Осыдан 116 жыл бұрын, 28-мамырда Ресей империясының кемелері отқа оранып, мыңдаған адам суға батып, қырылып қалды.
Бұл шайқаста Жапонияны әйгілі қолбасшы Хэйхатиро Того алға сүйреді деуге толық негіз бар. Өйткені Того броненосецпен ұрыс жүргізе алатын әлемдегі ең білікті адмиралдың бірі болатын. Цусим шайқасында адмирал Тогоның жанында Исороку Ямамото атты офицер болды. Ол кезде жас жігіт болған Исороку, 36 жылдан кейін Перл-Харборға жойқын соққы жасаушы қолбасшылардың біріне айналады. Ал орыс флотын талқандау оған көп тәжірибе әкеледі.
Адмирал Того сөзге шешен адам болған. Шайқас алдында оның сарбаздарға айтқан сөздері сақталған. "Империяның тағдыры осы шайқасқа байланысты. Әркім өз борышын толық өтесін" деген сөздерін тарихшылар көп жазады.
Шайқас барысында Ресей флотында ауыр зеңбірекке ие кемелер саны көп болды. Ал Жапония ондай қуатқа ие емес тұғын. Сондықтан адмирал Того жеңіл крейсерлермен жау әскеріне жақын келіп, соққы жасап, кері шегініп отыру әдісін таңдайды. Бұл қауіпті болатын, бірақ түбі ақтап шықты. Сонымен қатар жапондар кислота қосылған «шимоза» жарылғышын да қолданды. Бұл жарылғыш снарядтар кемені тесіп, ішінен өртеп жіберуге қабілетті болатын.
Ресей империясының флотын адмирал Рожественский басқарды. Ол Тогоның тапқырлығы мен әр сәт сайын шайқас тәсілін өзгертіп отырғанына қайран қалды. Мысалы Того отырған "Микаса" кемесіне жиырмаға жуық снаряд тисе де батпады. Ал адмирал Рожественский бұйрық беріп отырған "Бородино" броненосеці отқа оранып, суға кетті. Орыс адмиралы ауыр жарақат алды. Көп ұзамай қолға түсті. Жапондар түнде де шабуылды тоқтатпай, атқылаумен болды. Бұл әдіс орыс сарбаздарына үрей тудырып, тіпті Ресей кемелері бір бірімен соқтығысып жатты.
Шайқас 28-мамырда Ресейдің масқара жеңілісімен аяқталды.Орыстар 5050 адамын және 21 кемесін жоғалтып, 7280 адамы тұтқынға түсті. Жапония бар болғаны 3 кеме мен 117 адамын ғана жоғалтты. Алда Ресейді капитуляция күтіп тұрды.
Шайқастан кейін қолға түсіп, Жапонияның ауруханасында ем алып жатқан адмирал Рожественскийге қолбасшы Хэйхатиро Того келеді. Әңгіме барысында ол: "Жеңіліс кез келген сарбазда болатын құбылыс. Одан ұялатын ештеңе жоқ. Ең бастысы біз өз борышымызды өтедік", - деп нағыз ерге тән сөзін айтады. Көп ұзамай Рожественский Ресейге қайтарылып, оған сот өтеді. Өлім жазасын сұраған соттың өтініші кері қайтарылып, ол патша жарлығымен алған жарақаты үшін ақталады. Ол соттан кейін ұзақ жылдар бойы өз үйінен шықпай, Петербургте 1909 жылы ішқұса болып көз жұмады.
Ал адмирал Того болса Жапонияда ұлт батыры ретінде әлі де ұлықталып келеді. Ол Жапонияны Азиялық державаға айналдырып, ұлттық рухты көтерген тұлғалардың бірі саналады. Өмірінде 4 соғысты басынан өткізген адмирал Того 1934 жылы 30 мамырда өмірден өтеді.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
"Адырна" ұлттық порталы