Нобель үшін талас: Бейбітсүйгіш лидер кім?

2896
Adyrna.kz Telegram

«Нобель комитеті Ресей президенті Владимир Путиннің кандидатурасын 2021 жылғы Нобель сыйлығына үміткерлер тізіміне қосты» деген ақпарат екі-үш күннің шегінде орыс ақпарат кеңістігінде ызу-қызу талқыланып жатыр.

Путиннің кандидатурасы үміткерлер тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ресейлік жазушы Сергей Комков таратқан. Президент Путинді Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына ұсынған да осы жазушы Комков болған. Ол өз ұсынысын 2020 жылдың 9 қыркүйегінде жіберген. Ал 10 қыркүйекте Комковтың өтінімі Ослодағы Нобель комитетінің қарауына түскен.

Комковтың айтуынша, биылғы Нобель сыйлығына 286 адам үміткер ретінде тіркеліпті. «Владимир Путинінң нақты бәсекелестері кім екені белгісіз. Өйткені, Нобельдің құпиялылық ережелері бар», - деген Комков Ресей президенті Владимир Путин Нобельдің Бейбітшілік сыйлығының талаптарына сай келетін саяси тұлға екенін айтқан.

Айтпақшы, жазушы Сергей Комков осыған дейін 2014 жылы да Владимир Путинді Нобель сыйлығына ұсынған еді. Ол кезде жазушы Владимир Путинінң «Таяу Шығыс пен Сүриядағы жанжалды реттеудегі еңбегі» үшін ұсынылғанын айтқан.

Ал биылғы ұсынысқа қатысты президент Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Егер Путин бұл сыйлықты алса жақсы болар еді. Тіпті, алмай жатса, ештеңе етпейді», - деп пікір білдірген.

Биыл Ресей атынан Нобельге ұсынылған тағы бір саясаткер – Шешенстан лидері Рамзан Қадыров.

Қадыровты бұл сыйлықа: «Шешен жерінде 15 жылдан бері бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырып келе жатқаны үшін», ұсыныпты.

Ал Қадыровтың өзі болса: «Солтүстік Кавказдағы содырлармен күресім үшін Нобельге әбден лайықпын», - депті БАҚ-қа.

Биыл АҚШ-тың бұрынғы президенті Доналд Трамп та Нобель сыйлығына ұсынылған еді. Ұсынушы – Еуропа парламентінің Эстониядан сайланған өкілі Як Мадисон.

Мадисон өз мәлімдемесінде Трапмты «соңғы 30 жылда ешқандай жаңа соғыс бастамаған бірден бір АҚШ президенті» деп сипаттап, Араб Әмірліктері мен Израиль елдерін келістіру үшін жасаған еңбегі үшін Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына ұсынатынын айтқан.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден де бұл сыйлықтан үміттілер қатарында. Байденді Британияның Лейбористік партиясының өкілі Крис Брайант ұсынғаны БАҚ-та жарияланған.

Ол өз уәжінде: «Көп саясаткер қарудың күшіне жүгініп жүргенде, Байден аргументтің күшіне арқа сүйейді», - деген.

Биылғы Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында қазір қамауда отырған ресейлік оппозиционер саясаткер Алексей Навальный мен Беларусь азаматтық қоғамының, оппозициясының һәм қарсылық қозғалысының лидері Светлана Тихановская да бар. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Black Lives Matter қара нәсілділердің өмірін қорғау қозғалысы, НАТО мен БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі агенттік те Нобельге ұсынылған.

Ақпарат үшін: 2010 жылдан бері қарай Нобельдің Бейбітшілік сыйлығы мемлекет лидерлерінен Либерияның 24-ші президенті Элен Джонсон-Серлифке (2011 жылы), Колумбияның бұрынғы президенті Хуан Сантосқа (2016 жылы) және Эфиопия премьер-министрі Аби Ахмед Алиге (2019 жылы) берілген.

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер