1,2 миллион: Аягөз әкімі пара алғаны үшін сотталды

2355
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының әкімі ірі көлемде пара алғаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Күдікті Аягөз қаласының әкімі болып жұмыс істеп жүрген кезде 2020 жылдың 16 және 17 қыркүйегінде екі кезеңде «Көркем» ЖК-нен 1,2 миллион теңге көлемінде пара алған. Бұл туралы Аягөз аудандық соты Facebook парақшасында жазды.

Әкім қаражатты алғаннан кейін өзінің жұмыс бөлмесінде ұсталды.

Қылмыстық істі Аягөз аудандық соты Қылмыстық кодекстің 366-бабының екінші бөлігі бойынша қарады.

Прокурор күдіктіні 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ әкім өз кінәсін мойындамай, бұл қаражат несиеге алынғанын түсіндірді.

Сотта Қуаныш Әзіхановтың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденіп, оның несиеге ақша алу туралы дәлелдері теріске шығарылды.

Қылмыстық кодекстің 2-бөлігінің 366-бабының санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықтаған жоқ және қылмыс жасаған адамның қылмыс жасауы антты бұзып, ауырлататын мән-жай деп танылды (Қылмыстық кодекстің 54-бабы)...

Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот мемлекеттік қызметтегі лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және жоғары сатыға шағымдануға болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер