«Алаш арыстары көздеген мемлекетке айнала алмай отырмыз»

5001
Adyrna.kz Telegram

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алматы облысы, Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі Мусабаев Мейіржан Бахытжанұлымен «Адырна» ұлттық порталының тілшісі жүргізген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 - Жаңалық маңында қанша адам атылған?

Жаңалық елді-мекені қорым болып келген. Яғни 1937-1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын Алматы қаласындағы НКВД-ның жертөлесінде заңсыз соттап, сол жерде ату жазасына кескен. Одан кейін Алматы маңындағы Жаңалық ауылына көмген. Қазіргі қолымызда бар мәліметтер бойынша бес мыңға жуық адам жерленген.

- Жерленгендердің арасында Алаш арыстары немесе елге танымал азаматтар бар ма?

- Табылған деректерге сүйенсек Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров т.б. Алаш арыстары мен елге танымал азаматтар осы жерде көмілген. Өйткені олардың барлығы 1937-1938 жылдары ату жазасына кесілген.

- Ату жазасына ұшырағандар қай статьямен қудаланған?

- Саяси қуғын-сүргін құрбандары РКФСР қылмыстық кодексінің 3 бабы бойынша сотталған. 58-бап бойынша «Халық жауы» деген айып тағылған. 1929-1931 жылдар аралығында өткен халық көтерілісіне қатысқан шаруаларға қылмыстық кодекстің 59-бабымен айып тағылған. (59-бап: Бандитизм). «Совет үкіметіне қарсы шықтыңдар» - деген айып тағылды. Үшінші, 107-бап (Экономикалық бап) бойынша «Мемлекеттік мүлікті алдың» - деген айып тағылған.

- Музей 2018 жылы ашылды. Содан бері жаңадан экспонаттар қосылды ма?

- Музей қорын толықтыру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырамыз, және де архивтермен жұмыс істеу арқылы әр ай сайын, әр тоқсан сайын қор толықтырылып отырады. Бір өкініштісі - 1937-1938 жылдары «Халық жауы» - деп айып тағылғандардың дүние-мүлкі толық тәркіленіп, отбасы мүшелері «Халық жауының жары», «Халық жауының баласы» - деп олар да әртүрлі лагерьларда қудаланған. Сондықтан да, олардың өздері ұстаған тұрмыстық заттары сақталмаған. Музей қоры көбіне құжаттардан қалыптасқан.

- Музейге күніне қанша адам келеді?

- Музей келушілері жылдан жылға көбеюде. Оған бір жағынан себепкер болып жүрген әртүрлі порталдар, БАҚ өкілдері музей жайлы бағдарламаларында айтып, көрсетуі арқылы халыққа танылып жатыр. Әлеуметтік желілерден де парақшалар ашылып көпті қызықтыруда. Қазіргі таңда пандемияға байланысты келушілерді өзіміз шектеп отырмыз. Мектептер, Жоғары оқу орындары, басқа да мекемелер хабарласып экскурсия жасап жатады.

- Музейдің үш залының ішінде үлкен әсер қалдыратын қай экспонат немесе қай экспозиция?

- Қалың көпшілікті өзіне тартып, көңіліне мұң сыйлайтын «Баласынан айырылған аналар» экспозициясы. Келген қонақтар көздеріне жас алып, үлкен әсер алып жатады.

Ату жазасына апарыла жатқан экспозиция мен карцер экспозициясын көрген халықтың совет үкіметінің жүргізген саясатына ашу ызасы мен қатар намысын да оятады.

Ең өкініштісі - музейден алған әсер музейден шыққан соң ұмыт болады.

- Музейдің алға қойған жоспарлары қандай?

- Болашақта үлкен монументтік комплекс жасау жоспарда бар. Оның ішіне халық көтерілістеріне арналған ескерткіштер қойылса және жалпы Қазақстан бойынша 25 мыңнан астам ату жазасына кесілген құрбандардың есімдерін толықтырып үлкен монумент жасаса деген жоспарлар бар.

Жаңалық кешенінде адам сүйектері табылған 4 жерді белгілеп қойдық. Маусым айында сол жерлерді қазып көруге ниеттеніп отырмыз.

- Осы тарихи жерге қатысты мемлекеттің саясаты қандай?

