Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» (Видео)

8795
Adyrna.kz Telegram

Осы жолы "Мазмұндама" жобасында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесіне шолу жасалмақ. Бұл 1976 жылы мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығарма. Елу жылда ел жаңарса да, еш ескірмейтін құндылыққа толы кітап. Батыр Баукең: «Біздің кейде өткенді еске алсақ болды, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек-кесек кереметтер іздеуге ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Дәл осы өлшем балғын кезге келе бермейді. Өйткені бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, алғашқы сезгенін, алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында, тұнық күйінде болмысына ұйытып алады да, сол қалпында сақтай біледі» - дейді.

Сол себепті автор «Ұшқан ұяны» жазғанда сәби кездегі қызық пен қуаныштың елестерін, балалық шақтың әсерін айна-қатесіз беруді көксейді. Есіңізде болса, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы былай басталушы еді ғой: «− Сен қайдан келдің? - дегенде, бір данышпан: − Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін» - деп. Момышұлының тұлғалық қалыптасуына, ержүрек боп ержетуіне сол балалық елі әсер еткен. Ол көкейден кетпейтін, күні кеше болғандай әсер қалдыратын тәтті сәттерді тізіп шығады. «Онда мен кіп-кішкентай сәби едім. Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін…» - деп сағынышпен еске алатыны бар.

     Батырлардың бала күнінде аяқ тартатын, я өлердей қорқатын мінезді ағалары болады. Партизан Қасым Қайсенов Иіс дейтін көкесінен зәре құты қалмайтынын жазса, Бауыржан Момышұлы да Момынқұл көкесінің алдында тік тұратын болған. Шығармада сол Момынқұл көкесі ашу үстінде Қызтумас әжесіне: «— Қойшы, апа!» - деп дауыс көтергені үшін жазаға ілігеді. Сол түні қорада түнейді. Ертесіне әкесі жақсылап сөгіп салып, басқа бір ауылға бір аптаға аттандырып жібереді. Үлкенге кейімек тұрмақ, алдынан кесе-көлденең өтпейтін ұлттық тәрбиені автор әдемі иіріп береді. Оқиғаны былай түйіндейді: «Сол екі ортада әжем енді Момынқұлын сағынып:

— Әй, әлгі тентек неме қашан келеді? - деп қайта-қайта сұрай бергені ғой, жарықтық». Сол Момынқұл көкесі бірде шу асаудың арынын басып, бас білдіреді. Бірақ додаға түсіп, тентектігін тыймай қойғанда Серкебай нағашысының тәрбиесіне салып, жіптіктей ететін жері өз алдына жеке хикая. Мәселенки, Байзақ датқаның баласы Қабылбек пен Текебай би болыстыққа бола араздасып қалады. Жауластыққа ұласа жаздаған жанжал аталы сөзге тоқтап, екі тараптың бір-бірінен кешірім сұрауымен тәмамдалады. Сол оқиғаны баяндай келе автор: «Әлбетте, ағайын арасы аз күн араз-құразсыз болғанмен, мансап, дәреже, атаққа таласу, айқай-шу, дырду тоқталмаған. Аз күн жарық дүниеде атақ үшін, билік үшін алысып, жұлысып ғұмырын өткізген қу заман екі жақты итжығыспен, алма-кезек арандатып қойған. Дүниеден Текебай би де, Қабылбек болыс та өтті. Ал олардың аттандаулы аламан-тасыр өміріндегі бір парасатты сәт әлгі сол екеуі де аттан түсіп бір-бірінен кешірім сұраған кез екен» - деп байламын айтады.

Бауыржан 3 жасқа келгенде анасы Рәзия қайтыс болады да, әжесі Қызтумастың қолында өседі. Әлемнің пайда болуы, тіршілік, өмір туралы алғашқы пайымдарды, аңыз-әңгіме біткенді әжесінен естігенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді де әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Қазір нақылға айналып кетен «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек бала…», немесе «Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын» дейтін сөздер сол Қызтумас әжесінің даналығына тәнті болғаннан туған. Ал Момыш әкесі жайлы: «Жалғыз атты болса да, кісіден кіріптар болғанды қорлық санап, аз күн жарық дүниеде азаттық аңсап, қатықсыз қара су ішсе де, бай – манапқа алақанын жаймаған» - деп жазады. Ол өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы әрі етікші, зергерлігімен аты шыққан. Момыш үлкен қызы Үбианды ұзатқаннан кейін тарығыңқырап қалады. Себебі қыздың жасауын қатарынан кем қылмау үшін намысқа тырысып, қарыз-құрызы көбейген еді. Сонда балаларының өгей шешесі мінез көрсете бастайды: «Қазаныңда май қалмады, қатықталған шай қалмады. Бір қызыңды ұзатамын деп, аш өзек етіп ұлытып қоймақпысың?» - деп. Бірбеткей Момыш мұндай сөзге шыдай алмай, әйелінің төркінін шақырып өкімді сөз айтады: «- Ағат кетсем, айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда қаңқу сөз есітем деген жоқ едім. Өгей деп, өңменінен итермес, өзім деп, бауырына басар деп ем балаларымды. Адасқан екем. Кеш болса да, жөнімді табайын. Табалау табына күйгенше, жалғыздықпен жағаласып өткенім жақсы. Қыздарыңызды ала кетсеңіздер екен. Салғыласып отыра алатын жайым жоқ» – дейді. «Сөйтіп бұл үйде керіс қайталанбайтын болып еді».

