Мергендер мәртебені көздемейді

9189
Adyrna.kz Telegram

«Неге Совет Одағының Батыры атағы берілмеді?»

Ұлы Отан соғысының тарихын таразылағанда, сананы сансыратқан, жауабы жұпталмаған осы сауал жиі қойылады. Мысалы, 702 фашистің жанын жаһаннамға аттандырған, теңдесі жоқ  орыс снайпері  Михаил Ильич Сурков Совет Одағының Батыры атағына неге ұсынылмады?  Себебі – осы күнге шейін жұмбақ.

Неге 487 немісті, яғни бір полк әскерді өлтіріп, оның үстіне «сен тұр, мен атайын» 35 снайперді жеке тәрбиелеген, ұлты – эвенк Иван Николаевич Кульбертинов неге бұл атақты соғыс кезінде алмады? Тек ұзақ жылдардан соң, онда да фәни дүниеден қайтқасын ғана  марапатталды...

Саха ағайыннан шыққан қаһарман, 429 немістің көзін жойған Федор Матвеевич Охлопков еңжоғары награданы майдан даласында жүргенде кеудесіне тақпайтындай не жазып қойып еді? Жеңіс күнінен жиырма жыл өткеннен кейін, 1965 жылы ғана әділдік орнады. Бірақ «алтын жұлдыздың» игілігін үш-ақ жыл көріп, бақилық болды.

Артық та, кем де емес, 418 гитлершіні, оның ішінде 17 жау снайперін біржола құртып, 156 мергенді өз мектебінен дербес үйретіп шығарған Николай Иванович Галушкин бергі заманда Президент Николай Ельцин «Ресей Федерациясының Батыры» атағын бермесе, елеусіз қалып кеткендей екен.

Бірі – 329, екіншісі – 500 дұшпанды келмеске жөнелтіп, өздері де қаза тапқан Совет Одағының Батырлары Х.Андрухаев пен Н.Ильин ұстаған оптикалық винтовканы кезегімен қабылдап алған, сөйтіп 417 немісті ажал құштырған Афанасий Емельянович Гордиенконың маңдайына да ұстаздарына тиген ұлық дәреже бұйырмапты.

Эвенкіден өрген тағы бір мерген, немістер «Сібір шаманы» деп ат таққан Семен Данилович Номоконов Германиямен де,  Квантун армиясымен де соғысып, 367 жауды (ішінде бір генералы бар) жер жұтқызғанымен, осы күнге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Өлгенде жеткен дәрежесі – «Забайкальенің ұлы адамдары» атты 2009 жылғы күлліаймақтық сауалнама-сайыста  даралана топ бастағандығы.

Нысанасына іліккен 297 немісті өлтіріп,  тіпті әуедегі бір ұшақты атып түсірген даңқты снайпер Цырендаши Доржиевты Ресей батыры жасау үшін Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бүкіл бурят, оларға қосыла жақын-жуық «бұратаналар» шулардай-ақ шулады...

Қалай болғанда да, «ештен кеш жақсы», әрине...

Әңгіме әлқиссасының түйіні –  жоғарыдағы тарландарға тағдыры ұқсас қазақ снайперлері де бар. 

Жау батальонын жайратқан батыр

Ресейдің Псков облысының Новосокольники ауданының топырағында қазақтың екі сұрмергені мәңгі дамылдап жатыр.

Олардың бірі – 78 фашистің көзін жойған қаһарман қыз Әлия Молдағұлова болса, екіншісі – 397 неміс басқыншысын жер жастандырған есіл ер Төлеуғали Әбдібеков.

Төлеуғали Әбдібеков

Алғашқысы 1944 жылдың 15 қаңтарында қыршынынан қиылса, соңғысы араға ай салып, 23 ақпанда госпиталь төсегінде ауыр жарақаттан көз жұмған (6-шы дербес медициналық-санитарлық батальонның командирі, гвардия капитаны Штейнбах 1944 жылғы 14 наурызда қол қойып растаған, Ресей Әскери-медициналық мұражайының қорында тіркеулі  анықтама қағазға сәйкес).

Әлия әлгі ауданның аумағындағы Монаково селосында, ал Төлеуғали Насва станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 7 шақырым жерде, 107,1 белгісі соғылған төбеде жерленген.

Молдағұлова – Кеңес Одағының Батыры, Әбдібеков – осы атаққа ұсынылған, бірақ немере ағасы Кемелбайдың (белгілі жазушы Айгүл Кемелбайдың атасы) «халық жауы» болуына байланысты ондай құрметтен қағылған.

Әлия туралы жеткілікті жазылды. Есімі мен ерлігі – елінің есінде, жұртының жан-жүрегінде. Ал бір батальоннан астам жау жасағын жайратқан Төлеуғали туралы мағлұмат мардымсыз. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаев пен республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлының ізденістері мен ынта-ыждаһатының нәтижесінде ол жөнінде едәуір деректер екшелді. Сол кісілер жинақтаған жәдігерлерге және өз тарапымыздан тапқандарымызға сүйене отырып, саңлақ снайпер жайлы түсінігімізді толықтырдық.

Соғыс сұрапылын нақты сезінген Насва деревнясын бұрын Париж коммунасына қатысушы, ХІХ ғасырдағы орыс халықшылдар қозғалысы көсемдерінің бірі Петр Лавровтың «кіші отаны» деп танысақ, енді қазақтың батыр ұлы Төлеуғали Әбдібековтің сүйегі жатқан мекен деп те білеміз. Оның жанында өзі секілді шейіт бауырлары –  қызылордалық Мәдіхан Дүйсенов, жамбылдық Үсен Рахымбердиев, түркістандық Жабай Ерғашев, қарағандылық Дәуренбек Омарбеков, оңтүстікқазақстандық Баймахан Ахметов және басқа ұлттардың жауынгерлері жай тапқан.

Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыстың ең үздік мергендерінің қатарына кірген, тізім бойынша алғашқы жиырмалықта тұрған озат оғланымыз жайында не айта аламыз?

Туған жылының мәліметі екі түрлі: 1916 және 1919. Зерттеушілердің дені алдыңғысын дұрыс көреді.

Дүниеге келген қонысы анық: Семей облысы, Жарма ауданы, Еңбекші ұжымшары, Бірлікшіл ауылдық кеңесі.

Әскерге қай жерден, қай мезгілде шақырылғандығы жөніндегі деректер ала-құла.

Бірінде майданға Семей облысының Жарма аудандық комиссариатынан 1941 жылдың сәуірінде аттанған деп көрсетілген. Екіншісінде Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал  ауданының Ильич аулынан 1941 жылғы 12 желтоқсанда батысқа сапар шеккендігі нақпа-нақ жазылған. Ал солар секілді қол қойылған, мөр басылған үшінші ресми қағазда Қызылорда облысының Сырдария ауданынан сарбаздар сапына ілігіп, қанды қырғын басталған жылдың желтоқсан айында хабар-ошарсыз кеткендігі алға тартылады (әскерге шығарып салған туысының аты-жөні Микетова Жанамас, әйелінің ныспысы Найсымкүл делініп, ең соңғы хаты 993-ші далалық поштадан келгендігі рәсімделген). Бұл мәліметтердің әуелгісі мен ақырғысын соғыс біткен соң, 1946 жылдың 16 тамызы мен 13 қыркүйегі күндері Жарма аудандық әскери комиссариаты орталықтағы мұрағатқа екі қайтара жіберген.

Біздіңше, ортаңғы құжаттың мәліметі шындыққа жуықтайды.

Т.Әбдібеков майдан шебінде

Өйткені бұл тұста Төлеуғали Әбдібеков Хабаровск өлкесінде әскери борышын өтеп қайтқанан кейін, оңтүстік өңірінің күнкөріс кәсібі мен нәпақалы нәсібіне айналған мақта шаруашылығының маңында жүр еді. Жаман болған жоқ – бригада басқарды. Өзі заманында Алаш ардагерлері ту тіккен аймақтан шығандап шығып, жұрт жаңалағанына да біршама өткен. Жаңа, жойқын өкіметтің кеселді кезіне киліккен ағатайы «тап дұшпаны» атанғалы, туған-туыспен бірге қияндап қашып құтылған – барар жер, басар тауы осы болды. Сөйтсе, сайын сахарада, апайтөс арқада әкесі Насырханның қасынан қалмай саятшылық құрғанда меңгерген мергендік машықтары кәдеге жарайтын күн таяп, тіпті төбеден төніп тұр екен.

