АҚШ пен Израильдегі Бұхар еврейлерінің қауымдастығы өзбек эстрада әншісі Юлдуз Усманованың Палестина-Израиль қақтығысына байланысты айтқан пікіріне қарсылық танытты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қауымдастық өкілдері Усманова Израиль халқынан "антисемиттік мәлімдемелері" үшін кешірім сұрауы керек дейді. Озодликпен әңгіме барысында олардың кейбіреулері "Юлдуз Усманованы халық әртісі атағынан айыруға" шақырды.
Өзбекстанның халық әртісі 13 мамыр күні Instagram желісіндегі парақшасында Палестина-Израиль қақтығысына қатысты пікірін білдіріп, Израильді «басқыншы» деп атаған болатын. Сондай-ақ елді «мемлекет деп санамайтынын» жеткізді.
"Израильді мемлекет деп санамаймын. Себебі олардың өздері басқыншылар екенін жақсы біледі. Адам өмірінде бір рет қана өледі. Егер қажет болса, олар қоңырау шалып жатса, онда біз соғысқа барамыз. Қажет болса, біз бірігеміз. Палестиналықтар — біздің батырларымыз. Олар бұл жерді күзетеді және күресуді жалғастырады", –деп жазды өнер иесі.
«Адырна» ұлттық порталы