Путин неге вакцина алмады немесе QazVac қашан мойындалады?

2131
Adyrna.kz Telegram

Бүгін президент Тоқаев онлайн режимде Дүниежүзілік женсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесуспен жолығыпты. Елішілік талқының бірі – Қазақстан ғалымдары әзірлеген QazVac вакцинасы Дүниедүзілік мамандар тарапынан қашан тексеріліп, ресми емге жарамды деп танылатыны туралы сөз еді.

Бүгін онлайн форматта жолыққан президент Тоқаев пен ДДСҰ басшысы екеуара коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары жайында һәм COVID-19 індетіне қарсы екпе егу туралы сөзталқы жасаған.

Президент ДДСҰ басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынамаларының алдын ала нәтижелері туралы, оның тиімділік деңгейі 96 пайыз екені, қазіргі уақытта салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін ДДСҰ-мен жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан.

Ал Тедрос Адхан Гебрейесус өз кезегінде: «Бүгінге дейін 2 миллион адамға вакцина салынған екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық», - деп пікір білдіріпті.

Ол сондай-ақ, QazVac екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтқан екен. «Ақорда» солай деп хабар таратты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан билігі ресми түрде үш вакцинаға рұқсат берген Олар: Hayat-Vax, QAZVAC және Спутник V. Осылардың ішінде халыққа жаппай егіліп жатқаны Ресейлік Спутник V вакцинасы.

Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі уақта Қазақстанда ұзын-саны 3 миллион 97 мың 941 адамға вакцина салынған. Ал вакцинаның толық компоненттерін алғандары саны 1 миллион 21 мың 100 адам екен. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күзге дейін барлығы 10 млн адамға вакцина егу жоспарланғанын айтқан.

Тақырыпқа тұздық ретінде, біз Ресейлік Спутник V вакцинасы туралы ресейлік саясаткер Андрей Карауловтың украин журналисті Дмитрий Гордонға берген сұхбатында айтқан өзекті ойларына шолу жасағанды жөн көрдік. Ескерту: Сұхбат осыдан бірнеше ай бұрын алынған һәм жарияланған.

Андрей Караулов:

Ең сұмдық сөз – дәрігерлердің «індеттен құлан-таза айықты» деген сөздері. Ресей Федерациясының шұғыл штабы күн сайын «толық айықты» деген бос сөзді айтады. Толық дегеніңіз – оның артында ешқандай салдары тумайды деген сөз. Ал коронавирус та, СПИД секілді, иммунитет толық өлген кезден бастап, індеттің салдары сезіле бастайды.

Коронавирустың өзі соншалық қауіпті вирус емес. Бұл – жұмсақ вирус. Интеллигентті вирус. Ал оған иммундық жүйенің күресуі – міне, гәп осында. Індеттің салдарын тудыратын да осы иммунитеттің жауабы. Бұл да СПИД секілді. Оның салдары бүгін-ертең шыға қоймауы мүмкін. Бәлкім бір жыл, бәлкім төрт жыл т.б. Жүре сезіледі. Сондықтан, «індеттен толық айықты» деген сөз – барып тұрған оңбағанның сөзі.

Бұл қолдан жасалған індет. Бұл туралы біздің арнамызда журналист емес, ғылым докторы, институт директоры бірінші жағдайлар 2013 жылы АҚШ базасында тіркелгенін айтқан. Шындығында, біз бұл індеттің қайдан шыққанын анықтай алмаймыз. Анау, Нью Йорктегі «егіз мұнарадағы» террактінің құпиясы секілді, түп шындығын ешқашан біле алмаймыз. Ал бұның қолдан жасалғаны және оған СПИД элементінің қосылғаны айдан анық!

Қазір осы коронавирустан кейін қаншама аурулар пайда болуда. Осы коронавирустан кейін қанша адам аяқ-қолдарынан айырылды?.. Біз әлі күнге індеттің салдары туралы ештеңе білмейміз.

Онищенко әлгінде: «Спутник вакцинасы 60 жастан асқандар үшін қауіпті», - деп мәлімдеді. Спутник вакцинасы өте ауыр вакцина. Оны жасау да ауыр. Өндірушілердің өздері оның ауыр қорытылатынын айтып отыр.

Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталия Эйсмонт алдыңғы жазда вакцина алған. Спутниктің екі дозасын алған. Қазір оның жағдайын қараңыз. Желіде оның Лукашенконың көмекшісімен сөйлескен әңгімесі тарады. Бір анығы - вакцинациядан кейін де коронавируспен ауырған жағдайлар күн сайын артып келеді.

Путин вакцина салдырды ма? Жоқ, әрине! Қызы вакцина салдырғаны рас. Тіпті оның қалай болғанын да білемін. Күлудің қажеті жоқ. Ол Ресейге қызмет еткісі келді. Ол өз айналасындағылардан «Ресейге қалай қызмет етуім керек», деп сұраған. Айналасындағылар вакцина салдыруды айтқан. Тіпті, оның вакцина салдырғанын Путин де білмеген.

Мына қызықты қараңыз. Бізде Кирилл Дмитриев деген адам бар. РФ Тікелей инвестициялар қорын басқарады. Ресей вакцинасын әлемдік нарыққа таратып жүрген солар. Міне, сол Дмитриев былтыр мамыр айында AstraZeneca сатып алған, халықтың ақшасына. Онысы және аз да емес. Біз әуелде бұл вакцинаны Путин мен оның айналасындағыларға салар деп ойлағанбыз. Кейін бұл AstraZeneca-дан да пәле шықты. Айналып келгенде AstraZeneca мен Спутник екеуі бірдей болып шықты.

Ең соңында не болғанын білесіз бе? Күлесіз. Ал мұндай жағдай тек Ресейде болуы мүмкін. Жаңағы Дмитриев дегеніңіз ең ақырында AstraZeneca мен Спутиник еген екі вакцинаны біріктіру туралы ұсыныс жасады.

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер