Сағымға айналған сахна саңлағы — Сламбек

4464
Adyrna.kz Telegram

Қазақ театр өнерінің тарландарының бірі, актер, театр режиссері - Сламбек Әйнекбайұлы Жұмағалидың туғанына 65 жыл толды. Актер осыдан бір жыл бұрын індет салдарынан қайтыс болған еді.

Театр тарланын, журналист Аманғали Қалжанов өзінің Facebook парақшасында, Сламбек Әйнекбайұлымен өткерген естеліктері мен жасаған игі амалдарын жазып, үлкен тебіреніспен есіне алды.

"Кеше актёр, театр режиссері Сламбек Жұмағалидың (1956-2020) туғанына 65 жыл толды. Амал жоқ, енді солай айтамыз. Бір жылдай бұрын індет өрелі өнерпазды арамыздан жұлып алып кетті...
Сламбек Әйнекбайұлымен ФБ-да дос едік, өмірде жақын араласып үлгермедік. Әлеуметтік желіде маған үнемі тілектестігін білдіріп тұратын. Жақсы адам еді. Бірнеше жыл бұрын аяулы жары, актриса Баян Әукешова өмірден озған еді. Сламбек аға сонда қатты қайғырды. Арада аз уақыт өткенде соңынан аттанды...
Сламбек Әйнекбайұлының еңбегі С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрына сіңудей-ақ сіңді. Осында актер болып, режиссёр ретінде спектакльдер қойды.
Алатау азаматы Арқаға сіңіп кеткен еді. Бертінде ғана оның Алатау баурайында туғанын білдім. Бар болмысымен Арқаның азаматындай елестейтін. Сөйтсем, Алатаудың асқақтығын, Арқаның кеңдігін бойына сіңірген екен.
Кешелі бері ФБ-да Сламбек аға туралы біреу бірдеңе жаза ма деп ойлаған едім, ондай ештеңені байқамадым. Сондықтан асыл азаматты осылай еске алуды жөн көрдім.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын! Жасамаған жасын жаратқан ұрпағына берсін!" деп жазды ол өз жазбасында.
Сламбек Жұмағали - актер, публицист 1956 жылы дүниеге келген. Алматы Мемлекеттік театр және өнері институтын (1981), ҚарМУ-ді бітірген (1997). 1984 жылдан С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі әрі әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Оның ойнаған К. Жұмабековтың «Замана неткен тар едің...» — Абай, Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағаш» — Ерғали, М. Әуезовтін «Айман-Шолпан» — Көтібар бейнелерінің шоқтығы биік.
Театр саласындағы өшпес  ерен еңбегі үшін Абай атындағы республикалық фестивальдін Күміс жүлдегері (1995), Мәдениет министрлігінін «Мәдениет қайраткері» кұрмет белгісімен марапатталды (2002).
"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер