(Белігілі ғалым, дипломат Әділ Ахметов 80 жасқа толды)
Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген кезімізде журфак студенттері қолдан-қолға іліп алып оқыған екі кітап болды. Бірі – Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» болса, екіншісі Әділ Ахметовтың «Азия-Берингия-Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» атты зерттеу еңбегі еді. Ғылыми еңбектің өзін тартымды етіп, құлпыртып жазу ол кісінің негізгі машығы екендігінен ол кезде әлі хабарсызбыз. Әділ Құрманжанұлының шығармашылығымен ең алғаш танысуым осылай басталған еді. Студенттер оқып қана қоймайды, бір-бірімен талқылап, өздерінің білімдерін сынайды. Осылайша, жігіттер жағы қыздардың алдында оқымысты кейіпте көрініп қалудың мүмкіндігінен қапы қалмайды. Бұл кезде Әділ ағамыздың мандаты – депутат. Ғалымдығынан бөлек «депутат» атағының өзі біздің ол кісіге деген сырттай құрметімізді еселей түскенін несіне жасырайық?!Содан бері Әділ Құманжанұлының бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан мақалаларын бірін қалдырмай оқып жүретін болдық. Көне дәуірлерге қалам тербейтін ағамыздың мақалалары қиялымызға қанат бітіріп, ежелгі заманға саяхат шеккендей күй кешеміз. Қиялшыл, арманшыл жастардың бойында туған тарихқа, көне түрік өркениетіне, тіпті Ұлы Даланы дүбірлеткен одан да арғы дәуірлерге махаббат сезімін оятып, шығармашылық ой-өрісін өрнектеді. Алтайды мекендеген арғы бабаларымыздың Беринг бұғазынан өтіп Америка құрлығын бағындыру сәтін көз алдыңызға елестетудің өзі неге тұрады? Күндердің бір күнінде АҚШ-қа барып үндістердің мәдениетімен тереңірек танысуды мақсат тұтқан кезім де осы тұс болатын...Әділ Ахметовтың ғылыми шығармашылық жолы кімді болса да сүйсіндіре түсері анық. Қызықтырады, шабыттандырады, өз-өзіңізге, айналаңызға да үлгі тұтуға таптырмайтын тұлға ретінде айрықша бағалатады. Мұның бәрі де жайдан-жай келе салған жоқ, әрине. Әділ Құрманжанұлының үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне) бірдей шебер меңгергендігі ғылымдағы жолын айқара ашты десек қателеспейміз. Бала Әділдің оқу-білімге құштарлығы үш тілде оқып қана қоймай, еркін сөйлеп, еркін жаза алатындай деңгейде қалыптастырды. Кейін Ұлыбританияда елші болған жылдары ағылшын тілі бойынша білім деңгейі көне ағылшындардың әдеби үлгісі деңгейіне дейін көтерілгені қайран қалады. Бәрі де – тынымсыз еңбектің, қажырлы күрестің, мұқалмас қайраттың арқасы.

Новости по теме
Бір сәтте Әділ ағаның үйіндегі Дариға апайымыз хабарласып, дәрі ішетін уақыттың болғанын айтып, ескертіп жатты. Қартайғанда жан-жарының қамқорлығын, құрметін сезінетіндер некен-саяқ. Ал Әділ ағаның бұл тұрғыда бақ-жұлдызы жоғары екендігін мен айтпасам да сезіп-біліп отырған боларсыздар. Ағамыздың дұрыс тамақтануы, уақытылы серуенге шығуы – бәрі де жүйелі жолға қойылған. Серуен демекші, бірде Нұр-Сұлтандағы «Керуен» сауда-орталығына кетіп бара жатып, жолай Әділ аға мен Дариға апайымызды кездестіріп қалдым. Қолтықтасып бара жатқан құдды жас-жұбайлардай жарасымды жұп. Бойларын тіп-тік ұстап, көркем киінген бұл кісілерді әуелде жастар екен деп қалдым. Шын сөзім. Сөйтсем, астананың ақ боранына қарамай серуендеп жүрген Әділ ағамыз бен Дариға апайымыз екен. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермесі анық қой. Нұрлан, Нұржан, Қарлығаш атты ұлағатты, білімді ұрпақ тәрбиелеп өсірген олардың немере-шөбересінен де көрер қызығы әлі алда деп есептеймін.Бүгін, 23 мамыр күні белгілі ғалым, дипломат Әділ Құрманжанұлы Ахметов сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ағамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық толағай табыс тілейміз! Ғалымдардың миы ешқашан өз қызметін әлсіретпейді, қайта еңбек еткеннің арқасында дами түсетіні ғылыми дәлелденген жайы бар. Әділ ағамыз жүз жасағаннан кейін де шығармашылық жұмысын тоқтатпай, қазақ еліне небір сүбелі ғылыми еңбектер тудыра береріне кәміл сенеміз. Жарқыраған жұлдыздай жастарға жол көрсетіп аман-есен жүре беріңіз, жақсы аға!
Арман ӘУБӘКІР,
«Адырна» ҰЭБ»
қоғамдық қорының
президенті