АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен бір сөзінде алдағы 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына АҚШ бойкот жариялауы мүмкін дегенді айтып қалды. Бұл, былайша айтқанда, біздің елге берілген ым, ишара сияқты болып көрінді маған. Неге?
Біріншіден, сондай жоғары деңгейдегі басшы жайдан-жай ым жасамайды, ол оның статусына сай емес және спорт саясаттан тыс деген халықаралық жазылмаған заңды елемеушілік болып табылады. Ендеше ондай ойды мемлекет басшылары емес, азаматтық қоғам өкілдері көтергені қисынды болмақ.
Екіншіден, Қытай экспансиясынан шын қорлық көріп отырған қай ел? Шыңжаңдағы қазақтарды геноцидке ұшыратып отырған Қытай саясатынан жапа шегіп отырған біздің ел емес пе? Қытай елшілігінің алдында нешеме күндерден бері адамдарын босатуды сұрап зарлаған аналардың даусын ести тұра елшіліктен бір адам шығып жауап бермеуін қалай түсінуге болады? Бұл тек астамшылық қана емес, тіпті ешқандай моральға сыймайтын, адамгершіліктен жұрдай, нағыз иттік қой? Соған шыдап үн қатпай отырған біздің мемлекетті қазаққа жанашыр мемлекет деуге кімнің аузы барады?
Талай қорлықты қазақпен бірдей көріп келе жатқан ұйғырда тіпті мемлекет те жоқ. Ендеше біздер, азаматтық қоғам өкілдері, неге осы мәселені көтермейміз? Инициатива төменнен басталғаны дұрыс емес пе? Айталық, Пекинде өткелі отырған қысқы Олимпиада ойындарына бойкот жариялайық! Мұны Батыс елдері қолдаса, егер АҚШ қолдаса басқалары да қосылады деп ойлаймын, бұл Қытайға абырой әкеле қоймас. Ең болмағанда өшімізді солай алсақ? Бәрібір басқаша қолымыздан не келеді?
Жалпы осы Олимпиаданың өтуіне 2014 жылы Алматы мен Пекин дауысқа түсіп, небәрі төрт дауыспен Пекин жеңіп кетіпті. Ал көптеген елдер бастапқыда қатысқанмен де артынан өз кандидатураларын қайтып алыпты. Мысалы Польша, Украина, Норвегия, Швеция қаржылық қиыншылықтар тудырады деген есеппен жарыстан бас тартқан. Ал Швейцария, Испания, Германия өз елдерінде референдум өткізіп, нәтижесінде халқы қарсы шыққан.
Сонда ақшасы көп, референдум өткізу ойларына да келмеген, халқынан сұрауды да қажет деп таппаған ақымақ үкімет - екі авторитарлық елдің үкіметі болып отыр. Тіпті басқалар оларды әдейі арандатып, артынан жорта жарыс жолынан шығып қалды ма, кім біліпті? Қалай болғанда да бізді құдай сақтапты, әйтпесе нағыз коррупцияның көкесі, ақша жеу осы кездерде жүріп жатар еді.
Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ
"Адырна" ұлттық порталы