Құқықтық сана мен құқықтық мәдениет дегеніміз не?

9593
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынған
фото ашық ақпарат көзінен алынған

"Адырна" ұлттық порталы соңғы үш ай аралығында Қазақстан Республикасының облыстық соттарымен, қалалық соттармен және судья, заңгерлермен байланыс орнатып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыратын мақалалар мен сұхбаттарды оқырманға ұсынған болатын.  Ал кезекті материалда осы уақытқа дейін айтылған ойлар мен тұшымды пікірлерді жинақтады.

Президенттің "Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты жолдауында "әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет" деп атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысы үш негізгі міндетті: ұлттық құқықтың бәсекеге қабілеттілігін, заң үстемдігін және жоғары құқықтық мәдениетті қамтамасыз етуді іске асыруға ерекше назар аударды. Осы тұрғыда халықтың құқықтық мәдениетін, мәселелерін бағалау мен шешудің жаңа тәсілдерін үйымдастырудың маңызы зор.

Қазақстанның алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Ал бұл мақсат халықтың құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, әлеуметтік және зияткерлік дамуының жоғары деңгейіне ие болған, өз таңдауын еркін қабылдаған және өз әрекеттері үшін дербес жауап беруге қабілетті болған кезде ғана орындалады. Құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі тәуелсіз, әділетті, құрметті сот билігі орныққан уақытта ғана болады.  Осыған байланысты қазақстандық азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда сот жүйесі негізгі рөл атқарады. Құқық теориясындағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениет дегеніміз не?

Құқықтық сана - бұл адамдардың іс-әрекетке немесе мемлекет тарапынан қабылданған заңға қатынасын білдіретін идеялар  жиынтығы.  Құрылымдық тұрғыдан құқықтық сана екі негізгі элементтен тұрады: құқықтық психология және құқықтық идеология. Құқықтық психологияның мазмұны - адамдарда қолданыстағы құқықтық нормаларға және оларды қолдану практикасына байланысты пайда болатын сезімдер, эмоциялар, тәжірибелер, көңіл-күйлер, әдеттер, стереотиптер. Құқықтық идеология - бұл құқықтық шындықты концептуалды, жүйеленген түрде көрсететін және бағалайтын құқықтық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы. Мысалы, Қазақстан Республикасына қатысты құқықтық идеологияның көздеріне Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын жатқызуға болады.

Құқықтық мәдениет - құқықтық актілерді, құқықтық және құқық қолдану қызметін, жеке адамның құқықтық санасы мен құқықтық дамуын, сондай-ақ оның мінез-құлқының еркіндігі арқылы қол жеткізген  құқықтық өмірдің сапалы жай-күйі. Қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыруда сот жүйесінің рөлі өте маңызды.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев судьялардың VI съезінде сөйлеген сөзінде

"Тәуелсіз және әділ сот – кез келген мемлекет қызметінің өзегі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде қолайлы инвестициялық ахуал да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейі де, қоғамның табысты дамуы да мүмкін емес" деген еді.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен мынадай бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: заңнамалық нормаларды дәйекті жетілдіру, сот құрылысын жетілдіру, даулар мен жанжалдарды шешудің балама тәсілдерін енгізу, азаматтардың қалың жігінің сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру.

2015 жылғы 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекс, Жоғарғы Сот жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі әзірленді, онда процеске қатысушылар үшін ыңғайлы және жедел заманауи технологияларды кеңінен қолдана отырып, азаматтық істерді қарау тәртібі қарастырылған.

Жұртшылық үшін сот ақпаратының барынша ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Соттың сайтында бірыңғай ақпараттық-талдау базасында жабық отырыстарда қаралған істерді қоспағанда, сот актілері орналастырылады. Сот отырысы залдары  аудио-бейнежазу жүйелерімен жарақтандырылған, процестерге қатысушыларды хабардар ету үшін СМС хабарламалар енгізілген, процеске қатысушылармен бейнеконференция байланыс жүйесі, барлық соттарда электрондық сот ісін жүргізу енгізілген.

"Сот кабинеті" ақпараттық сервисі арқылы сот органдарының онлайн-қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Азамат немесе заңды тұлға өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай, интернет арқылы өтініш бере алады.

Бұл орасан зор жұмыстың барлығы, сөзсіз, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін, сот төрелігін іске асыру сапасын жақсартуға, сот жүйесінің оң имиджін, соттардың ашықтығын, халықтың  сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталған.  Қазіргі уақытта көптеген адамдар соттардан көмек сұрайды, бұл сот жүйесіне деген сенімнің артқандығын көрсетеді.

Пікірлер