Аралдың ақжал толқыны

904

(Портрет-эссе)

Сүлейi Сырдың мен едiм,
Серкесi сөздiң сен едiң.
Сөз маржанын сен терiп,
Соңыңнан жырлап келемiн.
Жарты ғасыр жол жүрдiң,
Бөгеннен бүгiнге дейiн.
Аралдың ақжал толқынын,
Ағажан, саған теңейiн...
(Берiк Жүсiповтiң толғауынан)

Балықшының баласы

Бұл журфак жалын ұстатпай қойды. КазГУ-ден тағы да құлап келдiм. Бiздiң балықшылар ауылында бұлжымас дәстүр бар. Оқудан бiр-екi рет жолың болмай, қайтып оралсаң, қолыңа бес құлаш ау берiп, астыңа есiк пен төрдей қара қайық мiнгiзiп, ұлы теңiзге айдайды. Сосын атакәсiбiңмен армансыз айналысасың. Оқуды ұмытасың. Күндердiң күнiнде кеудесiне орден таққан озат балықшы болуың мүмкiн. Журналист болам деген арманың әдiре қалады. Қайта сол арманына жеткен басқа бiреулерге еңбек адамы ретiнде сұхбат берiп тұруың ғажап емес. Онда да балықтың орнына балдыр аулап жүретiн бос белбеу бiреу емес, тәуiр балықшы бола алсаң жақсы. Балықшылыққа о бастан қырым жоқ мен соны ойласам, мазам кетедi. Көршiлес балықшы ауылдарынан шығып, қаламгер болған ағаларымның бәрi менiң идеалым. Солардан артық бақытты жан жоқ секiлдi көрiнедi. Жазуға қабiлеттiлiгiнiң арқасында балықшы ауылдарынан шығандап шығып кеткен ағаларымның бәрi дүниенi дүрiлдетiп тұр. Әбдiжәмiл Нұрпейiсов, Абдул-Хамид Мархабаев, Молдахмет Қаназ, Жақау Дәуренбеков, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, Сайлаубай Жұбатыров...

Анталап тұрған ауылдастарыма қырындау қарап, жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап келiп қонған шағын ұшақтан түсiп жатырмын. Жыл сайын оқуға iлiнбей қайтып келетiн маған жұрттың көзi де әбден үйренген секiлдi. Менiмен бiрге мектеп бiтiргендер үшiншi курстың студентi атанып, айдарынан жел есiп, Қаратереңнiң ирек-ирек көшесiнде ойқастап жүр. Ал мен болсам, «Мен де үнсiз қаламын сұрақ берген, Үнсiз мұрнын шұқиды Мұратберген, Туған ауыл дейтұғын тақырыпта, Шығармадан «екi» алып құлап келген» деп жырлаған Есенғалидың кейiпкерi сияқты самсозбын. Ешнәрсеге хошым жоқ. «Жазбадың ба?» дегенде, «Не жазасың...» деп есiнейтiн Мұратбергендей емес, етiм тiрiлеу сияқты едi...
Ауылда көзге күйiк болып жүре бермейiн деп, бұрын өзiм жұмыс iстеген құрылыс бригадасына iлесiп, көршi ауылға тартып кеттiм. Мiне, ендi Қосжар ауылында мектеп салып жатырмыз. Құрылыстың да өз қызығы бар. Жұмысшы жiгiттер шетiнен қу тiлдi. Кәдiмгi теңiз беткей тұрғындарының керiкеткен қыршаңқы мiнезi тiлiнен де, түрiнен де көрiнiп тұрады. Бiр-бiрiн кешке дейiн қалжыңмен қажайды да жүредi. Әсiресе, Жеңсiкбай деген ағамыздың тiлi ащы. Бiрде Қосжарға Арал балық комбинатының құрылыс бөлiмiнен ыздиған жап-жас инженер келдi. Оқуды жаңа бiтiрсе керек, күннiң ыстығына қарамастан шыртиып костюм-шалбар киiп алған. Мойнында алашұбар галстук. Аптаптың астында қылғынып өлейiн деп тұр. Сонысына қарамай бригадирiмiзге дiкең-дiкең етедi. Көкқырсық Нұрмырза цементтен босаған қапты әдейi солай қарап тұрып қақты. Сөйтiп, тоңмойын инженердiң тұрпайы қылығына ептеп қана әлеуметтiк қарсылық көрсеттi.
– Оқыған итке дауа жоқ, – деп күрсiндi бiр ағам. Жыл сайын оқудан құлап келiп жүрген менiң басым салбырап кеттi. Сол кезде қасына Нұрмырзаны алып, науадағы балшықты кетпенмен араластырып, илеп жатқан Жеңсiкбай ағам аса бiр қапалы дауыспен былай дедi:

– Мен мектеп бiтiргелi мiне, пәленбай жыл өтiптi. Оқығанымда, бүгiнде министрдiң орынбасары болатын едiм. Әйтеуiр сонша уақыттан берi бiр өсем ғой. Ендi мiне оқымағанның кесiрiнен бiр науаны екi адам басқарып тұрмыз...
Нұрмырза кетпенiн лақтырып жiберiп, жатып алып күлдi. Өзi де демалуға сылтау таппай тұрса керек.

Күлуiн күлсек те, әрқайсымыз әртүрлi ойға кеттiк. Уақыт зырлап өтiп барады. Журналист болам деген үмiтiм жiңiшкере бастады. Соны ойлап ұнжырғам түседi. «Сол оқуыңа түсiп, ертерек қараңды батырғаның жақсы едi, – дейдi Нұрмырза. – Бәрiбiр қара жұмыс iстеп, қарық қылатын адамға ұқсамайсың». Осындай сөздi естiген соң, одан сайын еңсем езiледi.
Өстiп қамығып отырғаныңда, құрылыстың басына газет-журнал келедi. Көсеумен қозғаған қоламта секiлдi кеудеңде қайтадан от тұтанады. Жалғыз мен емес, газеттiң келгенiне бәрi де қуанады. Бұлардың қай-қайсысы да жұмысшы демесең, Қаратереңнiң ауылдық кiтапханасының бар кiтабын оқып тауысқан кiсiлер. Жалпы, бiздiң ауыл – оқу өтiп кеткен ауыл.
Ертерек жеткенiмiз алдымен «Лениншiл жасқа» тап беремiз. Бұл жастар басылымының жұтынып тұрған кезi. Тақырыпты ойнатып тұрып қояды. Етектей газеттi қарап отырған Ерсейiт деген ағамыз керемет жаңалық айтты. Айтқаны ол үшiн әншейiн ғана нәрсе болғанымен, журфакка барам деп жанығып жүрген мен үшiн аса маңызды едi. «Мынау Қуаныш Жиенбаев деген Бөгеннiң жiгiтi ғой, – дедi газеттегi әлдебiр мақалаға көз салып. – Баяғыда мектепте оқып жүрген кезде, аудандық газетке жарысып мақала жазатын едiк. Қазiр қайдам, бiздi танымайтын да шығар...».
– Қалай, сонда кәдiмгi «Лениншiл жастағы» Қуаныш Жиенбаев мына тұрған Бөгендiкi ме? – дедiм жұлып алғандай.
– Иә деймiн. Бөген болғанда да, анау Көнебөгеннен... Сол ауылда тұратын балықшының баласы.

Бұл газеттiң барлық журналистерiнiң аты-жөнiн жатқа бiлетiн едiк. «Лениншiл жастың» қызметкерлерiнiң әрқайсысы «Қайраттың» футболшыларындай танымал. Сол марғасқалардың бiрiнiң дарияның арғы бетiндегi Бөгеннен болып шығуы маған қатты әсер еттi.

Бөген – бiздiң Қаратереңге қарағанда, қай жағынан да iлгерiлеу тұратын ауыл. Баяғыда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында «Волга бойында аштықтан бұралып жатқан қарттар мен балаларға азық керек» деп Ленин көкем арнайы хат жазғанда, бар шаруасын жинап қойып, бiр кiсiдей жұмылып, бiр күнде он төрт вагон балық жөнелткен бөгендiктер тарихтың жылнамасына жазылған. Бұл оқиға анау-мынауға елеңдей бермейтiн сырбаз да кербез классигiмiз Fабит Мүсiреповтiң «Жиырма төрт сағатта» деген әңгiмесiне арқау болған. Бөген – сегiз жасында түйеден құлап мертiгiп, өмiр бойы төсекке таңылып жатса да, өз бетiнше бiлiм алып, тынбай еңбектенген қайсар қаламгер Зейнолла Шүкiровтiң кiндiк қаны тамған жер. Талайды таңғалдырған ерлiгi үшiн ел-жұрты ауылдағы екi қабатты зәулiм мектептi бастауыш класты да бiтiрмеген Зейнолланың атымен атаған. Өрiмдей жас кезiнде «Алыстағы аралдарымен» елдi дүр еткiзiп, тып-тыныш жүрген талай баланы теңiзге қарай өргiзген Сайлаубай Жұбатыров та осы елдi мекеннiң тумасы едi. Ол аз десең, теңiзден терген маржаны кеудесiне Алтын жұлдыз боп қонған, мұрты таудай балықшы Төлеген Әлiмбетов те сол Бөгеннiң перзентi болатын. Осындай ауылдан Қуаныш секiлдi «Лениншiл жастың» бетiн бермей тұрған алымды журналистiң, қарымды жазушының шығуы заңды секiлдi көрiндi.

Бөгендей болмағанмен, бiздiң Қаратереңнiң де өзiне жететiн атақ-абыройы баршылық. Балықты ешкiмнен кем ауламаймыз. Тiптi Бөгенге қарағанда дарияның теңiзге құяр тұсына жақынырақ болған соң, тереңнен тiнтемiз. Ленин атам балықты бiзден емес, Бөгеннен сұрады. Сұраса, он төрт емес, жиырма төрт вагон жiберер едiк. Лениндей әлемге әйгiлi болмаса да, атақ-даңқы жер жаратын атақты украин ақыны Тарас Шевченко бiр кезде айдалып келiп, бiздiң Қаратереңнiң құмында жортып жүрiптi. Су жаңа киiммен қанша аунасаң да үстiңнен сусып түсетiн, қылаудай дақ түсiрмейтiн шеге құмға Тарас көкем табанын армансыз қыздырыпты. Қуғын-сүргiнде көңiл-күйiнiң бұзылып жүргенiне қарамастан ауылдың шетiне ағаш отырғызыпты. Соған қуанғаннан бiз сол кiсiнiң атын орта мектепке бере салыппыз.

Ауды жағалаудан аулағырақ барып салып, сары сазанды күнде олжалап жүрсек те, ауылдың маңдайына бiткен бiрде-бiр Еңбек ерiмiз жоқ. Ал Бөгенде бар. Қаратереңнен Шәкiрат және Шәкiзат Дәрмағамбетовтер, Бегiмбай Ұзақбаев деген белгiлi журналистер шыққан. Олардың бәрi де Қызылордада қызмет iстейдi. Ал бөгендiк журналистер шетiнен Алматыда тұрады. Бөгеннiң Толыбай Абылаев деген кәсiби ақыны бар. Ал бiздiң Қаратерең ақын жағынан ұятты (Ол кезде бүгінгі Сыр елі мен Қыр еліне танымал арқалы ақынымыз Талғат Тілеулесов әлі өсіп-жетіле қойған жоқ-ты. Сірә, сөмкесіндегі кітап-дәптеріне қосып, нан-шекері мен кәмпит-пешенейін салып алып, қолы тигенде мектепке барып жүрген кезі-ау деймін). Сондықтан осы Бөген ауылы қаламгерлерiнiң жазғаны қоюырақ, бiр несiбесi артығырақ секiлдi көрiнетiн. Жас қаламгер ретiнде есiмi жиi аталып жүрген Қуаныш Жиенбаев та маған сол Бөгеннiң бiр артықшылығындай көрiндi де тұрды.

Бiр адамның бастығы

Келер жылы оқуға түстiм. Бiрер айдан соң Қуаныш Жиенбаевты iздеп, «Лениншiл жасқа» келдiм. Құр бармай, бiр мақала жазып әкелгем. Ақсары, ашаң жiгiт екен. Күлiмсiреп қарсы алды. Iлби басып, именiп кiргем. Жүзiнiң жылы екенiн көрген соң, ептеп тiлiм шыға бастады.

– Аға, мен сiздiң жолыңызды қуып... Қаратереңнiң баласы едiм. Журфакқа биыл түстiм. Жазғандарыңыздың бәрiн де оқып жүрмiн... Бiздiң ауылдағы Ерсейiт бар ғой... сол сiздi таниды екен. Жалпы, сiздi бiздiң Қаратереңнiң бәрi бiледi...

Қажет нәрсенi де, қажет емес нәрсенi де сеңдей сапырылыстырып, соғып отырмын. Ол күлдi.
– Жарайды, дұрыс... Мына мақалаңды... жарамаса да шығарам, – дедi содан соң. Әншейiн айта салған шығар деп ойладым. Бiрақ ертеңiнде газеттi қарасам, бiрiншi бетiнде тұр! Бұл «Iске сәт, ихтиологтар!» деген репортаж едi. Сiрә, «Нөмiрге репортаж» деген күнделiктi айдарға орайласа кетсе керек. Бiрiншi курстың баласына бұдан артық бақыт бар ма? Осыдан кейiн мен редакцияға жиi келетiн болдым. «Лениншiл жастағы» басқа да ағаларыммен жақынырақ араластым. Сөйтiп, бесiншi курста оқып жүргенiмде, осы басылымға қызметке шақырылдым. Тура Қуаныш ағам басқаратын бөлiмге келдiм. Сөйтiп, дарияның екi жағына қоңсы қонған балықшылар ауылының екi баласы бiр бөлмеде отырып қызмет iстедiк. Ол кiсi бөлiм меңгерушiсi, мен болсам тiлшiмiн. Ауылдан келген бiздiң әкей газет редакциясының осы бiр құрылымына түк түсiнбей, басын шайқаумен болды.

– Мен ғой, оқымаған адам болсам да ауылда бригадирмiн. Қарамағымда он-он бес адам бар. Әлгiлердi қалағанымша жусатып, өргiземiн. Айналайын, Қуаныш-ау, мектепте он жыл, университетте бес жыл оқығанда, жеткен жерiң бiздiң баланың бастығы ма?!

Қуаныш ағам iшек-сiлесi қатып күледi. Кейiн сол бөлiмге мен басшы болғанда, әкейдiң «Зав. отдел» дегенiң әлгi бiр адамның бастығы ма?» деп қомсынғаны бар.

Бiрақ сол бiр адамның бастығы маған көп нәрсе үйреттi. Менi жеделдiкке баулыды. Бiздiң студент кезiмiзде жазған ағайынды сегiз механизатор жiгiт туралы «Сегiз тұлпар ерттеген сегiз сұңқар» атты очеркiн оқып, мұндай соқталы дүниенi бiр ай бойы әзiрлейтiн шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, Қуаныш ағам кез келген очеркiн бiр отырғанда жазып тастайды екен. Ол газетке ұсынатын дүниелерiн үнемi жұмыс үстiнде жазады. Бастаған дүниесiн тез бiтiредi. «Арлының алақаны ыстық», «Теңiздей тербелген тағдыр» деген сүбелi дүниелерiн менiң көз алдымда отырып бастап, екi-үш сағатта аяқтап шықты.

«Лениншiл жастың» бөлiм меңгерушiлерiнiң бәрi де терезе жақта, ал тiлшiлерi есiкке тақау отырады. Мұндағы қалыптасқан дәстүр бойынша, бөлiм меңгерушiсiнiң бос тұрған орындығына тiлшi ешқашан отырмайды. Бұл дағдыны кiм орнатқаны белгiсiз. Өзiң өсiп-жетiлiп, сол орынға жайғасқанша жоламауға тиiссiң. Бiр жағынан бұл бөлiм меңгерушiсi қызметiнiң қадiр-қасиетiн арттыратын үрдiс секiлдi едi. Шынында да бөлiм меңгерушiлiкке, яғни әлгi бiздiң әкей айтқандай, бiр адамның бастықтығына журналист көп еңбек сiңiрiп барып қол жеткiзедi. Қаншама очерк жазады, қаншама жердi шарлайды. Елге әбден танымал болған кезде, бөлiмнiң тiзгiнiн қолға алады. Оны айтасың, бұл қызметке тағайындалар алдында арнайы барып, кiшi ЦеКаның батасын алып келедi. Ал сол тұстағы «бiр адамның бастықтарының» кiмдер екенiн қараңыз. Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Несiп Жүнiсбаев, Өтеген Оралбаев, Саттар Сапарбеков, Жұмагүл Солтиева, Нұрлытай Үркімбай, Жұмабай Шаштайұлы, Ертай Айғалиев, Қасым Әзімхан... Ал сол бастықтардың қарамағындағы «бiр адамдар» да осал болған жоқ. Қонысбек Ботбай, Әдiлғазы Қайырбеков, Қайнар Олжай, Дүрәлi Дүйсебай, Баян Болатханова, Алма Мұхамеджанова, Сапарбай Парманқұл, Серік Рәсілов, Қыдырбек Рысбеков, Әнуарбек Әуелбек және басқаларды «бiр адамның бастықтары» жеке-жеке баптап жатты.

Қуаныш ағам да сол төрдегi орнында отырып, терезеден көкбазар жаққа көз тастап, сәл ойланып алады да, бұрқыратып жаза жөнеледi. Қатты қызығам. Мен де сөйтiп өндiре сiлтегiм келедi. Жазуына қарасам, түк түсiнбеймiн. Жыбырлаған бiрдеңе... Содан Қуаныш ағама елiктеп, мен де бiр жыбырлатып жазып көрейiн. Жыбырлауын жыбырлайды, бiрақ өнбейдi. Сөйтiп, өгiзаяңмен жүрiп-ақ, ол кiсiнiң тәжiрибесiн үйрене бастадық.

Бұрын секретариатта қызмет iстегендiктен, кейде арнаулы беттердiң макетiн өзi сызады. Ұсынылған мақалалардың басылым бетiндегi келбетiн әп-сәтте ажарландырып жiбередi.
Тақырыпты тартымды етiп қоюға бейiмдедi. Жалпы, оқырманды шақырып тұратын тақырып табу – «Лениншiл жастың» қашаннан қалыптасқан үрдiстерiнiң бiрi. Бердiқұлов енгiзген дәстүр. Қуаныш аға да осы қағиданы қатаң ұстанады. Ұсынған тақырыбың ұнамаса, ортан белiнен бiр сызады. Қуаныш Жиенбайдың тақырып қоюға шеберлiгiн көркем шығармаларының атауынан да аңғаруға болар едi. «Жалғыз желкен», «Теңiздегi бiр тамшы», «Паромшының портретi», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Бiр машина ақ кiрпiш», «Жер сiлкiнiсiнен бiр жұма бұрын», «Ән салуға әлi ерте»... Осылай жалғасып кете бередi. Тақырыптары оқырманды елең еткiзедi. Бiрден оқуға жетелейдi. Бұл да оның талай жыл қорғасын әрiптiң уын жұтып, газетте қызмет iстегенiнiң жемiсi.

Бiз осының бәрiнен тәлiм алдық. «Бiр адамның бастығы» менi ғана емес, басқаларды да баулыды. Қуаныш Жиенбайдың әр жылдарда басқарған «бiр адамдары» – Қайнар Олжай, Серiк Рәсiлов, Гүлзия Пiрәлиева, Мұхтар Наушабаевтар елге белгiлi қаламгерлерге айналды. Бүгiнде қазақ журналистикасы мен әдебиетiнiң алтын дiңгегiн бiр кездегi «бiр адамның бастықтары» мығым ұстап тұр.
Қуаныш ағам әзіл-қалжыңға да епті. Әсіресе құрдасы Қасым Әзімхан екеуінің сөз қағысқандары керемет. Бірде Қуаныш аға сабағынан үзіліп түскен әлдебір жалғыз жапырақты үстелінің үстіндегі стақанға салып, су құйып қойыпты. Соны көрген Қасағаң: «Өй, мынау не?» дейді таңданып. «Не болушы еді? Гүл! Ертең-ақ өсіп кетеді...». «Мынауың өсем дегенше...». «Көресің ғой, саясында отыратын боласың әлі!». Бірақ Қасым ағама жайқалған әсем гүлдердің саясында дамылдаудың сәті түспеді. Екі-үш күннен кейін Қуаныш ағамның жапырағы бір жақта, ыдысы бір жақта жатты. Гүліміз гүл болмады...
Осылайша «бiр адамның бастықтары» күні бойы бітпейтін қаптаған жұмыстың арасында әдемі әзіл мен қазақы қалжыңға да уақыт тапты...

