Мұхаңның қыран тазылары

3514
Adyrna.kz Telegram
Заңғар суреткер Мұхтар Әуезовтің де әрбір пенде баласы секілді алуан түрлі ермегі болғанын аңғарамыз. Дегенмен, қазақтың сайын дала, салқын тау, самал белдері қойнауында туып-өскен жанның бәрінен бұрын жастайынан құс салып, ит жүгіртуге құштарлығы елеңдетпей қоймайды.
Әйгілі Әлкей Марғұлан бір естелігін: «Көңілі сүйген ісі – қасқыр алатын алпауыт аққасқа тазыларға құмар болу еді, – деп бастап, 1926 жылы осы досына Баянауылдан сондай иттердің екеуін жеткізіп бергенін, сол қыста бұлармен қасқыр қаққан жас жазушы әлгі көріністі «Көксерек» хикаятында ұтқыр пайдаланғанын жазғаны бар. – Шіркін, мұндай итті бұрын ешқашан көрген емеспін. Кедей-кепшіктің малын қынадай қырып жүрген көкжалды алқымынан қысып илегенде рахаттанып қарап тұрдым, – дер еді Мұхаң»... (Марғұлан Ә. Жадымда қалған жақсы күндер //. Жұлдыз. 1977. №9. – 142-149 б.б.)
«Көксеректегі» түз тағысы мен құбарлан тазы арасындағы айқас суреттері көзіқарақты оқырманның есінде шығар: «...Ағындап келіп, аржаққа шығып алып көлденеңнен шапшып-секіріп келіп, Көксеректі құлақ шекеден ала түсті. Көк шолақ бұл жолы да жығылмады. Аққасқаны көтере жоғары шапшыды. Алғашқы алған жерден Аққасқаның аузы босап кетті. Екеуі бетпе-бет келіп шапшып тұрып, қаршылдасып ұстасты. Енді бірінен-бірінің босап кетуіне жол жоқ. Бұл күй неғылса да біреуінің астына түсуімен біту керек. Және етіне тіс тиіп, ашынып алған Аққасқа қазір де долылықтан өртенгендей еді. Қасқырмен көп кездесіп, қырқылжың тарта бастағаннан бері қарай Аққасқа бойына тіс тигенше, онша өлерменденбеуші еді. Дәл қазіргі күй жалғыз тал қылына шейін қоздырып, күйдіріп-жандырғандай. Көксерек те бағанадан қалыспаған итке енді шын ойынды бастаған. Алдыңғы аяқтарымен ұстасып тіресіп тұрып, сол сәтті андығанда екеуі де тез іс бітпейтінін ұққандай болды. Қозданған қан толқынып кеп, тағы бір дем басқа шыққанда, Аққасқа қарсы алдында арандай ашылып тұрған ауызға сақ еткізіп тістерін салып жіберді. Бұл қасқырдың төменгі тістері мен тілін қоса шайнағанда, қасқырдың жоғарғы азулары Аққасқаның тұмсығының екі жағынан жоғарғы ұрттарына келіп, кірш-кірш кірді. Ашулы тістер сытыр-сытыр, қарш-қарш шайнасады, әлі шапшысып тұр».
Возможно, это изображение (1 человек и стоит)
Өзі көзбен көруі былай тұрсын, аласұрып, осынау қан майданның қақ ортасында жүретіндіктен, мұншалықты ширақ қимыл, тірі сурет Әуезов шығармашылығына ежелден тән. Мұхаң өстіп қазаққа ғана лайық колорит, айшықты бояу-нақыш, айрықша романтикалық детальдар арқылы жаужүрек, дана халықтың тыныс-тіршілігінен телегей-теңіз сыр ақтарады.
Ал атақты жазушының атқұмарлығы, аңшылығы, мергендігі туралы Сапарғали Бегалин, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Ғабит Мүсірепов әңгімелері арқылы біршама қанықпыз.
Мұхаңның домбыра тартқаны, бұл аспаптың шешенін іздеп табуы сияқты әңгімені де індетсе, бірқатар қызықты жәйтке кезігер едік. Жазушының домбыра ұстап түскен түрлі фотосуреттері талай сырды айғақтайды. Ал қаламгердің әншілігі жайындағы бір қызықты деректі композитор Латиф Хамидидің естелігінен кездестіреміз: «Москвалық қонақтарымен (ұмытпасам, ғалымдар болуы керек) бір келгенінде Мұхаң: «Кәне, Латиф, пианиноңды тартып, менің даусыма қосыла ғой», – деп, қоңыр даусымен бір ән шырқады. Бұл – Абайдың немересі Ақылбай айтқан ән екен. Мұхаңмен көп жыл таныс, табақтас, творчестволық серіктес бола жүріп, ән салғанын тұңғыш рет естіп, бірінші рет көзіммен көргенім еді. Қонақтар Мұхаңның ән салғанына риза болып, қол шапалақтап қошеметтеп, Ақылбайдың әнін екінші рет орындатты. Бірнеше жылдан кейін мен ол әнді нотаға түсіріп, Ермек Серкебаевқа бердім. Ол оны біраз уақыт концерттерде орындап жүріп, кейін грампластинкаға жаздырыпты. Бір күні Мұхаң біздің үйімізде қонақ болғанында, сол пластинканы өзімнің және Ермектің атынан сыйлап ұсынған болатынмын. Мұхаң пластинканы қолына алып, балаша қуанды. Ризашылығын білдірді. Мұхаң менімен әрдайым қалжың қағысатын мінезі бар-тұғын. Бұл жолы да: «Латиф! Бұл қалай! Пластинкада сенің және Ермектің аттары жазулы. Менің есімім неге жазылмаған? Бұл әнді бірінші рет саған айтып жаздырған мен емес пе едім», – дегенінде, бұл сөздің қалжың екенін біле тұрсам да, қатты қысылып қалдым. Шынында да, Ақылбайдың әні Мұхаң айтқанға дейін ел-жұртқа беймәлімдеу еді. Ұлы Мұхаңның тұңғыш ән салған сол бір қоңыр әуені – ең соңғы қайталанбас үндей құлағымда мәңгі қалып қойыпты». (М.Әуезов туралы естеліктер. – Алматы: Жалын. 1997. – 191 б.) Болашақ жазушының 1913 жылы бозбала шағында Семейде тұңғыш құрылған «Ярыш» («Жарыс») футбол командасында жартылай қорғаушысы болып ойнағаны көптен айтылып жүр.
