Еуразиялық екеу «қазақты жарылқаймыз» дейді

3360
Adyrna.kz Telegram

Әуелі ресми ақпарат: Бүгін президент Тоқаев Қазақстанның қазба-байлықтарына қожалық етуші ERG компаниялар тобының акционерлері Александр Машкевич пен Патох Шодиевті қабылдапты. Бұл ақпаратты Ақорда таратты.

Машкевич пен Шодиев президент Тоқаевқа елдегі тау-кен металлургиялық корпорациясының өткен жылғы қаржылық һәм өндірістік қызметі туралы есеп қылып, биылғы жылдың бірінші тоқсанын қорытындылап айтып беріпті.

ERG компаниялар тобы Қазақстанда жұмыс істеген 25 жыл ішінде өндіріске 13 миллиард доллардан астам инвестиция салған екен. Ал, әлеуметтік бағытқа 1 миллиард доллардан аса қаржы жұмсапты. Былтыр бюджетке 221 миллиард теңге салық төлепті. Оған қоса, Машкевич пен Шодиев бірігіп, коронавирус індетімен күреске 5,6 миллиард теңге тағы беріпті. Бұл ақша Машкевич пен Шодиев компанлиялары орналасқан өңірлерге бөлінген көрінеді.

Кездесу барысында алдағы жоспарлары жайлы сөйлеген екеу (ERG компаниясы) Қазақстанға тағы 5,9 миллиард доллар инвестиция салуға құлшынып отырғандарын айтқан.

Машкевич

«Қаңғып келген шүрегей, елге пана болмайды». Қазақтың қазба байлығын жекешелендіріп алған Евразия үштігінің (Машкевич, Шодиев, Ибрагимов (соңғысы марқұм) біреуі Израиль, екеуі Бельгия азаматтығын алып, қазақтан іргесін аулақ салған, біраз бұрын.

Бішкекте биотуалет салып жүріп, ақыры салпаң етіп Қазақстанға қашып келген, аз уақыттың ішінде Қазақстанның алюминий өндірісін бауырына басып, әлем алпауыттарының қатарына қосылып, әбден байыған, Қазақстанның қазба байлығына қожалық жасап жүріп, жер бетіндегі аса ірі байлардың тізімін жасап отыратын «Forbes» журналының тұрақты кейіпкеріне айналған, Шодиев, Ибаргимов пен бірігіп «Еуразиялық топ» құрып, қазақ билігінің «спонсоры» болған Александр Машкевич – Израиль азаматы. Өз туған ұлты төбесіне титтей тақия кигізіп, шақырып алған.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, Машкевичте Қазақстан мен Израильден бөлек Қырғызстан және Канада азаматтығы және бар екен. Сөйткен Машкевич деген жөйт әлгінде ғана қазаққа, Қазақстан халқына «ақыл» айтып, қоғамның ашуын тудырған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған форумда Машкевич: «Қазақстандықтар осындай елде өмір сүріп жатқаны үшін Құдайға шүкірлік айтуы керек», - деп сөйлеген.

«Мен қазір Бразилиядамын. Мұнда біздің компаниямыз ең ірі жобалардың бірін жүзеге асырып жатыр. Мен Қазақстанның көптеген азаматтарының мен жүріп өткен оншақты елді жүріп өткенін қалар едім. Сонда олар өз елінде (Қазақстанда) тұрып жатқандарына Құдайға шүкірлік айтып, обьективті баға берер еді», - деген еді Машкевич.

Шодиев

Ал Өзбекстанда туған. Совет одағы ыдыраған тұста қазаққа келіп кәсіп бастаған, әйгілі дәу дөкей Патох Шодиев - Бельгиядан азаматтық алған.

Әлеуметтік желідегі ақпаратта: «2002 жылдың шілде айында Лакшми Миттал фирмасымен сыбайласа отырып, Қазақстанның металлургия комбинатын өз қолына біржола алды», деп жазылған екен. Жылдық табысы – 3,7 миллард доллар көлемінде. Қазақстанның «Барыс», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Міне, сол Шодиев өткен жылы коронавируспен күресу үшін Өзбекстанға қыруар қаржы бөлді. БАҚ Шодиев қоры бөлген көмектің сомасы 200 миллион доллар екенін жазды. Ал Шодиев қоры: «Өзбекстанның ақылды да мықты халқы бұрын-соңды болмаған бұл қиындықты жеңетініне күмән жоқ. Халықаралық Шодиев Қоры бүкіл елде коронавирустың таралуына қарсы тиімді қолдау көрсету үшін бар күшін салады», - деп мәлімдеген.

Бұл – «байдың асын байқұс қызғанадының» кебі емес, Қазақстан арқылы байығандардың Өзбекстанға көмектесетініне қатысты ықшам ой. Расында, Қазақстан әлемге арзан шикізат қосымшасы болып қана қоймай, сонымен қатар көршілеріміз үшін тегін ақша пакетіне айналдық.

Енді міне, бірі – жарты әлемге жайылған індетпен күресте өзі туған Өзбекстанға қол созып, екішісі – «қазақтар Құдайға шүкір десін», - деген екеуі президент Тоқаевтың қабылдауына кіріп, «Қазақстанға тағы инвестиция саламыз, әлеуметтік жобаларды көбейтеміз», - деп, уәдені үйіп-төгіп, «қашпаған сиырдың уызына» қарық қылып шығыпты.

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер