындағы азық-түлікті соған тиетіп жібереді. Мектеп қызметкерлерінен мән-жайды сұрастырдық, олар бұл тамақтар ауру балаларға жеткізіледі десті. Мектебімізде кезекші сыныптар да болған жоқ, бастауыш сыныптар тегіс онлайн оқыды. Онда неге асхана жұмыс істеген және азық-түлікті қайда апарып отырған?!» – деп алаңдайды белсенді ата-ана. Ол әлгі көліктің деректерін көрсетіп, болған жайтты бейнетаспаға түсіріп, құзырлы органдарға жіберген. Қазір Алматы қаласының білім басқармасы бұл деректі тексеруде.
Мұғалімдерді, ата-аналарды тыңдасаңыз, әрбір директорға қатысты «компромат» табуға болатын секілді. Салада қалыптасқан жағдайға билік үн қатып, «ұйымдастырушылық шаралар» кешенін қабылдағаны жөн. Білім және ғылым министрлігі соған бейіл екенін аңғартты. Министрлік «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидаларының» жобасын жариялады. Енді білім ордаларының басшыларына бір орында көп отыруына жол берілмеуге тиіс. Бұл науқанға – мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірінші басшылары ілігеді. Қағида солар арасындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайды. Тек зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт.
Сонымен ротация 3 жылда бір рет жүргізіледі. Бұл ретте қағидада «аттестаттау немесе мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындысы» ескерілетіні баса айтылған. Яғни, егер бұл сынақтардан сүрінсе, ауысу да мұң болады, мүлдем білім беру жүйесінен қуылуы ықтимал. Директорға бағалауды облыстардың және үш мегаполистің білім басқармасының кадр қызметі жүргізеді. Директорға берілетін баға ол басқаратын мектептегі оқу-әдістемелік және тәрбие қызметінің сапасына, білім алушыларының білім деңгейіне байланысты болады. Барлық директорға ауысудан бір рет бас тартуына мүмкіндік берілмек.
«Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы алғаш рет жазбаша бас тартқан жағдайда, онымен еңбек шарты тағы 3 жылға ұзартылады. Егер ол екінші рет жазбаша бас тартса, онда Еңбек кодексінің 49-бабының 7)тармақшасына сәйкес, ол атқаратын лауазымынан босатылады. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 5 және одан көп жыл білім беру ұйымының басшысы болған тұлғалар міндетті түрде ротациялауға жатады. Ротациялау осы қағидалар қолданысқа енгізілген сәттен бастап 3 ай ішінде жүзеге асырылады», – деп түсіндірді министрлік.
Құжатта мектеп директорларын бұлайша «сапырылыстырудың» не үшін қажет екені көрсетілген. Біріншіден, осы арқылы «білім беру ұйымдары жұмысының тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру» мақсат етіледі. Екіншіден, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану көзделуде. Үшіншіден, ротация – директорлардың басқарушылық біліктілігін кәсіби дамытуға және жетілдіруге түрткі болады деп күтілуде. Төртіншіден, осылайша, бірінші басшылардың кәсіби тұралап қалуының, жұмыста «кәсіби жанып кетуінің» (орысша нұсқасында: «профессиональное выгорание») алдын алу жоспарлануда. Бесіншіден, сыбайлас жемқорлыққа соққы берілмек. Өйткені бір орнында көп отырған директорлардың әсіресе, ата-аналар арасында тамыр-таныстары көбейіп, бармақ басты, көз қысты тірліктер өрістеуі ғажап емес.
"Адырна" ұлттық порталы.