Теңiзбен тамырлас тақырып

Қуаныш Жиенбайдың бүкiл шығармашылық болмыс-бiтiмi теңiз тақырыбын айшықтап көрсетуге негiзделген. Жазған дүниелерi де, қоғамдық iстерi де теңiз төңiрегiнен алыстамайды. Қайда жүрсе де, ми жүйесiнiң бiр мүйiсiнде Арал тұрады.
Бiрде бiр топ жазушы Аралға баратын болып, жолға жиналды. Елiмiздiң Балық шаруашылығы министрi Құдайберген Саржанов республиканың Жоғарғы Кеңесiне депутаттыққа түскелі жатыр екен. Сол кісіге қолдау көрсетпекшіміз. Аралдан шыққан атышулы қаламгер ағаларым бұл жолы жас болсам да, қатарларына менi қосты. Iлгерiде Аралда Құдайберген аға басқарған мекемеде жұмыс iстеген мен бұл ұсынысты қуана құп алдым. Ол кезде қазiргiдей депутат бiткен тiзiм бойынша тiзiлiп барып, Парламент қабырғасына сызылып отыра қалмайды. Жан алысып, жан берiскен майдан болады. Демократияның дүрiлдеп тұрған тұсы. Үш кандидат үш жақтан атой салды. Ана екеуi де осал емес. Бiреуi – облыстық атқару комитетiнiң төрағасы Виталий Брынкин. Екiншiсi – аудандық атқару комитетiнiң төрағасы Әдiлбек Әйiмбетов. Екi қазақ, бiр орыс бiр-бiрiне ежiрейе қарап, додаға кiрiсiп кеп кеттi. Бiз екi топқа бөлiнiп алып, ауыл-ауылды аралаймыз. Елден шыққан жалғыз министрге дауыс беруге шақырамыз. Қуаныш ағамыз екеумiз бiр топтамыз.
Кешке қарай Көнебөген аулына келiп қонғанбыз. Таңертең оянсам, Серiк Байхонов тамағы жыбырлап, темекi iздеп жүр екен. Жерошақтың мойнына түнде кептiрiп қойған бiреудiң бiр тал темекiсiн тауып бердiм. «Осы жас балалардың маған темекi әкеп беруге жарағанын Мүсекең көрмедi-ау», – деп миығынан күлген Секең сыртқа беттедi. Мен де iлесе шықтым. Қуаныш ағам анадай жерде костюмiн желбегей жамылып алып, шашын самалға таратып, аяңдап жүр екен. Серiк Байхонов мырс ете қалды:
– Әне, қарашы сенiң ағаңды... Атақты жазушылар анда-санда ауылдарына келiп, өстiп жүредi екен дегендi бiр жерден оқыған ғой...
Екеуiнiң тiрлiгi – осы. Бiр-бiрiн тiлi жеткенше қажайды.

Сол жолы қанша тырбанғанымызбен, Құдайберген ағамызды депутаттыққа өткiзе алмай қайттық. Басшыларымен қосыла шапқан Әдiлбек ағам да жеңiлiп қалды. Өлiспей берiспеймiз деп жанталасқан қос қазақты шаң қаптырып, Брынкин депутат атанды. Осы сюжет кейiннен сол кезде абыройы асып тұрған «Тамашаның» талай қойылымына өзек болды. Аралдың екi перзентi де қазiр ел iшiнде балық өсiрумен айналысады. Бұрынғы министр туған ауылы Аманөткелге қайтып оралған. Ал Брынкин қазақ жұртынан әлдеқашан қарасын батырған. Қайран менiң Аралым... Теңiздiң терiстiктен соғатын желi секiлдi кейде өстетiнi де бар...

Жалпы, Қуаныш ағам тек журналистiк дүниелерiне ғана емес, көркем шығармадағы кейiпкерлерiне де ат таңдаудың шеберi. Көбiне-көп шығармасындағы тұлғалардың аты мен заты үйлесiмдi болғанына мән бередi. Бiрде талантты жазушы Жаңабек Шағатаев екеумiз бiздiң «Жас алаштағы» жұмыс бөлмемiзде бiр-бiрiмiздi қалжыңмен қажап отырғанбыз. Жаңабек бiр әңгiменiң ретiнде «Бiз адамдардың бойынан шуақ iздеймiз ғой» деп қалды. Сол-ақ екен бөлiм бастығы Қуаныш ағам елең еттi. Жүзi жайнап, қайта-қайта қағазына шұқшиып, өзiмен-өзi болып кеттi. Алдында тұнжырап, салы суға кетiп отырған. Кейiн бiлдiк, Қуаныш ағам бiр кейiпкер қызының мiнез-құлқына сай ат таба алмай отыр екен. Сөйтiп, ойда-жақта бөлмемiзге бас сұққан Жаңабек сол кейiпкерге Шуақ деп ат қойып кеттi. Оны оншақты күн өткен соң, осы әңгiме «Қазақ әдебиетiнде» жарық көргенде бiр-ақ бiлдiк.


Ол Аралдың адамдарының боямасыз бейнесiн әдебиетке әкелдi. Жазушының әңгiмелерiн оқып отырғанда, теңiздiң ақжал толқындарының жағалауды ұрғаны құлаққа келедi, шуда-шуда шалаңның иiсi шығады, қораның сыртында дөңгеленiп жатқан қабадан көз алдыңа елестейдi. Әрi қарай тереңдей түссең, «Еламан сүйек кеттi деп, елiңе сәлем айта бар» деп кәсiби мақал айтып, қауқылдасып отырған балықшылардың ортасынан бiр-ақ шығасың. Аралдың атпал балықшыларының өмiрi өзгеше бiр әлем. Теңiз жағасында өскендер шетiнен iрi келедi. Жылымнан олжалы оралғандардың күрек тiсi сойдиып, қос бүйiрiн сабалап, теңiзден тапқанын ортаға салып, «бiр маған, бiр саған» деп балық бөлiсiп жатқандары керемет! «Бұл ненiң таласы?» деген сұраулы сөйлем Аралдың кәсiби лексиконында «Балық бөлiсе алмай жатырсыңдар ма?» деп айтылады. Балықшылар балық жеп отырғанда, кәсiби шеберлiктiң көкесiн көрсетедi. Бiр езуiнен балықтың етiн сүңгiтiп жiберiп, екiншi езуiнен лездiң арасында жылан жалағандай етiп сүйегiн шығарып жатқанда, анау-мынау станогыңның өзi жолда қалады. Қуаныш Жиенбайдың ерекшелiгi де Арал адамдарының осындай табиғи тұрпатын шынайы бере бiлетiндiгiнде. Оның әңгiмелерi мен повестерiнiң кейiпкерлерi – Арал аймағында адал еңбегiмен күн көрiп жүрген қарапайым адамдар. Шетiнен жаны сiрi. Шаруаны қолға алса, үлектей жапырады. Қыршаңқы әңгiмеге келгенде, қамшы салдырмайды. Әзiл айтсаң, көтерудей-ақ көтередi. Бiр қарағанда мiнездерi теңiздiң тыншыған сәтiндей момын. Бiрақ намысына тисең, Аралдың кәрiне мiнгенiндей дүлей. Ашуға басса, ат үстiнде тұрған жерiңнен жұлып алады. Кейiптеудiң шеберi Қуаныш мiне, осы адамдардың типтендiрiлген мiнездемесiн жасады. Табанынан су кеткен Аралдың жүйкесi жұқарған жұртының шынайы бейнесiн шығармаларына мөр қып басты. Танымал журналист, белгiлi жазушы атанды. Талай басылымда жемiстi қызмет iстедi.
Ендi бүгiн аралдықтар «Бiр кезде бiр балықшының қайығы бос қалып едi...» деп өкiнбейтiн шығар...

* * *

Әне-міне дегенше қырық жылдан бері қасынан тастамай, туған ағамдай қамқорлығына алып келе жатқан білікті бапкерім, ұлағатты ұстазым, қазақтың қарымды қаламгері Қуаныш Жиенбайдың туған күні де кеп қапты. Жасыңыз құтты болсын, аман-сау жүріңіз, ардақты аға!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер
Редакция таңдауы