      Басқа үйлердегі даудың басы да - жоқтық еді. Талдырмаш сұңғақ бойына әркім-ақ сұқтана қарайтын, келбетті Зәпираның тағдырын қалыңмал тас-талқан етеді.  Бай болғандықтан аурушаң Дәулетке аяқ-қолын байлап береді. Қорлыққа көнбей төркініне қайтқан Зәпираның дауы Нығмет әулеті мен Нұрбай тобының жанжалымен аяқталады. Шығармадағы ең қысылтаяң тұстың бірі осы. Ал көкпар десе жанын беретін, ақыры аттың үстінде ажал құшатын Аққұлдың тағдыры өзгеше өріледі. Аққұлдың кейбір әрекетін құптамасаң да оны бар болмысымен, адами қалпымен жақын тартып қаласың. Шығарманың өн бойындағы Нұқ пайғамбардың, жыл он екі айдың пайда болуы, қарлығаштың қасиеті, жарғанат туралы небір қиссалар мен аңыз-əпсаналар əдемі қиюласып тұрады.

Сосын Құлжабайдың небір қызық әңгімелерін жымиып отырып оқисыз. «Алыс жолдан арып келген екі жолаушы бір үйге түстенгелі ат басын тірепті. Үй иесі шайдан кейін өзге рәует білдірмей, тымпиып отыра берсе керек. Қарны тойып, қабағы жадырамасын білген жолаушының біреуі тысқа шығып келген соң, серігіне «аттаналық» деп тықыр салыпты»-деп бастайды. — Тұр енді, аттаналық. Отыра бергенмен оңала қоймаспыз, — депті. Серігі орнынан қозғалғысы келмей қипақтай берген екен. — Әй, тұрсаңшы енді… — Досым-ау, қалай тұрайын. Жай-күйім өзіңе әйгілі ғой, — деп мынадай өлең айтқан екен:

Ішсем тамақ болмайды шай антұрған,

Әйт, шүу десем жүрмейді тай антұрған

Ат бер десем бермейді бай антұрған

Шай шіркінді шығарған қай антұрған.

Шу дегенде суырылған құла мықты,

Сынығыңды бекіткен сына мықты.

Қалай ғана құр ауыз аттанайын,

    Тым болмаса қимады-ау быламықты» - деп қатырған екен. Күлдіргі сөзге шебер Құлжабай - Бауыржанның нағашысы. Елді күлкіге қарық қылатын нағашысы тағы бір әңгімесін былай иіп әкеледі. «Біздің елде жұқпа дейтін тамақ болады. Қамырды жұқалап жайып, ыстаған қазан түбіне кептеп жапсырып пісіреді. Қамыр жабысып күймес үшін қазан түбін құйрықпен майлап отырады. Жұқа піскен нанды қатырма дейді. Қатырманы суға не сүтке салып қайта пісіріп былбыратады да, үстіне сары май салып орап дастарқанға қояды.

Бір үйге қонақтар түсіпті. Үй иесі сараң бай екен. Аузынан берекелі сөз шықпай, әйеліне қайта-қайта «қонақтарға жұқпа істеңдер, жұқпа істеңдер», — дей беріпті.

     Пейілі тар үйден тамақ ішіп жарымасын білген қонақтардың үлкені мұқата сөйлепті. —Байеке, сонша «жұқпа-жұқпа» дей бердіңіз. Жұқпайтын болса, құдағиды әурелеп қайтесіз, — деп орындарынан тұрып шығып кеткен екен...» - деп жазады. «Қонақжаймыз» деп кеуде ұратын қазаққа күлкіге қалу, мейманның көңілін таппау - үлкен сын. Осылай сүйекке таңба болатын сараңдықтарды юмор арқылы иіп береді. Және өте сәтті шыққан. Оқырманды жіпсіз байлап отырады.

    Шығарманың бір шырқау тұсы - Қазығұрт жаққа ұзатылған Айша әпкесінің төркіндетіп келуі. Бұл кезде Қызтумас әже келмес сапарға аттанған. Бір жағы Мыңбұлақтағы жұртына көңіл айта келіп отыр. Артынша адуын кемпір әй-шайға қарамай жастың да, жасамыстың да шаңын қағады. Сөзге іліккен Момынқұлдың, алпыстағы Аққұлдың тегіс апшысын қуырады. Ашуы қайтып, істің ақ-қарасын ажыратқаннан кейін ғана сабасына түсіп: «Бишара Момынқұл айналайынды жерден алып, жерге салғандай ұрыстым ғой мен алжыған. Сонда да ауыз ашпады ғой, мың болғыр шырағым. Әдеп көрген бала емес пе, алдымда қарсы тұрмады ғой... Шешемнің сүт кенжесін суға тиген мысықтай түрпектегенім не менің! Алжыған басым «Үйден шық!» деп зекігенімде, үнсіз томпаңдап шыға берді ғой, шырағым» - деп жылайды. Осы эпизодтан қыз баланы төбеге көтерудің мысалын, жасы үлкеннің алдында кішінің асықша иіріліп тұруын көресіз.

Бұл шығарма «Халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы» - деп текке әспеттелмесе керек. Сондықтан да «Ұшқан ұя» кітабы әр қазақтың төрінде тұруы керек.

Идея авторы - Шыңғыс Мұқан;

Продюсері - Абылайхан Жәнібекұлы;

Жүргізушісі - Дәурен Дариябек.

 

Сілтеме "Abai.tv" телеарнасынан алынды

Пікірлер