- 2020 жылы дәл осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - «Саяси қуғын- сүргін құрбандарының барлығы ақталсын» - деген үндеу жасаған болатын. Сол үндеуіне байланысты мемлекеттік комиссия құрылып, әртүрлі жұмыстар атқарылуда. Мемлекет тарапынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына көптеп көңіл бөлінуде. Қазір музейдің маңын аббаттандыру, жаңарту жұмыстары да жергілікті және облыстық әкімшілітің қолдауымен жасалынып жатыр.

- Мемлекет тарапынан музейге қаржы бөліне ме?

- Музей Алматы облысына қарайды. Тынышпаев атындағы музейінің филиалы. Сол облыстан қаржыландырады. Басқа да музейдегі жоспарлап отырған ауқымды іс-шараларды Алматы қаласы да, мемлекеттік бюджеттен де қолдау көрсетеміз деп жобаларды мақұлдауда.

- 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Соған орай қандай шаралар ұйымдастырылғалы жатырсыздар?

- Еске алу күнін музей шеңберінде ғана емес облыс, республика көлеміндегі шаралар ұйымдастырылған. Көптеген қонақтар да шақырылуда. Жылдағы дәстүрлі іс - шара - ескеркіш маңында жиналып, гүл шоғын қою. Ғалымдар мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарының қатысуымен жиын өткізіледі.

- Алаш зиялылары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын жастар арасында танытуда музейдің атқаратын рөлі қандай?

- Музейде оқушылардан құралған үйірме ашқан болатынбыз. Бұл үйірме 3 бағыт бойынша жұмыс істейді.  «Әдебиет» бағытында - ұлт зиялылары мен Алаш арыстарының айтып кеткен өсиет-өлеңдеріндегі астарлы ойды жастардың түйсігіне жеткізуге тырысамыз. «Тарих» бағыты бойынша - саяси қуғын-сүргін құрбандарының әлі де ашылмаған, зерттеуді қажет ететін оқиғаларды зерттеуді үйретеміз. Қазіргі таңда көптеген оқушыларымыз республика көлемінде, тіпті шетелде де әртүрлі байқау, конференцияларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Осылайша Алаш айтқан өсиетті жастар арасында дәріптейміз.

- Әлихан Бөкейханұлы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатында былай деген:

«Шырағым Ахмет! Міржақып! Болашаққа күнді көре алатын ұрпақ керек. Сол ұрпақ сендердің аттарыңды атап, құрмет көрсетіп жатса, бақытты емессіздер ме!?».

Сіздің ойыңызша аталған алаш зиялылары бақытты ма? Оларға лайықты деңгейде құрмет көрсетіліп жатыр ма?

- Жастар арасында, бірі Алаш зиялыларының суретін тірілтіп, мұңды образда шығарып жатса, енді бірі мазаққа айналдыруда. Әрине, кімнің нақты қандай мақсатты көздегенін айта алмаймыз. Дегенмен, алдағы таңда Алаш зиялылары лайықты құрметке ие болады деген сенімдеміз.

- Сіздің ойыңызша біз Алаш зиялылары армандаған мемлекетке айнала алдық па? 

- Біз әлі де Алаш арыстары көздеген мемлекетке айнала алмай отырмыз. Олар қазақтың болашағы үшін төніп тұрған қауіпке қарамастан «Қазақ елім, қазақ тілім» деп  ұлтқа қызмет етіп, өздерін құрбан етті. Қазір, барлық қазағымыз қазақ тілінде сөйлеп отырған жоқ. Әлі күнге дейін жалтақтау да, өзге ұлттарға еліктеу де бар. Орысша  сөйлегенді мақтан көретін де жастар бар.

Алашымыздың арманы - қазақ егемен болып, өз жерінде қазақша сөйлеп жүрсе екен болатын.

- М. Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» - деді. Мағжанның сенімі ақталды ма, әлде ақтала ма?

- Ақталады. Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу жағына да көбіне жастар келуде. Бұған дейін Ғарифолла Әнес, Бейбіт Қойшыбаев сынды ағаларымыз зерттеу жүргізді. Қазіргі таңда жастар көптеп араласуда. Жас ғалымдар, жас археологтар көбеюде. Осындай дарынды, білімді жастарымыздың арқасында  Мағжанның сенімі міндетті түрде ақталады.

Лаура ТҰРСЫНЖАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер