Ердоғанды қолдаушылар ежелгі ислам халифатын құруды көксеп жүр

8541
Adyrna.kz Telegram

"Түркия Иерусалимде палестиндіктерді Таулы Қарабахта Әзірбайжанды қалай қолдаса, солай қолдауға дайынбыз" деп неше күннен бері күшеніп сөйлеп жатқан саяси популист Режеп Тайып Ердоған көмек ретінде арабтарға әскер жіберу өз алдына, Палестинаға бүгінге дейін бір әуе дронын жіберген жоқ.

Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғыстың әсерінен өзіне аздап бедел жинап алған
(шындығында армян әскерін күл-талқан қылған Израильдің әуе дрондары мен қару-жарағы екенін естен шығармайық)
«Ердоған түркі мемлекеттердің басын қосып, алып империяның басшысы болуға шақ тұр», – деген пікірдің кеңінен тарауына діншіл диктатордың өзі мүдделі екенін бәріміз жақсы түсініп отырмыз.
Ал шынтуайтына келгенде «Тұран», «Түркі тілдес елдердің одағы» деген тартымды яки жақсы идея болса да, реалистік көзқарас бойынша негізі жоқ әңгіме. Қазір түркі тілдес елдер әртүрлі геосаяси кіндікке тартылған. Сәйкесінше, ол елдердің мемлекеттік мүдделері де әр алуан, тіпті кейбір елдер арасында мүдде қайшылығы да кездеседі. Бұрын біртұтас саяси-экономикалық-мәдени тұтастықта болған Орталық Азияның алты елі (Ауғанстанды қоса алғанда) мүдде біріктіре алмай отыр. Советтер одағынан бөлініп шыққан бес елдің аражігі ажырап, шатқаяқтап тұр. Мұндай жағдайда Жерорта теңізінен Тибетке дейінгі аумақты қамтыған түркі тілдес елдердің басын біріктіру мүмкін бе?!

Әзірбайжан мен Армения арсындағы соғыстан кейінгі туындаған «түркілердің реваншы» деген сипаттағы Ердоған тұлғасына қатысты әңгіме бар болғаны ортағасырлық халифатты аңсайтын османшыл диктатордың саяси жарнамасы болып табылады.
Ал Ердоғанның қара басына келсек, ол өзін бірде ислам әлемінің, бірде түркі әлемінің көшбасшысы етіп көрсеткісі келеді. Бірақ, ол ешқашан Ататүрік бола алмайды.

«Ердоған түркі әлемінің басын қосады» деген сөз Түркияда диктатордың жеке пиары ғана. Оның сөзі мен ісі еш қабыспайды. Мысалы, АҚШ-та бас сауғалап жүрген Фетхулах Гүлен есімді түрік азаматы бар. Ол түркі елдерінің мәдени байланысын күшейту үшін қомақты қаржы жинап қор ұйымдастырды. Оның нақты ісін қазақ-түрік, қырғыз-түрік, өзбек-түрік,... оқу орындары сипатында көріп отырмыз. Осындай түркішіл идеяға берілген, әрі сол идеяны жүзеге асырып жатқан Фетхулах Гүленге Ердоған не істеді? «Гүленшілер төңкеріс дайындап жатыр екен» деген желеумен мыңдаған түрікті, оның ішінде Түркияның әскери элитасы да бар, ұзақ жылға соттады, «гүленшілерді» қуғындады. Мұны біз қазақ-түрік лицейлерін жабу жөніндегі Ердоғанның Қазақстан билігіне қойған ультиматумынан білеміз.

Осы оқиғаның өзінен-ақ Ердоғанның «түркішілдік» әуселесінің деңгейі көрініп тұр.Сондықтан да әлемжелідегі қазақ қоғамы- палестиналық арабтар мен діншіл диктаторға құлдық ұрып, сойылын соғу мен бір-бірімізді кемсітуді доғарып,кедейшілік пен жемқорлықтан титықтаған халқымызды, нұржүйеден тезірек құтқаруға атсалысайық!

 

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

"Демос"ҚБ төрағасы 

Пікірлер