Жазушы осы спорттың белсенді жанкүйері де екен. Бұл жөнінде бізге ақын Тұманбай Молдағалиев: «1951 жылы Алматының «Динамосы» мен Ленинградтың «Динамосы» ойнағаны есімде. Оның ұмытылмайтын бір себебі – ойынға қызын ертіп жазушы-ұстаз Мұхтар Әуезов келген еді» – деп әңгімелеп беріп еді. («Қазақ Әдебиеті». 24.08.2001 жыл).
Мұхтар аға допқұмарлық әдетін өле-өлгенше тастамағанын аңдаймыз. Мәселен, мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың естелігіне зер салайық: «Мұхаң дүние салардан бір жеті бұрын көңілін сұрауға Москва түбіндегі емханаға бардым. Мұхаң бір топ кісілермен бірге телевизордан біздің футболшыларымыздың түрік футболшыларымен ойынын көріп отыр екен. Ойын біткен соң екеуміз далаға шықтық. Мұхаң ренжіген реңмен:
– Ойын нашар өтті, қызғылықты болмады, – деді.
– Дегенмен, біз жеңдік қой, – дедім.
– Бәлі, сондай жеңіс бола ма екен! «Бір де ноль» деген немене? Ойында қызғылықты сурет болған жоқ, тапқырлық кездеспеді, борсалаңдап жүгіре бергенді мен жаратпаймын, – деді.
Мұхаңның бұрын футбол ойнағанын білмейтінмін, сондықтан ол жолы керемет жанкүйерлігіне таңқалдым. Ауыр сырқатын естіп келгендіктен, ұлы ағамыздың дидарына зейіндірек қарағым келді. Оның қоңырқай жүзінен, қазақтың даласындай кең маңдайынан, сөйлеп кетуге әзір тұрғандай ұмсына біткен иегінен, сергек қабағынан, байсалды, орнықты жүріс-тұрысынан, сом денесінен туған халқына тән асыл қасиеттерді түгел көргендей болдым».
Егер Мұхаң әуескерлігіне қатысты мұндай сөзді қаузай берсек, гәп бірталайға созылуы мүмкін.
Түрлі жазбалар бойынша, Мұхтар Әуезов үйінде «Дос» деген ит ұстағанынан хабардармыз. Әйткенмен, сол иттің нақты аты «Шындос», сондай-ақ: «Басы арыстанның басындай, қара ауыз, шолақ құйрық, тайыншадай сары ит» дегендей жалпылама сипаттау болмаса, оның немістің боксер тұқымынан екені дәл жазыла бермейтін секілді.
Өкініштісі, Мұхаң қайтыс болғаннан кейін Шындостың да тағдыры шырғалаңға түсіп кеткендей...
Әңгіменің «әппісімілләсін» «Көксерек» хикаятына арқау болған алғыр тазыларға арнап едік. Базбір ағайын «сол шығарманы автор Джек Лондон туындыларына еліктеп жазған» дегенді айтып қалып жүр. Ал шындығында, Қазақ қоғамының тірлігі әуелден ит пен құстың тартысындай, сыртқы дұшпанмен ғана жағаласып қоймай, осы күнге дейін өзара да қарпысқан-шарпысқан, барымта-қарымта, ұдайы арпалыспен жалғасып келеді емес пе. Әмбе ғасырлар бойы қанға сіңген саятшылық, аңшылық, қақпаншылық өмір салты кейінде тіптен жандана түскендей. Бұл жерде бөлек құрылықтағы шетелдіктерге еліктеп-солықтайтындай не бар. Қайта, Мұхаң осы бір шағын дүниеде сонау дария-ғұмыр қазақ философиясынан там-тұмдап қана ой үзіп, әлі де қаншама зерттеуге жүк боларлықтай шешуі күрделі, ауқымды тақырыпты қозғап беріпті.
Күйеуінің атақты Сарықасқа мен Аққасқа тазыларының әңгімесін зайыбы Валентина Николаевна да жақсы білгені байқалады. О кісі де өз естелігінде: «Бұл тазылар Мұхтар Омарханұлының аяқ жағында жатады екен, кейде көрпесінің ішіне кіріп кететін көрінеді» – деп жазыпты.
Осындай қарапайымдылықтан-ақ қаламгердің мінез-құлқы аңғарылады. Туған халқымен, елдің салт-дәстүрімен мейлінше біте-қайнасып, үнемі сол «бұлақтан» сусындайтыны, қанаттанатыны, шабыттанатыны андағайлайды.
Одан соң белгілі бір әуестіктің жасампаз жазушы шығармашылығында орасан орын алатындығына көз жеткізе түсеміз. Оның түрлі қақтығысты ситуациялар арқылы тылсым тұңғиыққа бойлап, ізденіс ауқымын соншалықты кеңейтіп, алған тақырыбын құныға зерттеп, тереңнен маржан тергендей, ақыры табысқа жетпей қоймайтынын байқаймыз. Мұндай «лаборатория» хас шеберлерге ғана бұйыратын бақыт шығар.
Құлтөлеу МҰҚАШ
Пікірлер