Қостанайда «Қазақтар» қойылды

925

І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушы-драматург Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасының премьерасы өтті. Қоюшы-режиссері – Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов.

Айта кетейік, соңғы жағдайларға байланысты театрға келушілер «Ашық» қосымшасы арқылы ғана кіргізілді. Тұрғындар бағдарламаның ыңғайлы, тиімді екенін айтып жатты.

Сонымен, қойылым басталмай тұрып, режиссерді сөзге тарттық. Тұңғышбай Жаманқұлов таңдаудың неліктен «Қазақтарға» түскенін айтып берді.

«Театр басшысы, өзімнің шәкіртім Әлімхан Мырзахан хабарласып, театр репертуарына ұлтымыздың тарихы, мемлекеттіліктің бастау алған кезеңдері сипатталатын, ата-бабамыздың дәстүрі мен тұрмысын баяндайтын қойылым енгізсек деген ұсынысын жеткізді. Сол сәтте ойыма бірден Қалихан Ысқақ пен Шахимардан Құсайынов жазған «Қазақтар» пьесасы түсті. Мен кезінде бұл шығарманы өзім тапсырыс беріп жаздырып едім. Сондықтан қостанайлық көрерменнің назарына да ұсынайын деп шештім. Жыл басынан бері дайындық жұмыстарында болдық. Келе алмаған сәттерде телефон арқылы хабарласып отырдық. Мен келгенше труппа пьесаның сөздерін жаттап, декорацияны әзірлеп қойған екен. Сол себепті біз бірден сахналық жұмыстарға кірісіп кеттік», - дейді халық әртісі.

Шығарма желісінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың Қазақ хандығын құруы, хандық құру барысында кездескен қиындықтар, Қасым сұлтанның қайыспас қайсарлығы шебер суреттеледі. Драма желісінде Өзбек ханы Мұхамед Шайбанимен екі арада болған жер бөлісу, мемлекеттік құрылымдарды талқыға салып, иемдену сияқты және басқа да мәселелердегі өзара келіспеушіліктер мен қайшылықтар қойылымға арқау болады. Өзбек ханның құрамынан бөлініп шыққан Шайбани ұрпақтары билік тізгінін ешкімге бергісі келмейді. Керей хан мен Мұхаммад Шайбани арасындағы тартыс шығарманың негізгі арқауы.

Керей ханның негізгі мақсаты – ұлт болып ұйысу, жұрт болу.

Сахнада жарқырай көрінген бейненің бірі – Қасым сұлтан. Әрбір сөзі кесекті, ойы мығым, рухы күшті Қасым сұлтан кейіннен Қазақ хандығының ханы болып сайланады. Сахнадағы әрбір кейіпкер өзінше ерекшеленді. Мойынсыз, Қойгелді, Тойгелді, Молда, Ана, Нагира ханум, Михр ханум, Шолпан, Гүлбахор, Дуана сарбаз ерекшеленді.

Шығарманың шарықтау шегінде Шайбанилер билікті дипломатиялық тартыспен алмақшы болады. Алайда Қасым хан Шайбанилерге қарсы табанды күрес жүргізеді. Хан тағында отырып Қасым хан өзінің қалың әскеріне Шайбанилер ұрпақтарына өзінің Қазақ хандығының ханы болғандығын жеткізуді бұйырады. Ежелгі Тұран даласын мәңгіге Қазақтың еншісіне қалдыратынын жеткізеді. Қасым хан таққа отырып, өзінің Қасқа жолына қара халықты шақырумен пьеса түйінделеді. Қазақ хандығынының тарихында «Қасқа жолды Қасым ханның» дәуірі басталады.

Пікірлер
Редакция таңдауы