Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз

6526
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастауыш сыныбының арасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына арналған «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» атты сурет байқауы өтті.

Байқауға жетпістен астам өзіндік шығармашылық жұмыстар ұсынылды, бұл суреттерде балалардың «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс» тақырыбына көзқарасын көруге болады.

Ұстаз-ұйымдастырушы-кураторлардың айтуы бойынша, ұлы мереке қарсаңында патриоттық сурет байқауы мектептің жақсы дәстүріне айналды. Іс-шара сабақтастықты сақтауға, аға ұрпақ өкілдеріне деген құрметпен қарауға, соғыс ардагерлеріне алғыс белгісін ұсынуға мүмкіндік береді.

2-сынып оқушысы Милана Цой ұлын майданға шығарып салған ананың суретін салған. Милана өзінің шығармашылық жұмысын «Через года, через века. Помните…», деп атады.

- Осы суретті салған кезде әжемнің әңгімелері есіме түсті. Әжемнің аты Вера, ол 84 жаста. Әже әкесі соғысқа аттанған кезде үш жаста болғанын айтты. Бірақ көп уақыт өтпей, қара қағаз келді. Әкесінің түрін ұмытсада, соғыс жылдарындағы сезінген аштық пен жоқшылық әлі есінде. Маған әжем әрқашан осы сөздерді айтып отырады «Біз үшін өз өмірін қиған және осы бейбіт әлемді сыйлаған Ұлы батырларымызды әрдайым құрметтеуіміз керек», деп, - дейді Милана өзінің сұхбатында.

Зияткерлік мектептің 5-сынып оқушысы Рамина Адылхан өзінің үлкен атасы Әбдіғай Джунусовты өз елестеткендей етіп бейнеледі. Өйткені, атасынан тіпті фотосуреттер де сақталған жоқ. Ол соғыстан өкінішке орай оралмай, із-түссіз жоғалып кеткен екен.

- Үлкен атам үйге оралмады. Ол ұрыс далаларында хабарсыз кеткен мыңдаған батырлардың бірі болып қала берді. Ол өзінің өмірін Отан үшін, біздің бақытты болашағымыз үшін берді! Біз үлкен атамызды мақтан тұтамыз және оның есімін әрқашанда жүрегімізде сақтаймыз», - деп өз пікірін Рамина білдірді.

Жалпы тақырыппен біріктірілген шығармашылық жұмыстар бір-бірінен орындау техникасымен ерекшеленді, бірақ олардың әрқайсысында ата-бабаларына деген салтанат пен мақтаныш сезімі байқалды.

Пікірлер