Ақтөбе облысында Өзбекстан азаматы 147 рет жол-көлік ережесін бұзған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері "Мираж-Ураган" модернизацияланған жүйесінің көмегімен Өзбекстан Республикасы азаматының жыл басынан бері 147 рет ВАЗ-21099 автокөлігімен жол ережесін бұзғанын анықтады.
Қала жолдарында жүргізуші жылдамдық режимінен 146 рет асып, бір рет бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп кеткен. Қазіргі таңда жүргізушіге жалпы мөлшері 3 млн 390 мың теңгені құрайтын айыппұл салынған.
Полиция енді материал жинап, шешім қабылдау үшін істі әкімшілік сотқа жіберетін болады.
Айта кету керек, жыл басынан бері "Мираж-Ураган" модернизацияланған жүйесінің көмегімен бұрын көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған 46 жүргізуші мен 113 мемлекеттік борышкер анықталып, 21 млн теңгеден астам қаражат өндірілген.
"Адырна" ұлттық порталы.