Сонымен, 22-ші армияның генерал-майор  И.В.Панфилов атындағы, Қызыл Тулы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 1077-ші (кейінірек 30-шы) атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонінің 2-ші ротасының снайпері, аға сержант, БК(б)П мүшесі Төлеуғали Әбдібековтің даңқы тез жайылды.

1942 жылғы 14 мамырда Бірінші Калинин майданына жетіп, 17 мамырда ұрысқа кіріскен ол ә дегеннен мергендігін мойындатты, яғни Иваньково қонысының маңында 6 немісті жер қаптырды. Қақтығыста қаза тапқан командирінің орнын жоқтатпай, ротаның тізгінін өз қолына алып, орман ішіндегі жау автоматшыларын әрі тықсырды.  Холм қаласы үшін шайқастың алғашқы күні 17 фашисті жайпап салса, келесі күні есепті  58-ге жеткізді. Үшінші күні мұның қатарына тағы 9 дұшпанның өлігі қосылды. Ал Великие Луки түбіндегі жанталаста 87 гитлершіні мерт қылды.

Жауынгерлік «За Родину» газеті Әбдібеков өлтірген фашистің саны 1942 жылғы қыркүйекте – 102, қазанда – 125, желтоқсанда – совет снайперлерінің екінші слетіне қарай 219-ға толғанын жазды. Ал архив құжаттары бойынша ол сан – 227.

Төлеуғали Әбдібеков (ортада) майдандастарымен бірге:

сол жақта – Әбіл Нүсіпбаев, оң жақта – Анорбай Ержанов (өзбек).

Тағы бір дерек былай сөйлейді: «Төлеуғали Әбдібеков жолдас –  полк пен дивизияның ең үздік снайпері, ол 1942 жылдың шілдесінен 1943 жылдың 10 наурызына дейін 255 фашисті өлтірді. Бұдан басқа, өткен мерзім ішінде ондаған жас снайперді (ресми түрде 32 деп көрсетіледі. – А.Ш.) мергендікке баулыды. Әбдібековтің снайперлік шеберлігі оның майдан кезіндегі ержүректігімен ұштасты. 1943 жылдың 6-шы және 10-шы наурызы аралығында Әбдібеков жолдас қардай бораған жау оғының астында отырып, ептілікпен нысана көздегені арқасында 28 фашисті өлтірді, екеуін жаралады».

Ерлігіне тәнті болған 3-ші армияның әскери кеңесі Төлеуғалиға  қолпаш хат жолдап, Бүкілодақтық радио ол туралы арнайы хабар жасады.

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа майдан шебінен сәлем-сауқат білдірген белгілі жазушы-журналист Павел Кузнецов:

«Айналайын Жәке! Сіздің аманатыңызды ұлдарыңыз адал атқаруда. Мақтарал совхозынан келген мерген Төлеуғали Әбдібеков   немістің 259 басқыншысын жайратты.  Ол өте өжет жігіт және адал дос», - деп  жазды.

Өзі майдангер, қазақтың көрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев 1943 жылы Төлеуғалиға жыр арнап, онда:

Өтінемін, өзің аман жүр бірақ,

Тал бойыңда сарқылмасын әл-шыдам.

Жау қатары жусай берсін құлдырап,

Өлтіре түс, өлтіре түс, қаршығам! –

деп тілек білдірген.

Өкінішке қарай, қаһарман мерген ажал аранынан құтылмады...

Қайтыс боларынан екі күн бұрынғы, яғни 1944 жылғы 21 ақпандағы мәлімет бойынша, Төлеуғалидың қолынан қаза болған неміс офицері мен солдатының саны 395-ке жеткен. Қаза тапқан соң, сол жылғы 8 наурыз күні Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бұл құжатқа полк командирі, гвардия полковнигі Решетников қол қойған.

Төлеуғали Әбдібеков тек мергендігімен ғана емес, жалпы жүрек жұтқан батырлығымен де көзге түскен. Мысалы, архив деректерінің бірінде оның дұшпан бақылауындағы жолдың бойынан мерт болған совет жауынгерлерінің денелері мен қару-жарақтарын көріп, еш тайсалмастан оларды бері алып шығуға әрекет жасағаны айтылады. Неміс снайперінің оғы ауыр жаралағанына қарамастан, ол екі күн ішінде, яғни 1943 жылдың 9-10 наурыз күндері жеті винтовканы, үш қол пулеметін, бір автоматты және он партия билетін өзіміздің шепке өткізеді.

Арада ұзақ мерзім өткенде, ресейлік соғыс ардагері Владимир Литваков «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан 2010 жылдың 22 наурызы күні көрсетілген репортажда:  «Бауыржан Момышұлы сияқты тағы бір қазақ жігіті бар еді. Біздің полкта Төлеуғали Әбдібеков деген мерген болды. Ол да өте қайсарлығымен танылды. Полк болып ол жігітті  ерекше қастерлейтінбіз», - деп ағынан жарылды.

Міне, Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатында сақтаулы құжаттарды сөйлетсек, майдандастары «теңдессіз мерген, айлакер, ержүрек, ұстамды» деп мінездеме берген, үрейі ұшқан немістер «қара тажал» деген лақап таққан, Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Ленин ордендерінің иегері Төлеуғали Әбдібековтің қадір-қасиеті осындай.

Төлеуғали шаһид болған соң оның қаруын мирас еткен шәкірті Әшірәлі Османалиев (өкінішке қарай, бұл сұрмерген жайында әзірге ауыз толтырып айтарлық басқа мәлімет жоқ) қанды қарымта қайтарып, 128 немісті жарық дүниемен қош айтыстырды.

Бабаларымыз бағзы түсінік бойынша «батырдың жаны – қаруында» деп сенген. Төлеуғали Әбдібековтің қолының табы сіңген, қазір шүріппесі мергеннің саусағын сағынып жатқан 2916-нөмірлі винтовкасы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы.

Қаһарманның өзі кетсе де, еліне аманат – көзі қалыпты. Тек бағалай жүрсек болғаны...

 

Қырдың қырағы қыранындай еді 

«Дала сұрмергені» атанған даңқты снайпер Ыбырайым Сүлейменов жөнінде майдангер-қаламгерлер Ф.Лисицын, Қ.Шәріпов, Ә.Нұршайықов өздерінің естелік жазбалары мен кітаптарында көптеген деректер келтіреді.

1911 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының Қызыл Күншығыс аулында туған болашақ мерген отбасындағы жеті перзенттің бірі екен. Әкесі Сүлеймен, шешесі Тынышбала  басқадан бөлек «бір төбе» санаған ұлдарын, жары мен үш жасар қызы от басының тірегін, тоғыз жасар қарындасы аяулы ағасын 1941 жылдың қысқы тоқырау күні, 22 желтоқсанда әскер қатарына шығарып салады. Бұған дейін МТС-та тракторшы болып жүрген орда бұзар отыздағы жігіт қабілет-қарымына  сәйкес снайперлік мамандыққа сайланады.

Ыбырайым Сүлейменов

Ыбырайым Сүлейменов 3-ші екпінді армияның 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Алматыда жасақталған 100-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасындағы 2-ші батальонның жауынгерлер сапын толықтырып, Калинин майданына барғаннан-ақ мүлт кетпес мергендігімен бедел жия бастайды.

1942 жылы мамыр айында тағайындалған «Снайпер» төсбелгісін тұңғыштардың қатарында кеудесіне қадайды. БКП(б) мүшелігіне кандидаттыққа ілігеді.

Ржев түбіндегі қантөгісте 39 жауды нысанаға іліктірсе, Молодой Туд мекені үшін арпалыста 79 фашисті оққа байлап, «Ерлігі үшін» медалін алады. Великие Луки маңындағы сұрапылда тағы да 60 гитлершіні өлім қаптырып, осы ерлігі Қызыл Жұлдыз орденіне лайық деп табылады. Бұған қоса екінші оптикалық винтовка сыйға беріледі де, Ыбырайым өле-өлгенше иығынан нысаналы қос мылтығын және жанынан бір автомат, бір гранатаны тастамай ұстауды әдетке айналдырады. Үш рет жарақаттанып, айыққан бетте қайтадан майдан шебіне ұмтылады.

1943 жылдың жазына дейін Ыбырайым Сүлейменов мұрттай ұшырып, сеспей қатырған фашистің ұзын саны 239-ға жеткені анық. Өйткені мұның тасқа басылған айғақтары бар.

Ы.Сүлейменов қимыл үстінде

Мысалы, 3-ші екпінді армияның қолбасшысы, генерал Кузьма Никитович Галицкий өзінің «Қаһарлы сынақ жылдары. 1941-1944» атты кітабында: «Мені жеке құраммен кездестірген кезде екі мергенді – Қызыл Жұлдыз орденін алған аға сержант Ыбырайым Сүлейменовпен және Ахмет Жұмағұловпен таныстырды. Олардың біріншісінің өлтірген немісі – 239, екіншісінікі – 101 екен», - деп жазады.

Бізге белгілі там-тұм дерекке иек артсақ, мұндағы екінші мерген – Ахмет Жұмағұлов  Қостанай облысы Аманкелді ауданында 1894 жылы дүниеге келген. 48-ші армияның құрамындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 258-ші атқыштар полкында болып, 1943 жылғы 30 қазанда 2407-ші далалық көшпелі хирургиялық госпитальда жарақаттан қайтыс болады. Украинаның Сумск облысының Шостинск ауданына қарасты Собичево селосында жерленген. Және әйелінің есімі Күлжанат екендігі ғана мәлім.

1943 жылдың ерте көктемінде  майдандастары атынан Жамбыл Жабаевқа хат жолдаған журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықов мынадай жыр жолдарын түзеді:

Қырағы қырдың қыраны,

Даланың ұшқыр құланы,

Таудың жүйрік бұланы,

Немістерді екі жүз

Отыз тоғыз өлтірген

Сүлейменов Ыбырайым –

Қазақтың батыр ұланы!

Жүз жасаған жыраудан кешікпей жауап жетеді:

Хаттарыңды арнаған,

Батырлықты тоқыдым,

Бұрын құлақ шалмаған,

Неше алуан ел өткен,

Мұндай ерлік болмаған,

Қаһарың жер тербеткен

Қайрат берген сол маған,

Баймұрзин мен Бұрышев,

Жауған оқтан таймаған,

Танктермен ұрысып,

Нажағайша ойнаған,

Ыбырайым, Мырзабай,

Жау қыруға тоймаған.

            1943 жылғы 10 наурызда «Фронтовик» газетінде үлкен суреті басыпып, 239 фашисті өлтірген ер екені айтылады.

Сол жылы жазда өткен снайперлер слетінде сөз сөйлеген Ыбырайым: «Мен Мәскеуді не үшін қорғадым? Мен – қазақпын, менің Қазақстаным Мәскеуден шалғайда. Мәскеу – барлық совет адамдарының кіндік қаласы. Ол менің де – астанам. Міне, сондықтан да Мәскеуді қорғадым. Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Мәскеу түбінде гитлершілердің колхозшы ер-азаматтар мен әйелдерді қалай айуандықпен қорлағанын көргенде, маған мынадай ой келді: егер тоқтатпасақ және жайратпасақ, олар менің туған Қазақстаныма дейін жетуі мүмкін...», - деп отаншылдық ой толғап келеді де, өзінің 239 неміс басқыншысын жойғанын тілге тиек етеді.

Сонымен, Ыбырайым  Сүлейменов 1943 жылдың шілде айында 3-ші екпінді армия әскери кеңесінің шешімімен Совет Одағының Батыры атағына ұсынылады. Қазақстанға құттықтау жеделхаты жіберіледі. Бұл жайында ел түгел құлақтанып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатады. Бірақ Калинин майданы басшыларының шетқақпайының нәтижесінде мәселенің арты сиырқұйымшақтанып, 1944 жылғы 4 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған Ленин ордені беріледі. Жаужүрек қазақ жігіті бұл уақытта шаһид кешіп кеткен-ді...

Ресейдің Псков облысындағы Невель қаласының атын көзі ашық қазақтың естімегені  кемде-кем. Неге десеңіз, бұл шаһар туралы сөз сабақталса, есімізге  Совет Одағының Батыры, қазақтың қаһарман пулеметші қызы Мәншүк Мәметова түсе кетеді.

Ал осы Невель –  алаш халқын алапат ашаршылыққа  ұшыратқан  қанішер Филипп Голощекиннің туған топырағы екенінен екінің бірі хабардар бола қоймас. Сондай-ақ, сол төңіректе Мәншүкпен бірге Ыбырайым Сүлейменовтің де ерен ерлік танытып, қапияда қаза құшқанын жалпы жұрт біле бермес. «Жердің жүзі – домалақ, жолықпасты жанастырады, тоғыспасты түйістіреді» деген осы шығар, бәлкім. «Адамның басы – Алланың добы» дегенге де саяды.

...1943 жылдың 15 қазанында Невель қаласының батысына қарай, Изочи станциясы маңындағы 173,3 биіктік үшін кескілескен шайқас болды. Немістер кезекті шабуылға шықты. Сол қапталда Мәншүк жауға қарсы төпелете оқ жаудырса, оң жақ қанаттағы үш окопты Ыбырайым қаз-қатар жайлады. Екі шетке бір-бір винтовкадан қойса, ортаңғы окопқа автоматы мен гранатасын ыңғайлады. Шапшаң орын ауыстыра отырып, нысана көздеді. Фашистердің екі рет беті қайтарылды. Бірақ үшінші жолы біздің жаяу әскер жауынгерлерінің оқ-дәрісі таусылып, шегініске көшті. Немістердің жолын бөгеген Мәншүк пен Ыбырайым қасық қандары қалғанша төтеп бақты. Опат болды, бірақ бекіністі сақтап қалды.

Сарысулық снайпер бұл ұрыста 30-дан астам гитлершіні сұлатып салып, жайпаған жендетінің санын 289-ға жеткізді дейді Ыбырайымның  өмірбаянын өздерінше зерттеп-зерделеген ынтагерлер Алла Ерошкина мен Алексей Вовченко.

Бригадалық «Отан үшін» газетінің бетінде ақырғы айқаста  Ыбырайым Сүлейменовтің 31 фашисті ажалға жем қылып,  барлық өлтірген немісінің саны 270-ке толғаны айтылады.

Шынында да, снайпер Сүлейменовтің қорғасын оғынан құтылмаған немістің саны қанша? Көріп отырғанымыздай, болжам әрқалай.

Бұл шаруамен  айналысқан соғыстанушы-ғалым Тілеу Көлбаевтың есебінше – 341.

Әлбетте, гәп – Ыбырайым Сүлейменовтің мергендік кітапшасында тізілген фашистің санын есептеуде ғана емес, бүгінгі ұрпақтың оның батырлығының баяны мен бағасын білуінде.

1943 жылғы қарашаның 1-інде Невель қалалық кеңесі атқару комитеті қаулы қабылдап, азат етілген шаһардың Новоквартальная көшесі мен Гумни бұрылысына Ыбырайым Сүлейменовтің атын берді. Мұндай құрмет Мәншүкке де көрсетілді. 100-ші ұлттық дербес бригаданың сарбаздары қаралы жиын өткізіп, боздақтармен қоштасу рәсімін жасады. Әрі аттанған әскер қаладан шығып бара жатқан сәтте, ымырт үйіріліп, қас қарайғанына қарамастан қала тұрғындары көз жастарын сығып жүріп, үй қабырғаларына және шарбақтарға Ыбырай мен Мәншүктің аты-жөндері жазылған тақтайшаларды іліп жатты.

«Ердің парызы – елін қорғау, елдің қарызы – ерін қолдау» екендігіне осыдан соң күмән келтіріп көр...

********

Ресейдің Псков облысының аумағында бүгінгі мақаламызда аттары аталған  «Шығыстың қос жұлдызы» - Әлия мен Мәншүктің, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы қазақтың ең үздік екі мерген жігіті – Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовтің сүйектері жатыр. Қос қаһарман қызымыздың Совет Одағының Батырлары атанғанына шүкіршілік етеміз. Сонымен қатар, сайыпқыран снайперлеріміздің бұл атаққа ілінбей қалғанын ойлағанда, іштей екіұдай күйге түсетініміз де  жасырын емес. Баяғыша –  заманның зауалынан, адамның ауанынан көреміз-дағы.

Төлеуғали да, Ыбырайым да өмірлерін Отанын сақтау жолына, яки сіз бен біздің жарық дүниеде жүруіміз үшін сарп етті,  марапатты нысана қылған жоқ.

Батырлардың пешенесіне жазылатыны – осы.

Амантай ШӘРІП

 

Пікірлер
Басқа материалдар