Мәдени мұра рейтингі: Қазақстан көш соңында

1162

Мәдени мұра рейтингі бойынша Қазақстан 78 мемлекеттің ішінде 76 орынға табан тіріпті. Бұл туралы елішілік һәм еларалық БАҚ жазды.

Көш басындағы бестік: Испания, Италия, Греция, Франция мен Мексика екен. Ал көштің соңында Оман тұр. Energyprom.kz кестесіне көз жүгіртсек, Қазақстан бұл рейтингте мүмкін деген деген 100 баллдық индекстен 0,3 балл ғана жинаған екен. Ал индекс бес негізгі критерий бойынша есептелген. Олар: Мәдени нысандардың қол жетімділігі, тарихи бай мұра, тамақ сапасы мен мәдени-географиялық ерекшеліктер т.б.

Мысалы, «Бай тарихи мұрасы» деген критерий бойынша Қазақстан 100-ден 8,9 балл жинаған. «Геограциялық ерекшеліктері» жағынан 5,3 балл, «Мәдени нысандардың қол жетімділігі»жөнінен 5,5 балл, «Тамақ сапасы» үшін 2,5 балл, «Мәдени ерекшеліктері» жағынан 0 балл жинаған.

Елішілік сарапшылар былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан аумағында ұзын-саны 3,1 мың мәлени-демалыс орындары болғанын айтса, олардың 317-сі күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар санатында болған. Тағы 113-і апатты жағдайда тіркелсе, 86-сына жылыту жабдықтары орнатылмаған. Ал жалпы саны 87 мыңнан аса ірілі-ұсақты мәдени іс-шаралар ұйымдастырылыпты. Десе де бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге аз болған. Соның ішінде балаларға арналған іс-шаралар саны 4,1 есеге азайған.

Өткен жылы мәдени іс-шаралардың дені (жартысынан көбі – 21 мыңы) Алматы, Ақмола (12,7 мың) және Шығыс Қазақстан облыстарында (12,5 мың) ұйымдастырылыпты.

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда қазір барлығы 253 мұражай жұмыс істеп тұр екен. Онда ұзын-ырғасы 2,6 миллионға жуық экспонат жинақталған. 1 миллионға жуық экспонат электронды форматқа ауыстырылған.

Және бір дерек: Өткен жылы ел аумағы бойынша мұражайларға барлығы 2,4 миллион адам барған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 65 пайызға аз көрсеткіш екен. Себебі де түсінікті. Жарты әлемге жайылған коронавирус пандемиясы аталмыш саланың жұмысына да әжептәуір тұсау болды. Десе де, өткен жылы еліміздің мұражайларында (пандемиялық шектеулерге қарамастан) 62,8 мың экскурция, 7 мың дәріс, 4 мың көрме өткізілген.

 

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы