Түрікменстан түрмелерінде аштық басталды

2224
Adyrna.kz Telegram

Түрікменстандағы түрмелерде нағыз аштық басталды. Turkmen.news ақпарат көздерінің хабарлауынша, тұтқындар тамақ жетіспеушілігінен және түрлі аурулардан өліп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Колониялардағы дүкендер бос, ал асханалардағы тамақ ылғи жеткіліксіз болды. Ұлым тамақ пен медициналық көмектің жоқтығын айтты. Адамдар өліп жатыр. Ақша жіберейін дегенімде ол дүкенде ештеңе жоқ, «ол ақшаға не сатып аламын?» деп жауап берді», - деді тұтқынның анасы.

Газет атап өткендей, Сейди қаласындағы Лебап велаятының LB-K/11 және LB-K/12 колонияларында бірнеше күн бойы нан болмайды.

Тұтқындарға тамақты туыстары әкеліп бере алады. Бірақ 2020 жылдың наурыз айынан бастап COVID-19 эпидемиясына байланысты оларға тамақ әкелуге де тыйым салынды. 2021 жылдың сәуірінен бастап тұтқындардың туыстарына айыпталушыларға тамақ әкелуге рұқсат берілді. Алайда аймақтар арасындағы қозғалыс әлі толық ашылмағандықтан, олардың колонияларға жетуі қиын болып жатыр.

Наурыз айының соңында ЛБ-К/12 колониясында есірткі сатумен айналысқан Түркия азаматы Озгур Куччукай қайтыс болды. Оның денесі отанына «Түркмен әуе жолдарының» чартерлік рейсімен жеткізілді. Ресми мәліметтерге сәйкес ол қатерлі ісіктің салдарынан өмірден өтті. Алайда тұтқынның туыстары мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, Куччукай туберкулездің асқынған түрімен ауырған және тиісті ем алмаған. Туыстары тергеуді талап етіп, Түркіменстандағы Түркия елшілігімен байланысқа шықты.

Сонымен қатар 2020 жылдың қарашасында Байрамали қаласы, MR-K/16 колониясындағы тұтқындарға күзетшілердің тамақ сатқаны белгілі болды. Бұрын айыпталушылар күзетшілерден тыйым салынған заттарды ғана сатып алатын (мысалы алкоголь).

Айта кетейік, COVID-19 эпидемиясы Түркіменстандағы экономикалық және азық-түлік дағдарысын күшейтті. Үкімет белгілеген бағалар да өсіп жатыр. Дегенмен олар әлі күнге дейін нарықтық бағадан едәуір төмен. Алайда соның өзі адамдарды сағаттап кезекке тұруға мәжбүр етеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер