Бұталардың түбінде өліп жатқан кішкентай балаларды түсімде көріп, ұйқыдан шошынып оянатын болдым...

3851
Adyrna.kz Telegram

Рахымбаев Тоқтаған 1922 жылы сәуір айында Меркі өңіріндегі Қостаған елді мекенінде дүниеге келген. Арғы ата-бабалары, әке-шешесі орта дәулетті шаруалар болған. Оның екі бауыры болған екен, үлкен ағасы 1930 жылы 20 жасында қайтыс болады, кіші інісі де көп ұзамай елді ашаршылық жайлаған жылдары бұл дүниеден озған.

Әке-шешесінен ерте айырылған Тоқтаған 1950 жылга дейін әкесімен бірге туған ағасының қолында тәрбиеленеді. Қанша айтсақ та, жетімдіктің күні қиын болады ғой. Оның балалық шағы елдегі алапат аштыққа тұспа-тұс келді. 1932 жылы Меркі өңірінің барлық ауыл-аймақтарында болған аштықтан халық жаппай қырғынға ұшырады. Тоқгаған да талай қиындықтарды басынан кешіруге мәжбүр болды. Буыны қатпаған жас бала үлкендермен бірге масақ теріп, жүгері айдауға көмектесіп күнін көрген.

Тоқтаған ақсақал қиын-қыстау замандағы балалық шағын қинала есіне түсіріп:

- Жетім бала қандай болушы еді? Балалық шағым жақсы болған жоқ. Ол кезде елдің жағдайы өте қиын болды. Сол ауыртпалықтарды балалар да үлкендермен бірге бастарынан кешірді ғой. 1931-1932 жылдардағы ашаршылықтың салдарынан ел-жұрт тоз-тоз болып басы ауған жаққа қаңғырып кетті, ауылдың көшелерінде, бұталардың түбінде, кез келген жерде өліп жатқан адамдарды көріп төбе шашымыз тік тұратын. Осындай да сұмдық болады екен-ау! Біз ағамның арқасында аш болғанымыз жоқ. Бірақ тұрмыс жағдайымыз ауыр болды. Масақ тердік, жүгері айдадық. Мектепке 1934 жылы 12 жасымда Қостағанда бардым. Билік өкілдері елдің малын бір ортаға жинап ұжымдастыру саясатын жүргізді, осы кезде біздің ауылда колхоз жаңадан ұйымдастырылған еді. Колхоздан халыққа ешқандай көмек болмай, малдан жұрдай болған ауыл тұрғындары аштықтың зардабын әбден тартты. Кеңес өкіметі ұжымдастыруды қолға алып, Меркідегі елдің барлық малын колхозға жинады. Қостағанда да жергілікті ел-жұртты колхозға күштеп кіргізе бастады. Содан елде тігерге тұяқ қалмай, қолдарындағы азық-түлік қоры таусылған халық аштыққа ұрынды, - деп ауыр күрсінді.

Соғыс басталған кезде жасы жетіп тұрса да, Тоқтағанды әскерге алмаған. Оның себебі, 1931 жылы аштықтың кесірінен денсаулығы нашарлап, қатты ауырады. Содан оның бір қолы кем болып, қозғалмай аузына жетпей қалған. Сол ауыр жылдары Қостағанда олардың тұрақты үйі болмай, әркімнің үйінде тұрады.

... Бір күні он жасар Тоқтаған үйіне үрейлене кіріп келді. Көзі шарасынан шығып кететіндей, бақырайып тұр. Ентігін баса алмай алқынып «Аға, аға!» деуге ғана шамасы келді.

- Аға, анау жақта бұталардың арасынан өлген адамдарды көрдім. Олардың жанында кішкентай бала да өліп жатыр.

- Қорықпа, қарғам. ¥л бала ешнәрседен қорықпауы керек. Қазіргі қиын заманда кез келген жерде бір үзім нанға жете алмай өліп жатқан адамдар көбейіп кетті ғой. Әлі де қаншасы өлерін бір Алланың өзі ғана біледі. Сондықтан қорқушы болма, - деп әкесінің туған ағасы басу айтқандай сыңай білдіріп, үрейленіп тұрған баланы құшағына алды. Мынадай аштық төнген сұрқия кезеңде күні ертең өздерінің басы қисая кетсе, есі кіріп қалған бала ғой, құлағы үйрене берсін деп әдейі айтқаны еді.

Сол кезде даладағы шаруасын бітіріп үйдің табалдырығын аттай берген жеңгесіне:

- Жейше, даладан өлген адамдарды көріп, қатты шошып кеттім. Біреуі үлкен кісі, қалған екеуі балалар екен.

- Қарағым-ау, аштықтан өліп қалған шығар, қазір елдің жағдайы қиын болып тұр ғой, қорықпа, ешнәрсені ойлама, енді оны ұмыт! - деп жеңгесінің айтқан сөзінен кейін Тоқтағанның қорқынышы сәл-пәл басылғандай болды.

Бұл 1932 жылдың күзі еді. Елде ашаршылық шарықтау шегіне жетті. Сонау 1930 жылдан бастап ауылдағы малдың бәрін өкімет уәкілдері бірін де қалдырмай айдап әкеткен. Тәркілеуге қарсылық көрсеткендердің қолдарына кісен салып, абақтыға жапты. Қостаған ауылындағы халықтың үрейі ұшып, не істерін білмей дал болды. Ауыл тұрғындары өкіметтің тәркілеуінен жасырып қалған бірлі-жарым малын да тауысып бітті.

Тоқтағанның кешегі көргендері ойынан шығар емес. «Бұл адамдар қайдан келген? Неге аштықтан өліп жатыр?» деген баланың қиялына ешқандай жауап табылмайтындай көрінеді. Соңғы кездері ауылға жан-жақтан қаңғырып келген босқындар көбейіп кетті. Үйлердің есіктерін тоқылдатып қайыр сұрайды. Қостаған тұрғындары да аштықтан қиналып, жетісіп отырған жоқ, дегенмен, қай кезде болсын мейірімді, қонақжай қазақ халқы белгісіз жақтан босып келген ашыққан бейшараларға ішіп-жеп отырған бірдеңелерінен бөліп беріп отырған.

Тоқгаған көпке дейін өлген адамдарды түсінде көріп, ұйқыдан шошынып оянып жүрді...

Ауылда бұрынғы күй жоқ, аштық күннен күнге қысып барады. Соған қарамастан, шолақ белсенділер өкіметтің уәкілдерімен бірге ауылды қырып кете жаздайды. Салық та көбейіп кетті. Әсіресе, азық-түлік салығын орындай алмағандарға қатты шүйлікті. Билік өкілдері ауылдың жалған белсенділерін ертіп алып үй-үйді аралап, елдің талғажау етіп отырған аз ғана тары-талқанын да есепке алды...

Соғыс жылдарында Тоқтаған ағасының отбасымен бірге Мойынқұмда болды. Ол кезде де талай қиыншылықтарды бастарынан кешіріп, тек малмен жан сақтады. Сиыр сауып, қой бағып, малдың арқасында ғана күнкөрістің қамын жасады.

- Құдайдың маған берген өмірі шығар, 93 жасқа келгенше қаншама ауыртпалықтар басымнан өтсе де, ешкімге жаманшылық ойлап көрген емеспін. Арманым жоқ. Аллаға тәубе! Енді осы өмірдегі үрім-бұтағыма амандық тілеймін. Қай жерде жұмыс істесем де, адал еңбек еттім. Дінді өте жақсы көремін. Бірақ, құран, намаз оқи алмаймын. Себебі, мына қолым дәрет алуға келмейді. Дәретің болмаса, намазды да оқи алмайсың ғой. Соған қарамастан, Алла тағаладан үмітімді үзбеймін. Бүгінде осындай заман орнағанына қуанып отырамын. Ең әуелі жастарымыз аман болып, халқымызға Алла тыныштық берсін, - деп қария бізді шығарып салды.

(Меркі ауданының құрметті азаматы Тоқтаған Рахымбаевтың естелігі,

Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық кітабынан)

Пікірлер