Түркия азаматы ақтөбелік полицейлерге алғысын білдірді

830

Ақтөбе облысындағы облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолының 29 шақырымында Ақсай ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болды. Шетел азаматы басқарған жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, кюветке қарай аударылған. Көлік  жүргізушісі Экрем Альптекин Түркиядан Қырғызстанға дәрі-дәрмек тасымалдау үшін жолға шыққан. Жүргізуші рульді игере алмай, ауыр жүк көлігі шұңқырға қарай аударылған, деп хабарлайды Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дәл осындай жүк көлігі яғни, Экрем Альптекиннің серіктесі одан бұрын Қырғызстанға кеткен. Ал Экрем серіктесінің кері қайтуын күтіп далада қалған. Серіктесін күткен түрік азаматына Темір ауданы Ақсай ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Абылай Тәжин көмек көрсеткен. Жүргізушіге қажеттінің бәрін — су, тамақ алып берген. Түскі асқа үйіне апарып, түнде демалатын орынмен қамтамасыз еткен.

Оқиға орнына Темір ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаев барып, жағдайларын сұрап, жеке өзінің қадағалауына алды.

14 күннен кейін екінші жүк көлігіндегі серіктесі тауарларды тапсырып, Бішкектен оралды. Жүргізушілер тауарға тапсырыс берушінің қатысуымен дәрі-дәрмектерді басқа көлікке тиеп, Бішкекке жіберді.

Осыдан кейін учаскелік полиция қызметкері кранды бекітіп, жүк көлігін кюветтен алып шығуға көмектесті. Автокөлікті бірден сол уақытта көтеру мүмкін болмапты, өйткені тапсырыс беруші тауарды қабылдамайтын еді.

Экрем Альптекин Түркияға кетті, учаскелік полиция инспекторы А.Тәжинге өзінің алғысын білдіріп, бейнежазба жолдаған.

«Ақтөбелік полицейлерге алғысымыз шексіз. Біз олардың көмегін ешқашан ұмытпаймыз. Әсіресе Абылайға көрсеткен көмегі үшін ризамыз», — депті бейнежазбасында Экрем Альптекин.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы