Ақтөбе облыстық полиция департаменті мұрағатында 13 мың құжат бар

626

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мұрағатында қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға, Германиядан оралған және әскери тұтқындарға, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы азаматтарына арналған құжаттар сақталуда деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Бүгінде аталған мұрағатта 13 мыңнан астам құжат бар.  Атап айтсақ, мұнда "ақталуға жатпайтын тұлғалардың мұрағаттық қылмыстық істері" бойынша - 617, "қуғын - сүргінге ұшыраған, сот органдарымен ақталған азаматтарға қатысты мұрағаттық қылмыстық істер" бойынша - 9936 және "бұрынғы әскери тұтқындар мен Германиядан оралған бұрынғы КСРО азаматтарының материалдары" бойынша 2520 құжат сақталған.

Биыл департаменттің арнайы мемлекеттік мұрағатына қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың туыстарынан 76 өтініш пен сұрау түскен. Оның барлығына оң жауап берілген.

Сондай-ақ тұрғындарға 7 мұрағаттық анықтама және 150 мұрағаттық құжаттың көшірмесі беріліпті. Оның ішінде жақын және алыс шетелдерден жеке және заңды тұлғалардан 7 өтініш түсті, оның ішінде  бесеуі —ТМД елдерінен.

Мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде Ақтөбе облыстық полиция департаменті арнайы мемлекеттік мұрағаты қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың мұрағаттық анықтамаларын, құжаттардың көшірмелерін, құжаттардан үзінділерді, сондай-ақ олардың түпнұсқа жеке құжаттарын не олардың көшірмелерін өтініш берушілерге немесе олардың сенім білдірілген тұлғаларына (сенім білдірілген адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ нотариат куәландырған сенімхатты ұсынғаннан кейін) береді. Мұрағаттық қылмыстық істермен танысқан адамдардан міндетті түрде таныстырылғаны және іске қатысы бар адамдар мен олардың жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін мәліметтерді пайдалануға тыйым салынғаны туралы қолхат алынады.

Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ату және жерлеу орны туралы мәліметтер мұрағаттық қылмыстық істе жоқ. Алайда 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды жаппай жерлеудің ресми орны Ақтөбе облысының аумағында Родниковка ауылынан Орск трассасы бойынша 21 км жерде орналасқан "Түйе тауы" ("Түйе төбе") шыңының етегі болып саналады.

Екі жыл бұрын Ресей Федерациясының 28 жастағы тұрғыны Роман Завадовский отбасылық ағаш жасағысы келіпті. Алайда ол өзінің үлкен атасы Иван Завадовский туралы ешқандай ақпарат таба алмаған. Кейін Роман "Мемориал" сайтында іздеуді бастаған. Биыл 23 қаңтарда ол Новосибирскіден Ақтөбе облысының полиция департаментіне келіп, оған мұрағат құжаттарын, атасының фотосуреттері берілді. Мұрағатта Иван Завадовскийдің 20 фотосуреті бар, олардың сапасы шөберені таң қалдырды. Белгілі болғандай, 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Завадовский Иван Владимирович қайтыс болғаннан кейін ақталған.

Айта кету керек, бұл ақпараттар мыңдаған адамдарға туыстарының тағдыры туралы ақпарат табу үшін қажет. Сондықтан қандай да бір ақпарат қажет болса,  Ақтөбе облыстық полиция департаментіне хабарласуларыңызға болады.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы