Dalanews.kz «Новая газетаға» сұхбат берген ақынның халық пен билік туралы толғамдарын тіліп алып оқырман назарына ұсынғанды құп көрді.
80-ші жылдардың соңы Тәуелсіздік алардың алдында Сүлейменовке Қазақ КСР-ының президенті болатын мүмкіндік беріліпті. Бас тартқан екен. Ол тұс ақынның атақ-даңқы дәуірлеп тұрған кезең-тін. Саяси салмағы да сол тұстағы тісққақан саясаткерлерден еш кем емес-тұғын.
«Әрине, мұндай ұсыныстан бас тарту қиын. Оның үстіне мен арқалаған миссияға септігі тиер деп ойлағаным рас. Иә, мені әлгі қызметке ұсынды. Алдымен Кремльдің алдынан өттім. Колбиннің Мәскеуге көшетінін, оның орнына кімді лайық көретінімді сұрады. Бірнеше адамның атын атап, тізімді алдыма тосты. Барлығымен таныс-білістігім бар, хал-қадерімше бағамды бердім», – дейді ақын.
...
Сүлейменов осы кездесуде Назарбаевқа жеке-дара тоқталып, оған жоғары баға бергенін айтады. Тізімдегі топтың арасынан Назарбаевтың аты көзіне оттай басылғанын, осы кездесуде Тұңғыш президенттің мақтауын асырғанын айтып біраз көсілген екен.
«Назарбаев өзгелерге қарағанда мемаппараттың жұмысына қанық. Тәжірибесі толысқан. Осы салада ұзақ жылғы стажы бар. Комсомолда да, партиялық жұмыста да шыңдалған азамат. Бұдан артық кандидат таппайсыздар деп соңғы сөзімді айттым», – дейді Сүлейменов.
...
90-шы Компартия Қазақ КСР-ын басқаруға лайық екі азаматты көп ішінен іріктеп алады. Бірі – Назарбаевтың, енді бірі – Сүлейменовтың сөзін сөйлейді.
«Жеме-жемге келгенде тайқып шықтым» – дейді ақын.
Айтуынша жазушылығы жеңіп кеткен. Саясатпен айналсуға көңілі соқпай, канцелярияның қаптаған құжатын сапырыстырып отырғанды қаламапты.
Оның үстіне Назарбаевпен дәрежелес деңгейім де, тәжірибем де жоқ-тын. Шыны керек, аса бір құлшынып та тұрмадым.
«Мендей оратордан халыққа қайыр жоқ. Шешенсіп сөйлегенмен, іске келгенде шорқақпыз. Езгіден құтылып, егемен атанған талай елді араладық. Көпшілігі билік басына шешенсіген, көсемсіген ораторларды алып келді. Шынайы саясаткерлер шетте қалды. Бұл елдердің талайы кризиске ұрынып, күйзеліске түсті. Сондықтан мендей басшыдан «не қайыр, не үміт» деп шынымды айттым», – дейді Сүлейменов.
...
Ақынның айтуынша билікте ұзақ отырған адамның сүйкімі кетеді. Бес жыл. Ұзағанда 10 жыл. Мандаттың да шегі бар. Жалпы таққа тас кенеше жабысу синдромы кейінгілерге Сталиннен жұққан дейді Сүлейменов.
«Бес, он жыл жеткілікті. Хрущевтың тағдырына қараңдаршы. Сталиннің жолымен жүремін деп сорлады. Ақыры тақтан тайдырды. Брежнев? Оған да құт қонған жоқ. Керісінше билікте тым-тым ұзақ отырғанның зардабын тартты. Кетем десе де, кетірмеді. Төңірегі жіпсіз байлап тастады. Брежнев кетсе, олар да орнын босатуға мәжбүр болар еді. Брежнев ақсақал айналасының айтқанынан шыға алмады. Ақыр соңы КСРО-ны күйретіп кетті. Билікте ұзақ отырғанның салдары осындай болады…», – дейді ақын.
...
Осы арада тілші ақынның 2011 жылы Назарбаев туралы айтқанын еске салыпты. Осыдан 10 жыл бұрын Олжас Сүлейменов Назарбаевты сайламай-ақ, референдум жолымен қайта тағайындау керектігін айтып, осы бастаманың үгіт-насихатын жүргізген.
«Нұрсұлтан Әбішұлы бәрібір де 90 пайызға жетеқабыл дауыс жинайды. Оның үстіне Америка мен Ресейдің алауыздығы асқынып келеді. Қазіргідей жағдайда ат-көлік ауыстырған жөн бе?», – деген еді Олжас мырза.
Ақын әлгі сөзін былайша жуып-шайыпты:
«Осыдан он жылғы бұрынғы жағдай еміс-еміс есімде. Ұмытып та қалдым. Бір адамның отыз жылға созылған өзгеріссіз билігі бітпестей көрінді ғой. Сондықтан ол кезеңді жік-жікке бөле алмаймын», – дейді Сүлейменов.
Ақын өткен отыз жылда Назарбаевты талай мәрте сын садағына алғанын айтады. Тұңғыш президентке көңілі толмағанда Назарбаевтың қай тұста қателескеін, қай арада ағаттық жасағанын ашық айтудан қаймықмаған.
Сүлейменов Назарбаевты сөз еткенде, әрдайым шындық жағында болғанына сенімді.
«Алайда, – дейді ол. Біздің халық бірінші басшыны дұрыс таңдайтын деңгейге жеткен жоқ әлі. Төрт құбыласы түгел, толысқан ұлт деп айта алмаймын. Біздің қоғам мен ресейлік аудиторияның ой-өресі шамалас. Қауымдық түсініктен арыла алмай отырмыз. Барлығы орталықтың төңірегіне топтасуы керек деген тұжырым бар. Мұндай қауым бірінші басшысы өз қалауымен таңдай алатын жағдайда ма?», – дейді Сүлейменов.
Ақынның осы арқылы не айтқысы біз үшін жұмбақ күйінде қалды. Бәлкім, сөй дей отыра «патша қарсы шығу күнә» деп сөйлейтін аудиторияны бүйірден бір түртіп өткен болар деп болжадық.
...
Басқасын басқа ақынның Ресейге қатысты көзқарасы тәуелсіздік алғалы бері түк өзгерген жоқ. Путин пропагандасы төңірегін жайпап, шеңгелінен босап шықққысы келген елдерге басып кіріп жатса да, Сүлейменовтің Кремльге қатысты позициясы шайқалмаған екен.
«Осы ойымнан таймаймын. Қазақстан Ресеймен мәңгілікке бірге болуы қажет. Жұбымыз жазылмай, бірге жүруге жазсын. Ресеймен арамызды ажыратпау үшін латын әліпбиіне қарсы шықтым.
Тоқаев? Президент әлгі әліпбиді қолдауға мәжбүр болды. Мен айтамын, қажет емес деп. Кириллицаны ұмытпауымыз керек. Балаларымыздың санасында сақталсын. Екі әліпбиді тең меңгергеннің айыбы жоқ», – дейді ол.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ
"Адырна" ұлттық порталы